1 маусым – күллі әлем балғын бүлдіршіндердің шат күлкісіне бөленетін ерекше мереке. Бұл күн – балаларға деген мейірім мен қамқорлықтың, олардың жарқын болашағына деген сенімнің белгісі. Халықаралық балаларды қорғау күні – тек мерекелік дата ғана емес, өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселесіне қоғам назарын аудартатын маңызды күн.
Расымен де, бала – әр шаңырақтың шаттығы, әр отбасының бақыты. Ата-ана үшін перзентінің аман-есен өсіп, елге пайдалы азамат болуы – өмірдегі ең үлкен арман. Ал мемлекет үшін балалар – болашақтың тірегі, ел ертеңінің иесі. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі қай кезде де қоғамның басты міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Жаздың алғашқы күнімен қатар келетін бұл мерекені балалар асыға күтеді. Себебі дәл осы күні олардың жүзінен ерекше қуаныш, жүрегінен балалық бақыттың лебі сезіледі. Түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйланады. Бұл – балаларға деген құрмет пен қамқорлықтың айқын көрінісі.
Бүгінде қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру, олардың рухани дүниесін байыту. Осы орайда кітапханалардың да атқарар рөлі ерекше. Кітап – баланың ой-өрісін дамытып, қиялын кеңейтетін, білімге жетелейтін ең сенімді құрал.
Осы мерекеге орай Головацкий кітапханасында «Ертегілер еліне саяхат» атты танымдық шара ұйымдастырылып, оған кішкентай бүлдіршіндер қатысты. Балалар кітап әлемімен танысып, қызықты ертегілер мен тағылымды әңгімелер тыңдады. Кітапхана қызметкерлері балаларға жаңадан келіп түскен кітаптарды таныстырып, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға күш салды.
Шара барысында балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ақын Бағдат Айтмұқаеваның «Құмырсқалар тізбегі», «Дос қадірі» атты шағын әңгімелері оқылып, бүлдіршіндерге достықтың, татулықтың, еңбекқорлықтың маңызы түсіндірілді. Мұндай тәрбиелік мәні зор шығармалар баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, жақсылыққа баулиды.
Кездесу соңында кітапханашы бүлдіршіндерге ақжарма тілегін арнап, кітаптың адам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.
– «Балалар, сендер – біздің болашағымызсыңдар. Сондықтан кітаппен дос болып, үнемі ізденіп жүріңдер. Білімді, тәрбиелі ұрпақ қана еліміздің дамуына үлес қоса алады. Болашақтарың жарқын болсын!» – деген жүрекжарды тілегі балаларға ерекше әсер сыйлады.
Шынында да, кітап оқуға құштар, білімге ынтық ұрпақ – елдің ертеңгі сенімі. Саналы тәрбие мен сапалы білім алған бала ғана қоғамның дамуына үлес қоса алады. Сондықтан әрбір ата-ана мен ұстаздың, қоғамның басты мақсаты – балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету.
Балалардың күлкісі – өмірдің сәні. Олардың жарқын болашағы үшін жасалған әрбір игі іс – ел ертеңіне салынған инвестиция. Ендеше, барша бүлдіршіндерді төл мерекесімен құттықтай отырып, оларға ашық аспан, баянды бақыт, мол қуаныш тілейміз. Әр баланың арманы орындалып, болашағы нұрлы болсын!
Маржан РАМАЗАНОВА










