Панфилов ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындары туған жердің тазалығын сақтауға белсенді атсалысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауда. Көшелер мен аулаларды тазарту, саябақтар мен қоғамдық орындарды ретке келтіру бағытындағы жұмыстар аудан көлемінде жүйелі түрде жалғасып келеді.
Тазалық – мәдениеттіліктің, тәртіп пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Айналаның таза әрі көрікті болуы ең алдымен өзіміз үшін маңызды. Өйткені таза орта адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, қоғамның дамуына да оң әсер етеді. Сондықтан туған жердің көркеюіне үлес қосу – әр азаматтың ортақ міндеті.
«Таза аула – таза ел» деген ұғымның астарында үлкен мән жатыр. Ауласы таза, айналасы ұқыпты елдің рухани дүниесі де бай болады. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесінде мұның маңызы зор. Себебі тазалықты көріп өскен бала қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғатты аялауды үйренеді. Тазалыққа құштар ұрпақтың жаны да таза, ойы да сергек болары анық.
Бүгінде аудан тұрғындары сенбіліктерге белсене қатысып, көшет отырғызу, арық-атыздарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстарына жұмыла кірісуде. Бұл — елге деген жанашырлықтың, туған жерге деген құрметтің белгісі.
Туған өлкенің тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ іс. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатты қорғау әр адамның күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Сонда ғана біз келер ұрпаққа таза да көркем, гүлденген мекен қалдыра аламыз.
Гауһар МҰҚАТАЙ










