Жетісу облысында дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау жалғасуда. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамға үлгі боларлық әулеттерді анықтауға бағытталған байқаудың аудандық және қалалық кезеңіне құжаттар 15 маусымға дейін қабылданады.
Бүгінде облыс бойынша конкурсқа қатысуға ниет білдірген 73 отбасы өтінім тапсырған. Биыл байқауды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 9,5 миллион теңге қаржы бөлінген.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – отбасы институтын нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын насихаттауға және қоғамдағы отбасының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Байқауға еңбекпен, біліммен, өнермен, спортпен немесе ғылым саласындағы жетістіктерімен ерекшеленген, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген өнегелі отбасылар қатыса алады.
Сондай-ақ еріктілік, қайырымдылық, меценаттық және тәлімгерлік қызметпен айналысатын азаматтардан құралған еңбек әулеттеріне де басымдық беріледі. Үміткерлер өздерін өздері ұсына алады немесе жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың ұсынысы негізінде қатыса алады.
Дегенмен конкурс талаптарына сәйкес, бұған дейін республикалық кезеңде «Мерейлі отбасы» атағын иеленген отбасылар, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған ұйымдарға қатысы бар азаматтар тұратын отбасылар, сондай-ақ сотталған мүшелері бар отбасылар байқауға қатыстырылмайды.
Ұйымдастырушылар өңір тұрғындарын отбасылық жетістіктерін кеңінен танытуға шақырады. Себебі бұл байқау тек жеңімпазды анықтау ғана емес, қоғамға үлгі болатын әулеттердің тәжірибесін насихаттап, отбасы құндылықтарын дәріптеудің тиімді алаңы болып табылады.
Конкурсқа қатысуға ниетті отбасылар 15 маусымға дейін тұрғылықты жері бойынша аудандық немесе қалалық ішкі саясат бөлімдеріне қажетті құжаттарын қағаз немесе электронды форматта тапсыра алады.










