Соңғы уақытта елімізде бір үрдіс белең алуда. Ол – мешітте некесін қидырған қалыңдықтың күйеу жігіттен мәһірге қымбат сый сұрауы. Оны той мен томалақтан қалмайтын сіз бен біз талай мәрте көріп те, біліп те жүрміз. Алайда жақында ғана Фейсбук әлеуметтік желісінде белгілі жазушы, драматург Сая Қасымбектің мешітте некесін қиғалы жатқан екі жас туралы жазбасы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Жазбада некесі қиылғалы жатқан сәтте молда қалыңдықтан мәһірге не қалайсыз деп сұрағаны, қыздың қымбат көлік сұрағаны, оны естіген күйеу жігіттің «той болмайды» деп орнынан тұрып кеткені баяндалады. Көлікке отырып үлгерген күйеу жігітке «ойнап айтып едім» деген қалыңдықтың сөзін досы жеткізген, сол сәтте жігіт «маған құдайдың үйінде ойнайтын әйел керек емес» деп жауап беріпті. Қоғамда қызығушылық тудырған бұл істі қолдаушылар да, қарсы пікір айтушылар да жетерлік.
Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ханафи мәсхабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Ал 10 дирхамның қазіргі құны қанша? Бұл сауалға ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл былай жауап береді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген (Бәйһақи). Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуа бойынша, алтынның құны Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген 585 сынама бағасымен есептеледі. Бүгінде 585 сынамасы бар алтынның бір граммы ҚР Ұлттық банктің мәліметі бойынша 14 030 теңге тұрады. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһірдің ең аз мөлшері шамамен 60 мың теңгені құрайды», – дейді.
Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков мәһірдің неке шартының бірі екендігін және оның міндетті түрде орындалуы тиіс екенін айтады. «Неке – исламдағы шариғат жолы. Яғни, екі адамның отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп жетілдірудегі шариғаттың шарты. Некесіз үйленуге болмайды, некесіз үйленген адамдардың одағы харам болып есептеледі. Шариғат бойынша екі жас шаңырақ көтерер кезде неке қиылуы тиіс. Некенің бірнеше шарты бар. Бірінші шарты: ерлі-зайыптының осы некеге, бір-біріне ризашылығын білдіруі. Яғни, ер-азамат пен әйел адам «Маған тұрмысқа шығасың ба?», «Саған тұрмысқа шығуға келісемін» сынды сөздер айтып, өзара бұл некеге ризашылығын білдіруі тиіс.
Екінші шарты: неке қиылу кезінде кемінде екі куәгер болуы тиіс. Ол екі адамның екеуі де мұсылман ер адам немесе бір ер адам, екі әйел адам болуы тиіс.
Үшінші шарты: қызға сұраған сыйлығын беру. Шариғатта ол мәһір деп аталады. Осы шарт кейінгі кезде ұмытылып кетті, алайда оны қайтадан қалпына келтіру маңызды. Осы үш шарт міндетті түрде орындалуы тиіс».
Бірақ бұл пікірге қарсы дау айтушылардың қатары да көп.
Нұр-Мүбәрак Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, PhD докторы Мұхан Исахан: «Шариғатта ата-ананың баласы алдындағы міндеттері деген бар. Ол хидана деп аталады. Сол жерде ата-ананың баланы үйлендіруі, үй қылып бөлек шығаруы міндетті емес делінеді. Ал енді қазақтың дәстүрінде бұл керісінше. Баланы аяқтандырып, еншісін беріп, бөлек отау қылып шығарады немесе қара шаңыраққа алып қалады. Бұл біздің дәстүрде міндет сияқты болып кеткен. Бұрындары «он үште отау иесі» деп ерте үйлендіре берген ғой. Сол кезде жас бала қалыңмалды қайдан тауып бере алсын. Ондайда ата-аналары көмектескен. «Жеті жарғы» деген заңда қалыңмалдың категориялары өте көп. Қыздың жасауына салатын бір шолпысының өзі 500 жылқыға бағаланған байлардың сый-сияпаты өз алдына, мәселен, жағдайы жетпегендер үшін «күшік күйеу» деген қалыңмал түрі болған. Бұл қалыңмалдың ең арзан түрі, небары 17 жылқыға бағаланған. Оны төлеу үшін күйеу қайын жұртына барып осы бір үйір жылқының көлеміне тұратын қызмет жасаған екен. Осы секілді мәһір да күйеудің міндеті. Ал егер ата-аналары көмектесіп жатса, әрине құба-құп. Бір сөзбен айтқанда, қалыңмал мен мәһір бір нәрсе», – дейді.
Этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева екі жасқа бір-бірінен сыйлықты молданың дауыстап сұратуы бәрінен бұрын қазақ этикетіне жат деп бағамдайды. «Мәһірдің қазіргі қоғамда маңыздылыққа ие болу себебін қазақи дәстүр тұнығы лайланғанының салдары дейтіндер де бар. «Ерден кетсең де, елден кетпейсің» дейтін қазақ салтында, ажырасуға жол берілмеген ұлтымыздың ғұмыр жолында мәһір дегеннің қажеті де болмаған еді. Қазір бұл үрдістің бәрі кері айналды. Сол себепті де мәһір жайлы түрлі жағдайларды көз көріп жүр. Мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Имамның алдында отырып күйеу жігітінен мәһірге қымбат көлік, үй, сұраған қалыңдықтардың қатарының күрт өсуіне не себеп? Мәһірді саналы қазақ арулары дәл бұлай ойын-күлкіге айналдырмаса керек-ті», – дейді ғалым.
Ахмет ӨМІРЗАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
– Жасыратын несі бар, бізде діншілдер дін таратумен бірге арабтардың киім кию салтына дейін тықпалап әлек болады. Сонымен бірге қазақтың көптеген салттарын да дінге қайшы деп мойындағысы келмейді. Сөйте тұра, арабтың кейбір салттарын қазақ арасына сіңіруге жанталасып жатыр, соның бірі – мәһір. Ол туралы біз бұрын мүлде естімейтін едік, соңғы кезде жиі байқалып қалып жүр. Қазақта ондай жоқ. Ұлтымыздың әдеп-ғұрпында әйелі болғаны үшін күйеуінен сыйақы сұрау – өте ұят тірлік. Өйткені қазақтың ер азаматы әйелдің қажет ететін нәрсесінің бәрін әпереді және оған міндетті де. Сондықтан жаттың салтын орындау қазаққа абырой әпермейтін нәрсе деп есептеймін.
Хасан Аманқұл, ҚМДБ өкілі:
– Мәһір (қалыңдық малы) – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер», – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһірді міндетті түрде беру керек. Келісілген мәһірді бермеу – күнә, бірақ қиылған некесі дұрыс болып саналады.
Қоғамда болып жатқан оқиғаларға уақытылы үн қатып отыратын қаламы жүрдек жазушы Қанат Әбілқайыр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазақ неге осыған дейін мәһірді білмей келді?» деген сауал төңірегіндегі ойын былай деп бөліседі: «Қазақ ежелден-ақ ислам жолын ұстанады. Сөйте тұра неке қияр сәтте қалыңдықтың қалауына берілетін мәһірді білмеуінің себебі неде?
Мәһір деген күйеудің үйленер алдында қалыңдыққа беретін сыйы. Егер әйелге талақ айтылса немесе күйеуі қайтыс болып кетсе, әлгі сыйлық әйелдің келесі қамқоршысын тауып алғанша жанбағысына жететіндей көлемде болуы тиіс.
«Ерден кетсең де, елден кетпейсің» дейтін қазақ салтында ажырасуға жол берілмейді. Жесір қалғанның өзінде күйеуінің бауырлары әмеңгер етеді. Яғни, бұрынғы қазақ үшін мәһірдің қажеті болмаған.
Ал, қазір ше? Әйел ерден де, елден де кетуге құқылы. Әмеңгерлік деген – жабайының тірлігі. Сондықтан, мәһір жайлы ести бастадық».
Мәһір жайлы жастар арасында да түрлі пікір бар. Кейбір жастар «мәһір беру қыздың қадірін арттырып, құнын көтереді. Қалыңдығына қымбат сыйлық берген жігіт те өзінің некесіне жауапкершілікпен қарайды, аялап алған жан-жарын қымбатына балайды» деп санаса, енді бір тобы «некелесе сала қымбат сыйлық сұрау жас шаңырақтың әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Жігіттің жағдайы жақсы болса құба-құп, ал егер күйеу жігіттің жағдайы орташа не төмен болып, тойдың өзін қарызданып-қауғаланып, яки несие алып жасаса ол қалыңдығына уәде еткен қымбат сыйлығын әпергенше қиналып жүреді. Бұл өз кезегінде некенің әлсіреуіне, шаңырақтың шайқалуына соқтыруы мүмкін. Сондықтан да қалыңмалы берілген қызға мәһір беруді міндетті деудің қажеті жоқ. Мешітте неке қиылар кезде де имам алдымен күйеу жігітпен мәһір мәселесін ақылдасып алғаны жөн. Көңіл үшін десек алтын алқа, жүзік, сырға секілді қолжетімді сыйлық берілгені, яғни мәһірдің де діни басқарма бекітіп берген шектеулі құны болғаны дұрыс» деген пікірді ұстанады екен.
Ал белгілі журналист Дәнеш Байболатовтың айтуынша мәһір мәселесінің терең әлеуметтік мәні бар. «Қымбат сыйлық сұрағаны үшін қалыңдығын мешітте қалдырып кеткен жігіт туралы пікір екіге жарылды. Бірі жігітті ақтап, екіншілері қызды жақтап әлек. Бұл оқиғадан екі мәселе көремін. Бірі жалқы, екіншісі жалпы.
Жалқы дегенім, екі адамның арасындағы қарым-қатынас сырт көзге көрінбейтін өте нәзік, кейде өзге түгілі өзіне түсіндіру қиынға соғатын сан алуан күрделі факторлардан тұрады. Бәлкім ол жігіт «ақшама қызықпайтын жарды жолықтырдым ба дегенімде тағы қателестім» деп ашуланған болар? Бәлкім бұған дейін көңіліндегі қалыңдығына деген күмәнінің сыздауығы сол сәтте жарылған шығар?
Мүмкін қыз расымен қалжыңдаймын деп, бармағын тістеген де болар? Болған жайдың себебі мен жауабын сорлаған екеуі де аласұрып іздеп жатқаны анық!
Мұнда екеуінің де өміріне елеулі әсер еткен олардың өздеріне де беймәлім детальдар бар. «Дьявол кроется в деталях» деп бекер айтылмаған.
Екеуінің де жетісіп жүрмегені анық. Сондықтан екеуінің біреуін даттап, екіншісін жақтауды кем дегенде адамгершілікке жатпайтын әрекет деп ойлаймын. Бұл интим мәселесі.
Енді жалпы мәселеге келсек. Бұл даудың триггері, яғни шырпысы я шүріппесі – мәһір болып отыр. Бұл жағдай еліміздегі дін арқылы санамызға араб танымын, ділін сіңірудің, рухани отарлаудың қарқынды жүріп жатқанын, оның салдарын анық байқатады. Қазір елімізде кез келген құбылысты, жаңалықты осындай діни һәм араби таным-түсінік тұрғысында қабылдап, баға беретіндердің саны өсіп келеді. Бұл – қауіпті құбылыс.
Ел билігі жедел әрі батыл түрде саяси-экономикалық өзгерістерге бармаса, оның соңы әлеуметтік дағдарыс пен қақтығысқа апарады. Дәл қазіргі декоративті, косметикалық өзгерістермен елді көпке алдай алмайсың. Ал біздегі әлеуметтік қақтығыстың соңы азамат соғысына ұласуы да бек мүмкін. Себебі наразы топтың өзі бізде идеологиялық, менталитет тұрғысынан біртекті емес. Бізде Грузия, Украинаның сценарийі болмайды. Себебі грузин, украин халқы жалпыұлттық таным, діл тұрғысынан біртекті ұлт. Ал біз рушылдық, жершілдікті, қала қазағы мен дала қазағы деп бөлінгенді былай қойып, енді дін арқылы таралған менталитет, ұлттық таным тұрғысында алауыздыққа ұшырап отырмыз. Ешкімді үрейлендіргім келмейді, бірақ осындай тенденцияның барын елемеу мүмкін емес», – дейді журналист Дәнеш Асқарбекұлы.
Сонымен, біз қалайық, қаламайық, қазіргі жастар мешітте некелері қиылғанда мәһір сұрап, өз қалауларын ашық білдіруде. Қалыңдықтардың дені пәтер, қымбат көлік, бағалы әшекей, соңғы шыққан айфон сұраса, енді біреулері мүмкіндікті пайдаланып шетелге саяхаттауға жұбайларын көндіріп алады. Дұрыста шығар. Жастарға бәрі де жарасады дейді. Алайда біздің ойымыз Баршын мен Құртқаның сіңілісі болатын, Домалақ ананың ізін жалғайтын бүгінгінің келіндері сыйлық деп сыйларын кетіріп, шектен шығып шаңырақтарын шайқап алмаса екен деген тілек қана. Ұлттың қамын жер ұятты ұрпақтың саналы ер мен салиқалы анадан туатынын әсте естен шығармайық…
Материалды әлеуметтік желідегі
жазбалар негізінде әзірлеген Алуа АСҚАР