Ойда жоқта әріптес інім, тарихшы Макенов Абзал ұшыраса кетті. «Асығыссың ғой», – деген сауалыма: «Аға, бүгін тазылардың «Шырға тарту» жарысы бар. Соған асығып барамын», – деді. Таңданған кейіппен: «Ол не?» – дедім ешнәрсеге түсінбей. «Ой, аға, мен қолым бос уақытта таза қанды қазақы тазы баптаумен айналысып жүргеніме бір жылдай уақыт болып қалды емес пе?! Тазы жарысы мен «Шырға тарту» – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі. «Шырға тарту» дегеніміз – тазы иттердің жүйріктігін, аңшылық қабілетін және бапкерлердің шеберлігін көрсететін үрдіс. Осындай ұлттық спорт түрлері жастарды салт-дәстүрді құрметтеуге баулып, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға тәрбиелейді», – деді тәптіштей түсіндіріп. Сосын: «Ауылымыздағы Тұрарқан ағамыз, Еркебұлан Дәулеткелді, Қыстықбек Талант секілді азаматтардың ізіне еріп, қазақы құмай тазыны баптауды үйреніп жүрмін. Баптап жүрген тазы итімнің аты – Азарт», – деді ақжарқын көңілмен.
Сөйтіп, осы бір кездейсоқ кездесуден кейін тазылардың «Шырға тарту» жарысына барып қатысып, Жаркент өңіріндегі таза қанды құмай тазы баптаушылардың жетекшісі әрі ұйымдастырушысы Тұрарқан Абайұлымен сұхбаттасқан едік. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.
– Тұрарқан Абайұлы, қазақ халқы тазыны жеті қазынаның бірі деп қастерлеген. Бүгінгі қоғамда тазының қадір-қасиеті қаншалықты сақталып отыр деп ойлайсыз?
– Мен, осы Жаркент өңіріндегі Тұрпан ауылының тумасымын. Бала жастан тазы бағуға құмар болып өстім. Тазы баптап, аңға шығып жүргеніме биыл, міне, 43 жыл толып отыр. Туған халқымның тазы ұстап, баптап, аңға салу өнерін дамытуға қолымнан келгенше үлес қосып жүрген азаматтардың бірімін.
Ежелден қазақ халқы тазыны жеті қазынаның бірі деп қастерлеп келеді емес пе?! Арғы тарихқа бармай-ақ, өткен ғасырдағы ашаршылық кезеңінде «Бір ауылды бір тазы асыраған» деген сөзді көнекөз қарияларымыздан талай мәрте естіп өстік. Қаншама адамды ажалдан арашалап қалған қасиетін біле тұра, оны қалайша жеті қазынаның бірі демейміз?!
– Таза қанды тазыны қалай тануға болады? Тұқым тазалығын сақтау үшін қандай талаптар мен жұмыстар қажет?
– Біз арнайы оқу оқымасақ та, тазы баптап жүрген 43 жылдық тәжірибеміздің арқасында бір көргеннен-ақ оның қай тұқымға жататынын ажырата аламыз.
Мәселен, «Грей» – ағылшын тазысы, «Тайған» – қырғыздың жүндес тазысы. Ол көбіне таулы өңірге бейімделген. Ал «Русский борзый» – орыс халқының тазысы. Біздің бағып жүргеніміз – нағыз таза қанды қазақы «Шашақ құлақ» тазысы.
Сондай-ақ, әкелінген ұрғашы тазыға қандай еркек тазыны қосуға болатынын немесе болмайтынын, оның таза қанды не қоспа тұқым екенін негізгі белгілеріне қарап бірден анықтай аламыз.
«Шашақ құлақ» тазысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ұрғашы тазының бойы 60-65 сантиметр болса, еркек тазының бойы стандарт бойынша 72 сантиметрге дейін жетеді. Белінің ұзындығы 35-40 сантиметрден аспауы керек. Құйрығы тірсегінен асып тұруы – негізгі белгілерінің бірі.
Сонымен қатар, дене бітімінің тепе-теңдігі сақталуы қажет. Алдыңғы жағы тар, артқы жағы кең немесе керісінше болмағаны жөн. Нағыз таза қанды тазының дене тұрқы құйып қойған кірпіштей жинақы әрі үйлесімді болады.
Тағы бір ерекшелігі – артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан шамамен 3-4 сантиметр биіктеу келеді. Тұмсығы сәл доғалдау, ал құлағы көтеріңкі емес, салбырап тұрғаны дұрыс. Егер құлағы тікірейіп тұрса, онда оның бойында «Грей» немесе «Борзый» тұқымдарының қаны бар деген сөз.
Жалпы, 2004-2005 жылдары қазақы тазылардың өзге тұқымдармен бей-берекет шағылыстырылуы салдарынан тұқым тазалығы едәуір бұзылған болатын. Сондықтан қазір бұл іспен айналысып жүрген азаматтар өте сақ қарайды. Таза тұқымға жатпайтын немесе өзге тазы тұқымдарымен араласқан иттерді жарысқа да, асыл тұқымды топтарға да қоспайды.
Қазақы тазының тұқымын сақтап қалудың басты шарты – оның қан тазалығын сақтау. Ол үшін «Шашақ құлақ» тазыларды өзге тұқымдармен араластырмай, өз ішінде ғана өсіру қажет. Оның өзінде әкесі немесе шешесі жағынан төрт-бес атаға дейін қан жақындығы болмауы тиіс.
– Қан тазалығын қалай анықтайсыздар?
– Тазының қан тазалығын анықтаудың өзіндік тәсілдері бар. Мәселен, біз олардың тістеріне қарап та көп нәрсені аңғара аламыз. Егер тістері түп-түзу болса, онда бұл жұптардың қаны таза деген сөз. Демек, еркек және ұрғашы тазыны бір-біріне қосуға болады.
Ал тістері қисық болып, бір-біріне қайшыласып тұрса, онда оның тегі мен қаны әлі де толық тазаланбаған деген сөз. Мұндай жағдайда олардың арасында бір-екі атадан туыстық байланыс болуы мүмкін. Сондықтан ондай тазыларды бір-бірімен шағылыстыруға болмайды. Міне, осы талаптардың қатаң сақталуы «Шашақ құлақ» қазақы тазыларының таза қанды, асыл тұқымды күйінде сақталуының басты кепілі болып саналады.
Сонымен қатар, тазы иттердің тектілігі мен таза қандылығы селекциялық зерттеулер арқылы анықталып, арнайы құжаттармен рәсімделеді.

Мысалы, менің «Падишах» және «Меңді» атты тазыларымның таза қанды әрі текті тұқым екендігін растайтын арнайы құжаттары мен чиптері бар. «Падишах» қазір бір жас екі айлық. Ал «Меңді» 2024 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық жарыста жеңімпаз атанып, бас жүлдеге тігілген арнайы автокөлікті ұтып алған жүйрік тазы.
Қазір Меңдінің тұқымынан тараған Падишах пен Көкжиек атты тазыларды баптап жүрмін.
Падишах жуырда Шымкент қаласында өткен жарыста жүлделі орынға іліге алмады. Дегенмен сол жарыста ұлттық киім кию байқауына қатысқан немерем Сұлтан Тұрарқан арнайы сертификат пен ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал Алматы қаласында өткен республикалық тазы жарысында Падишах жүлделі 2-ші орынды алды.
– Жетісу облысында тазы өсіру мен баптауға арналған арнайы орталықтың бой көтеруі бұл саланың дамуына қандай мүмкіндік береді?
– Шынын айтсам, Жетісу облысында арнайы орталық ашылғаны жөнінде естімеппін. Егер сондай орталық ашылса, біз сияқты осы саламен ұзақ жылдан бері айналысып жүрген азаматтарды шақырып, хабардар етуі керек еді.
Жалпы, Жетісу өңірінде тазы өсіру мен баптау ісі әзірге аса кең көлемде дамып кетті деп айта алмаймын. Негізінен бұл бағыт біздің Жаркент өңірінде жақсы жолға қойылған.
Міне, өзіңіз көріп тұрғандай, мұнда арнайы бокс орнатылған. Бұл – жарыс кезінде тазыларды бір мезетте жіберуге арналған темір торлы құрылғы. Бір уақытта он тазыны жарысқа қосуға болады. Сондай-ақ ұзындығы бір жарым шақырым болатын арнайы жарыс жолы дайындалған. Жол толық тегістеліп, стандартқа сай белгі тақтайшалары қойылған. Осының барлығын «Жаркент серілері» атты тазы баптаушылар тобы өз қаражатымызға жасадық. Грейдер жалдап, жолды түзеттік. Белгі тақтайшаларын тапсырыспен жасатып, қажетті жабдықтарды орнаттық. Қазіргі таңда «Шырға тарту» жарыстары тұрақты түрде осы алаңда өткізіліп келеді. Бүгін өзіңіз де сондай жарыстың куәсі болып отырсыз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта нақты мемлекеттік қолдау бар ма?
– Иә, қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы тазы мен төбетті ұлттық құндылық ретінде ерекше қолдап келеді. Бұл – өте құптарлық бастама.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазақы тазы тұқымының шамамен 70-80 пайызы сұрыпталып, тазартылды. Соның арқасында бабаларымыздан жеткен асыл тұқымды қазақы тазылар қайтадан қалпына келтіріліп, жүйелі түрде өсіріле бастады. Еліміздің әр өңірінде осы іске жанашыр болып жүрген азаматтар аз емес. Мәселен, Астанадағы «Асыл қазына» және Алматыдағы «Асыл мұра» ұйымдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ал біз Жаркент өңірінде «Жаркент серілері» атты топ құрғанбыз. Болашақта осы топты ресми жергілікті федерация деңгейіне көтерсек деген мақсатымыз бар. Сол арқылы Жаркенттің таза қанды қазақы тазыларын республика көлемінде кеңінен танытып, ұлттық мұрамызды одан әрі дамытуға күш салмақпыз.
Астанадағы Мейрам ініміз бен Алматыдағы Естай бауырымыздың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе Естай қазақы тазыларды ғылыми негізде сұрыптау мен селекциялық жұмыстарға көп үлес қосып жүр. Бұлардан бөлек, ұлттық мұрамызға жанашыр азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінде жеткілікті.
– Тазыны күтіп-баптау, дұрыс азықтандыру және жарысқа не аңшылыққа дайындаудың өзіндік ерекшеліктері қандай?
– Тазыны баптауда ең алдымен оның азығына ерекше мән беру қажет. Көбінесе таза етті пісіріп берген дұрыс. Ал шикі еттен түрлі ауру жұқтырып алуы мүмкін.
Аңға шығар немесе жарысқа қосар алдында ет беруді азайтып, сүт секілді жеңіл сұйық тағамдармен қоректендірген жөн. Сонымен қатар, жататын орны жылы болып, суыққа ұрынбауын үнемі қадағалау қажет.
Ал егер тазыны аңға шығармайтын немесе жарысқа қоспайтын болсаңыз, онда етті молынан беріп, жілік майының жеткілікті болуын қамтамасыз еткен дұрыс.
Жалпы, аңшылық маусымы қазан айында басталып, ақпан айының екінші жартысына дейін жалғасады. Осы аралықта аңға шығатын әрбір тазы өз бабында болуы керек. Сонда ғана ол қыс бойы қоңын жоғалтпай, жақсы жүгіріп, аң алуға қабілетті болады.
Егер жаз бойы тазы әлсіз әрі арық болса, онда қысқы аңшылыққа жарамайды. Сондықтан оны тым семіртіп те, шамадан тыс арықтатып та жібермей, дәл бабында ұстау қажет. Сонда ғана тазы жақсы жүгіріп, аң алады.
– Қансонарда тазымен аңға шығудың қызығы мен қиындығы неде? Есте қалған ерекше бір оқиғаңызбен бөлісе аласыз ба?
– Қансонарға шығудың қызығы ең алдымен өзің баптаған тазының деңгейіне байланысты болады. Оның қызығын сөзбен толық жеткізу қиын.
Абай атамыз:
«Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға» деп бекер айтпаған ғой.
Мен аңшылыққа он төрт жасымнан бастап араластым. Ол кезде үлкен ағаларымызбен бірге жүретінмін. Қазір сол кісілердің көбі өмірден өтті. Сонда қарияларымыз: «Алсаң – түлкі, алмасаң – күлкі» деп әзілдеп отыратын.
Ақ қардың үстінде бұлаңдап қашқан түлкінің тазыны түрлі айламен алдап кеткенін көрудің өзі бір ғанибет. Мұндай сәттерде табиғаттың сұлулығы мен аң-құстың қимыл-қозғалысы ерекше әсер сыйлайды. Ондай көріністер адам жадында ұзақ сақталады.
Енді есімде қалған бір қызықты оқиғаны айтып берейін. Бұл өткен ғасырдың 1988 жылы болатын. Әскерден жаңадан келген кезім. Бір күні ауылдағы тазы баптайтын ағаларым келіп:
– Қонданай жақта бір көкшіл түлкі жүр. Бірнеше жылдан бері қанша тазы салсақ та ұстатпай келеді, – деді.
Менің үлкен ағамның да «Ұшар» деген атақты тазыларының бірі болатын. Сол тазыны бірнеше рет салып көрдік. Бірақ әлгі көкшіл түлкі айласын асырып кететін. Ауылдағы талай жүйрік тазыны алдап құтылып жүрген қу аң еді.
Содан бір күні ойыма бір тәсіл келді. Түлкінің жиі кіретін інін байқап жүретінбіз. Сол іннің ішкі жағына кішкентай қапқа тас толтырып апарып, шамамен бір-екі метр жеріне тығындап қойдым.
Келесі жолы қайтадан тазыларды ертіп аңға шықтық. Түлкі тағы да тазыларды біраз әурелеп, бұрынғы әдетінше ініне қарай тартты.
Артынан қуған «Ұшарды» түрлі айламен артта қалдырды да, інге кіріп кетті. Алайда бұл жолы іннің іші бұрынғыдай бос емес еді. Ішке кірген бойда әлгі тас салынған қапқа тіреліп, әрі өте алмай қалды. Сол сәтте артынан жеткен екінші тазы түлкіні іннен сүйреп сыртқа шығарып алды. Сөйтіп, ауылдың талай тазысына ұстатпай кеткен атақты көкшіл түлкіні ақыры қолға түсірген едік.
– Қазақы тазының өзге тұқымдардан қандай ерекшелігі бар?
– Әр тазының өзіне тән ерекшелігі болады. Мысалы, қырғыздың «Тайған» тазысы денелі әрі жүректі келеді. Жүгірісі қазақы тазыдай жылдам болмаса да, қасқырға түсе береді.
Ал біздің «Шашақ құлақ» қазақы тазыларымыздың дене тұрқы шағындау болғандықтан, жылдамдық жағынан олардан әлдеқайда басым. Дегенмен қасқырға шабуыл жасайтындары сирек кездеседі. Негізінен түлкі, қоян, қарсақ және шибөрі секілді аңдарды жақсы алады.
Ал Шығыс Қазақстан, Семей және Қарағанды өңірлерінде өсірілетін қазақы тазылардың арасында қасқыр алатын өте ірі тұқымдар бар. Бұрын ата-бабаларымыз оларды «Түйе тазы» деп атаған. Қазір «Алпауыт тазы» деген атау жиі қолданылады. Олардың барлығы арнайы сараптамадан өткізіліп, құжаттандырылған. Егер күшіктері сатылатын болса, құжаттарымен бірге беріледі.
Нағыз таза қанды тазы аңға шыққан кезде аттың артында жүрмейді. Көбіне қожайынының алдында жүріп отырады. Кейде 500 метрден бір шақырымға дейін алға озып кетеді. Оның негізгі міндеті – аңның ізін тауып, иесіне бағыт көрсету. Қазақы тазының иісшілдік қасиеті өте жоғары. Ол жаңа із бен ескі ізді бірден ажырата алады. Сондықтан көне ізге түспейді.
Таза қанды тазы аңның жаңа ізіне түскен жағдайда, арада бір сағаттай уақыт өтсе де, қарсы соққан жел оның із табуына айтарлықтай кедергі келтіре алмайды.
Ал ағылшынның грейхаунды мен орыстың борзойында мұндай иісшілдік қасиет жоқтың қасы. Бұл – біздің қазақы «Шашақ құлақ» тазыларына тән ерекше артықшылықтардың бірі.
Тағы бір ерекшелігі – төзімділігі. Көптеген өзге тұқымдағы тазылар бір-екі аң алғаннан кейін шаршап қалады. Тазыны көлікке салып, үйге қайтуға тура келеді. Кей жағдайда келесі күні аңға жарамай қалады.
Ал қазақы таза қанды тазы бір аңмен шектелмейді. Қуаты мен төзімділігі жоғары болғандықтан, бірнеше аң алуға қабілетті. Кейде үш-төрт күн қатарынан аңға салса да шаршамайды. Осы қасиеттерінің арқасында қазақы тазы ежелден аңшылықта жоғары бағаланған.
Тектілігіне келсек, қазақы тазының мінезі де ерекше. Ол ешқашан адамға қарсы шабуыл жасап, орынсыз үрмейді. Қанша аш болса да, тамақ іздеп тіміскілеп жүрмейді. Дастарқан мен ыдыс-аяққа жоламайды. Иесіне өте адал келеді. Міне, мұның бәрі қазақы тазының тектілігін көрсететін қасиеттер.
– Соңғы жылдары тазы жарыстары мен ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық артып келеді. Жастардың тазыға деген ынтасы қандай? Осы ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мені ерекше қуантатыны – еліміздің түкпір-түкпіріндегі қазақ азаматтарының ұлттық қазынамыз саналатын таза қанды қазақы тазыны құрметтеп, қадірлеп, өсіріп жатқандығы.
Бүгінде Қазақстанның барлық өңіріндегі тазы баптаушылар бір-бірімен тығыз байланыста. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы үнемі хабарласып, тәжірибе алмасып отырамыз. Қазақы тазыға қатысты қандай мәселе болса да ортаға салып, ақылдасамыз. Осындай бірлігімізден айрылмасақ, алдағы он жылда бұл саланың бұрынғыдан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін.
Тағы бір қуантатын жағдай – жастардың қызығушылығы. Қазіргі таңда тазы баптаушылардың арасында жастар өте көп. Тіпті мектеп қабырғасындағы жасөспірімдердің өзі бұл іске ерекше ынтамен араласып жүр. Бұл – ұлттық мұрамыздың болашағы бар деген сөз. Сондықтан таза қанды қазақы тазыны өсіру, баптау және оның асыл тұқымын сақтап қалу ісіне бәріміз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Бұл тек тазы баптаушылардың ғана емес, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін әрбір азаматтың ортақ міндеті деп білемін.
Қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрінің бір бөлшегі. Сондықтан оны келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың қасиетті парызымыз.
– Жақсы, Тұрарқан Абайұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге «Жаркент айнасы» газеті оқырмандарының атынан рахмет айтам. Таза қанды тазыларыңыз топ жара берсін. Істеріңіз ілгері бассын.
– Рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, асыл мұраларымыз жаңғырып, қазақы тазының абыройы арта берсін!
Сұхбаттасқан – Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ










