Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына байланысты. Заңға құрметпен қарайтын, құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда әділет салтанат құрып, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық орнайды. Ал тұрақтылық бар жерде даму, береке мен бірлік болатыны белгілі. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты бүгінгі Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық ұстанымдардың біріне айналып отыр.
Құқықтық мемлекет құру – тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарағанда ғана елде қоғамдық тәртіп нығая түседі. Заңға бағыну – қорқыныштан емес, азаматтық сана мен мәдениеттің жоғары деңгейінен туындауы тиіс.
Тәрбие мен тәртіптің бастауы – отбасы. Баланың бойына адалдық, әділдік, адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер ең алдымен ата-ананың тәрбиесі арқылы дариды. Кейін бұл тәрбие балабақша мен мектепте жалғасып, тұлғаның азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Егер жас ұрпаққа кішкентайынан заңды құрметтеуді, өзгенің құқығына қол сұқпауды үйрете алсақ, болашақта құқықтық мәдениеті жоғары, саналы қоғам қалыптастырамыз.
Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғам алдында жаңа сын-қатерлер туындауда. Әлемдегі тұрақсыздық, түрлі идеологиялық ағымдардың ықпалы, ақпараттық соғыстар – жастар тәрбиесіне әсер ететін факторлардың бірі. Әсіресе, әлі өмірлік көзқарасы толық қалыптаспаған жастардың түрлі теріс діни ағымдарға еріп кетуі алаңдатарлық мәселе. Сондықтан бүгінгі күні азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және құқықтық мәдениетін көтеру аса маңызды.
Мемлекет пен қоғам құқықтық тәрбиені күшейткен жағдайда ғана құқық бұзушылықтың алдын алуға болады. Заңды білу – әр адамның қауіпсіздігі мен болашағын қорғаудың басты кепілі. Өз құқығын білетін әрі өзгенің құқығын құрметтейтін азамат ешқашан қоғамға қауіп төндірмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Заң мен тәртіп» қағидатының жаңа Конституцияда көрініс табуы – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеріп қана қоймай, заңға құрметпен қарау, тәртіпке бағыну, жауапкершілікті сезіну секілді маңызды құндылықтарды қоғам санасына орнықтыруға ықпал етеді.
Бүгінде құқық қорғау жүйесін жаңғырту – уақыт талабы. Құқық қорғау және күштік құрылымдардың жұмысының ашықтығын арттыру, қызметтерді цифрландыру, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – құқықтық тәртіпті нығайтудың тиімді жолы. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, әсіресе жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жандандыру өте маңызды.
Қазіргі қоғамдағы «тәртіп» ұғымының аясы кеңейді. Бұрын тәртіп дегенде қоғамдық орындардағы мінез-құлық пен заңға бағыну түсінілсе, бүгінде цифрлық кеңістіктегі мәдениет те осы ұғымның бір бөлігіне айналды. Интернет пен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігі болғандықтан, ондағы әрекеттер де заң аясында болуы қажет.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату, кибербуллинг, алаяқтық, ар-намысқа тиетін сөздер айту секілді құқық бұзушылықтар көбейіп келеді. Мұндай әрекеттер қоғамның ішкі тұрақтылығына кері әсер етіп, адамдар арасындағы сенімге сызат түсіреді. Сондықтан әрбір азамат ақпараттық жауапкершілік пен цифрлық мәдениетті сақтаудың маңызын терең түсінуі тиіс.
Цифрлық мәдениет – қазіргі заманның басты талаптарының бірі. Әлеуметтік желіде жазылған әрбір пікір, таратылған әрбір ақпарат үлкен жауапкершілікті талап етеді. Заңды құрметтеу тек нақты өмірде ғана емес, виртуалды кеңістікте де сақталуы қажет.
Шын мәнінде, заң үстемдігі орнаған мемлекет қана өркениетті қоғам қалыптастыра алады. Әділеттілік салтанат құрған жерде халықтың мемлекетке деген сенімі артып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашылады. Заңға сүйенген қоғамда адам құқығы қорғалып, бейбіт өмір мен тұрақтылық нығая түседі.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты – тек мемлекеттік бағдарлама немесе ресми ұстаным ғана емес, ол әрбір азаматтың өмірлік қағидасына айналуы тиіс. Әр адам өз ісіне адал болып, заң талаптарын сақтап, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінгенде ғана елімізде әділетті әрі қауіпсіз қоғам орнайды.
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ










