Қазақстан қоғамы соңғы жылдары ауқымды саяси жаңғыру кезеңіне қадам басты. Соның ең маңызды көріністерінің бірі – жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған конституциялық реформалар. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Сондықтан Жаңа Конституцияны ел дамуының жаңа дәуірін айқындайтын тарихи құжат деуге толық негіз бар.
Конституция – кез келген мемлекеттің негізгі заңы, ел өмірінің басты бағдары. Онда мемлекеттің құрылымы, билік тармақтарының қызметі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңа Конституция Қазақстандағы әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Референдум арқылы қабылданған өзгерістердің басты мақсаты – елдегі саяси жүйені демократияландыру, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту. Бұл реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыруға негізделді.
Жаңа Конституция аясында Президент өкілеттілігіне бірқатар шектеулер енгізілді. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметтер мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Бұл шешім биліктегі ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамдағы әділдік қағидатын нығайтуға бағытталды.
Сонымен қатар Парламенттің ықпалы күшейтілді. Мәжіліс депутаттарының бір бөлігінің бірмандатты округтер арқылы сайлануы халық пен депутат арасындағы байланысты нығайтып, ел алдындағы жауапкершілікті арттырды. Енді азаматтар өз аймағынан нақты депутатты таңдап, оның жұмысына тікелей баға бере алады. Бұл – демократиялық қоғам қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Конституциялық реформалардың тағы бір маңызды тұсы – Конституциялық Соттың құрылуы. Бұрынғы Конституциялық Кеңестің орнына келген бұл орган азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа мүмкіндігін ашты. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы бұзылды деп есептесе, Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие болды. Бұл – заң үстемдігін нығайтып, құқықтық мемлекеттің дамуына серпін беретін маңызды өзгеріс.
Адам құқықтарын қорғау мәселесі де Жаңа Конституцияда ерекше назарға алынды. Өлім жазасының толықтай алынып тасталуы – Қазақстанның гуманистік құндылықтарды берік ұстанатынын көрсетеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін арттырып, құқықтық мемлекет ретіндегі ұстанымын айқындай түсті.
Сондай-ақ Конституцияда жер мен табиғи ресурстар халық игілігі екені нақты көрсетілді. Бұл ұлттық байлықтың ел мүддесіне қызмет етуі тиіс екенін білдіреді. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ұлттық ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі де осы реформалардың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру де Жаңа Конституцияның маңызды бағыттарының бірі. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі халықтың саяси белсенділігін арттырып, ел басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашты. Бұл – қоғам пікірінің маңызын арттырып, билік пен бұқара арасындағы байланысты күшейтетін қадам.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституция – жаңа Қазақстанды құру жолындағы берік негіз. Ол қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін орнықтыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Сондықтан Жаңа Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол – жаңарған қоғамның, жаңа саяси мәдениеттің және әділетті мемлекеттің айқын көрінісі. Ендеше, Жаңа Конституция – жаңа қоғамның берік тұғыры десек, артық айтқандық емес.
Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ










