Жуырда Жаркент қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» бір жылдық есеп беру кешіне арналған «Шаттыққа толы бір жыл» атты мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Фан-фар берілумен басталған мерекелік шараны аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Марғұлан Ғалиев пен Мағжан Болысбаев жүргізіп отырды.
«Қарты бар үй-қазыналы, қарты бар ел-ажарлы»,-деп дана халқымыз айтпақшы бұл шара-өмірдің мәнін ұғындыратын, сыйластық пен сағынышқа толы һәм әсерлі шара болды. Іс-шараға аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Римма Аждарқызы Салықова, облыстық «Еңбек ресурстары және белсенді өмір сүру орталығының» мекемесінің басшысы Әсет Оразбекұлы, аудандағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік, қоғамдық және жастар ұйымдарының, БАҚ өкілдері мен орталықтан қызмет алушы қазыналы қарттар қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі Марат Рахымбердіұлы барлық қатысушыларды орталықтың бір жылдық мерейтойымен құттықтап, қазыналы қарттарымыздың аудандық және облыстық байқауларда жеңімпаз атанып, ауданның мәдени-рухани саласына үлес қосқанын, бос уақытын пайдалы іспен айналысуға атсалысып келе жатқан мекемені ашуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға және көптеген игі шараларды ұйымдастыруда белсенділік көрсетіп келе жатқан Ләззат Нүсіпқызы мен Раушан Жамбылбайқызына жергілікті билік атынан ризашылығын білдіріп оларға аудан әкімдігінің «Алғыс хаттарын» салтанатты жағдайда табыстады.
Марат Рахымбердіұлы орталықтың келушілерге тарлық етуі себепті қаланың Головацкий ауданында орналасқан мәдениет сарайын осы игі іске пайдалану мүмкіндігі барлығын айтып өтті. Бірақ ауданның елді мекендерінен тек таксимен немесе жеке көліктерімен әрең келетін қарт адамдар үшін қаланың бас жағындағы ғимаратқа бару қиындық туғызуы мүмкін. Сол себепті қаланың орталығына жақын аумақтан жаңа һәм кең ғимарат салуды қарастырған жөн сияқты.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде қазіргі күні 420 адам тіркелген, күнделікті орта есеппен 140 адам түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатысып, сан алуан қызмет түрлерін алып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Орталықтың негізгі мақсаты-зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту олардың физикалық және психологиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сапасын арттыру болып табылады.
Раушан Жамбылбайқызы бір жыл ішінде орталықта көптеген мәдени-концерттік, спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылып, аға буын өкілдерінің бос уақытта белсенді өмір сүруіне зор мүмкіндіктер жасалғанын және бүгінде орталықтың-шаттық пен бірліктің, сыйластық пен мәдени-рухани демалыстың алтын ордасына айналғанын баяндады.

Сөйлеушілер Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Римма Аждарқызы мен облыстық «Еңбек ресурстары және белсенді өмір сүру орталығы» мекемесінің басшысы Әсет Оразбекұлы Жаркенттегі орталықтың облысқа үлгі боларлық ілкімді істерді тындырып жатқанына өз ризашылықтарын білдіріп, орталықты ашуға ерен еңбек сіңірген Ләззат Нүсіпқызы мен Раушан Жамбылбайқызына және іс-шараларға белсене қатысып келе жатқан қазыналы қарттарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Гүлжан Чайғораева орталыққа ғимаратты тегін беріп, қызметкерлерге мүмкіндігінше өз қалтасынан айлық жалақыларын төлеп отырған, қазыналы қарттардың лайықты демалуына қажетті жағдайды жасап отырған Ләззат Нүсіпқызының ерен еңбегін лайықты деңгейде бағалау мен жан-жақты қолдау көрсету керектігіне тоқталып өткені өте орынды пікір болды.
Келесі кезекте аудандық, облыстық өнер байқауларында жетістікке жетіп, ауданның абыройын асқақтатып жүрген қазыналы қарттарға Жетісу облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы ММ-сі басшысының, аудан әкімінің, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының, «Қоғамдық келісім» мекемесінің және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі ММ-нің «Алғыс хаттарын» салтанатты жағдайда табыстау рәсімі өтті. Мерекелік шара соңы орталықтың қазыналы қарттары мен көркемөнерпаздардардың мерекелік концертіне ұласты.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ










