Қазір Қазақстандағы ірі құрылыс обектілері арасында 13 арнайы экономикалық аймақ ерекше орын алса, солардың екеуі Панфилов ауданында шекара маңына орналасқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің қыркүйек айындағы Жолдауында осы арнайы экономикалық аймақтар жөнінде айтылып, олардың қызыметін принципті жаңа бағытта ұйымдастырып, дамытудың жолдары да атап көрсетілді.
«Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құрамындағы 129 гектар аумаққа салынған «Құрғақ порт» айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Бұл жоба бүгінде Қазақстанның экономикалық күре тамырына айналды. Құрғақ айлаққа Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осынша темір жол желісі тартылып, соңғы бірнеше жылдан бері көрші елмен жүк алмасуда. 2013 жылы салынған «Құрғақ порттағы» екі ел арасындағы жүк алмасудың негізгі басқарушы операторы – «KTZE-Khorgos Gateway» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Соңғы алты айда ғана бұл айлақта 4,2 миллиард теңгенің қызыметі жасалған.
Сол сияқты бұл аймақта Құрғақ айлақпен жапсарластырып 225 гектар аумаққа логистикалық орталық жасалып, ондағы қоймаларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа аттандырылатын болады. Сонымен қатар 224 гектар жерге индустриалдық аймақ орналасқан. Онда салынған алғашқы өндіріс орындары іске кірісті. Яғни бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өркендеуіне де жол ашты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жалпы бірнеше кезеңдерге бөлініп атқарылып, бірнеше жылға созылады. Анығырақ айтқанда мұнда қазір де сан салалы құрылыстар жүзеге асырылуда.
Жақында «Құрғақ порттың» екінші жүк өңдеу кезеңі іске қосылды. Бұған дейін айлақтан күн сайын жүк тиелген 8-9 пойыз аттандырылса, енді бұл көрсеткіш екі есе өсіп, күн сайын айлақтан жүк контейнерлері тиелген 18-19 пойыз сан тарапқа жол тартуда. Олардың ҚХР тарапынан өткізілген контейнерлерге тиелген жүктердің басым бөлігі Орталық Азия мен парсы шығанағы арқылы Еуропаға, тағы басқа да шалғай шет елдерге қысқа мерзімде жеткізіледі. Солардың қатарында «Hewiett Pacard», «Toyota», «DHL» тағы басқа да әлемге танымал көптеген компаниялар өз тауарларын осы жерден Орталық Азия мен Батыс Еуропаға таратуда. Бұлар негізінен әлем елдеріне озық үлгідегі жеңіл, ауыр автокөліктер, басқа да құрылғылар сататынын отандастарымыз жақсы біледі.
Екінші кезеңнің іске қосылып, жүк тасымалын екі есе арттыруы «Құрғақ айлақ» қызыметінің шегі емес. Болашақта бұл кәсіпорын пойыздарға жүк тиеу жұмысын бірнеше есеге арттыратыны белгілі. Яғни, ел берекесіне еселеп табыс әкелетіні сөзсіз.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ