Сейсенбі, 9 Маусым, 2026
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Ақпарат ағыны

Даланың дана билері

8 Маусым, 2026
Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

5
БӨЛІСУ
68
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

Сырттан жау келгенде жалын жолбарыстай күдірейтетін қазақ елінің ішінде, жайшылық заманда түрлі-түрлі тентектер мен телінің, сотқар менен содырдың өкпесін басып, басбұзарлығын тиып, өрескел дау-дамайға жібермейтін, ел ақсақалдарынан кейінгі статусқа ие топ – ол билер еді. Басу айтқан адамға бастықпайтын, ақыл айтқанға алара қарайтын небір жөнсіздердің басын ноқтаға идіріп, жөнге салып тізгіндеп отыратын осы билердің құдыретті ісі болатын. Ханы кетсе де қиындыққа, қайшылыққа толы заманда қарасын ыдыратпай, бірлігін сақтап қалуды ежелден мұрат тұтқан, сол дәстүрден таймаған билердің үлгі аларлық әңгімелері, толғаулары, нақыл сөздері осы заманға дейін жетіп отыр. Көшпелі дала халқының сөзге тоқтайтын салтын ұстанып, қаһарлы жауынан қаймықпаған Төле, Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбек бидің соңынан да әділетке қиянат қылмай кісілік билік айтқан даулескер шешендер шықты. Ата салтты бетке ұстап, бұрынғы көмейлі көне билердің өсиетке айналған шешімдерін көкейлеріне тоқып, көпті білгендігінен ел ішінде сақа би атанғандардың өзі бір шоғыр еді.

Жаркент жерін жайлаған ел ішіндегі билердің от ауызды, орақ тілді саналатын билердің тобын екіге бөліп қарастыруға тура келеді. Алғашқысы, Абылай заманындағы Суан тайпасы кезіндегі, қалмаққа, мәнжуге, «жаудың өтінде, елдің шетінде» тұрып жауласқан, оның соңы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұласқан босқыншылыққа ұшыраған зар-замандағы ел қамын жеп сөйлеген билер. Олар – қалмақтың қырғынынан ауған елмен арқаның төсін қоныстаған, Абылай ханның қосынында болып сөз ұстаған Қараменде би (Д.Раев.), ата жауымен жерінің бүтіндігі, елінің еркіндігі үшін алысқан жанкешті батыр әрі би болған Аққабақ пен Сатай (С. Дәуітов), қалың нөпір қалмақтың шабуылына төтеп бере алмай Сыр бойына сырғыған ел-жұртының бас-аяғын жинап, туған топырағына көшін бастап келген Дәулет би, 1780 жылдары қалмақтардан босатылған ата-мекеніне Ұлы жүз қазақтарының ішіндегі 700 үйлі Байсуанның көшін алып Аягөз маңына ( Н.А. Аристов, И.Т. Андреев) бастап барған Жаңа би, қоңсылас отырып, көршісін шапқан жауының жанын алған қайсар, Суан елінің әрі биі әрі батыры Бөлек (Бөргелтайұлы) билер болатын. Бөлектің кесек мінезді ер болғанын, билер кеңесіндегі ұстанымынан байқағанын Қазыбек би Тауасарұлы (370-бет) жазып кеткен-ді.

Осы қара қылды қақ жарған дала соттарының ел басына нәубет туған кездегі, сол заманның шеңберіндегі ой-толғамдары, түрлі топ ішіндегі, жақсылармен өткен келелі кеңестегі сөз саптаулары жер-жерде ел ішінде сақталса да біздің құлаққа жете қоймады. Қазақ халқының әдет заңдарының сақталуы, солардың ауызекі айтылуы арқылы ел ішінде ұмытылмай қолданысқа кіріп айналымда болуы сол дана билердің арқасы. Олар заман деген ұлы керуен көшінің қиыс кеткен түйесін түзеулеп, қисайған жүгін қамзаулап бағытын бұзбауға ықпал еткен, тура биде туған жоқ қағидасын ұстанған билер еді.

1881 жылдан Жаркент жерінің қазақ даласының құрамына енгізілуі мұндағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының күрт өзгеруіне әкелді. Жат жұрттықтардың билеуіне көшкен халықтың өз ішіндік қарым-қатынасы да басқаша сипат ала бастады. Патшалық өз билігін орнықтыру үшін ел ішінде рулық басқаруды жоюды көздеді. Жергілікті жерді басқаруды өз қолдарында ұстау үшін әлеуметтік-территориялық құрылымды енгізді. Елді бұрыннан қалыптасқан туыстық-ағайындық бірлігіне қарамай болыстықтарға бөліп, басқарушы билікті туғызды. Бұл, жергілікті елдің билігін соларға тапсырдық, оларды демократиялық жолмен халық сайлайды дегендей сыңай танытқан түрі еді. Ақиқатында қазақтардан сайланатын болыстар тек қана әскери келімсектер басқаратын орталық әкімшілік мекемесіне  бағынатын еді. Болыс пен билер сайлау енгізіліп, тектілік тезге түсіп тұралап, жұрт жақсысынан сырт айналып, жұрт іші бүліне бастады. Бұрынғы төрелерге жасалатын сый-құрмет азайып, сары ала шенділердің көңілін табу, солардың шашбауын көтеру сияқты келеңсіз көріністер белең ала бастады. Көненің көріпкелдері айтатын, «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп берген кісілік мінез-құлықтың сипаты ашық көрінетін заман туды.

Қиыс кеткен заманның желісіне желікпей, өтпелі дүниенің өзегінде жүріп адамшылық әдебінен аттамай өткен билердің легі Салпық Ілешұлы, Шәнті Малдыбайұлы, Керімқұл Қожамқұлұлы, Көткеншек Құттыбайұлы, тағы басқа да ел қамын жеген жандардан көрінді. Бұлар аяқ асты жоқ нәрседен дүрдараз болғандарды ықпалымен ығыстырып, табыстырып, кетіспек болған ағайындарды жүйелі сөзімен келістіріп аталы аталы ақылымен сабырсызын сабасына түсіріп өткен келелі кеңестің төріндегі билер санатынан еді.

Мінезі адуынды, айтарын тартынбай айтатын Шәнті биге жолыққан тентектеу бір жігіт жолығып қалып, оғаштау сұрақ қойыпты.

– Ақсақал осы бізге үйдегілер мен жолыққан түздегілер ылғыйда үлкендерді тыңда, солардың айтқанымен жүр деп құлақ-миды жейді. Ал енді олай істемей, ойға келгенді істеп, өзімізбен өзіміз жүріп-тұрсақ қайтеді, – депті. Сонда Шәнті би: «Ақсақалдың айтқанын тыңдамасаң ақымаққа ақың кетеді, Бидің айтқанын тыңдамасаң дүйім жұртқа сыйың кетеді», – деп қайырыпты.

Әлі де көшпелі мал-жанмен етене араласып, біреуі шаруасын мығымдап, шып-шырғасын шығармай баққандар болса, енді бірі қыдырымпаз, ойын-сауық қуып жүреді. Кейбіреулері еріншек, шаруасы шашылып, берекесі кетіп жүретіні бар, бұлар да сол байқампаз билердің назарынан тыс қалмаған. Шәнті биден бір жиында:

– Шәке көп нәрсені көріп жүрсіз осы қандай адамның шаруасы, қанша тырыссада мандымайды, – деп сұраған екен. Би аз-кем ойланып барып:

«Таулы жердің қиясы бітпейді,

Кермек жердің миясы бітпейді,

Еріншектің иәсі бітпейді, ертеңгі істі түске, түскі істі кешке қалдырған еріншектің ісі ілгері баспайды», – деп сыпайылап сипаттама берген екен.

Жадысы мықты ел жақсыларынан қалған аңызға бергісіз әңгімелерді өз құлағымен естіп, айтушыны көзбен көргендей етіп сақтайды. Арада екі-үш ұрпақ алмасса да бүгін айтқандай болып естілетін көңілге қонар әңгімелер сол ел құлағы елулерден жеткен.

Артында айтулы сөзі қалған, арғы бетте елге сыйлы, жұртқа жайлылығымен жер атауына ие болған билердің бірі – Керімқұл Қожамқұлұлы. Бірде алқалы топтың жиыны Керімқұлдың ауылында бидің өз шаңырағында өтіпті. Жақсылар бас қосқан дастархан басында отырған жасы өзімен қатарлас ыңыранған байдың бірі Керімқұлды мұқатпақ болып:

– Керімқұл, әкелерің бәріңнің есімдеріңді құлға байлап қойыпты. Бірақ, бірде-біреуің менің қолыма су құйып құлша қызмет етпедіңдер, бұл қалай? – депті. Керімқұлдың бауырларының есімі Бірімқұл, Оспанқұл екендігін меңзегендей. Не айтпағын түсінген Керімқұл да сол мезетте:

– Жақсылығы өз басынан артылмайтын, екі кісіні қатар қондырмайтын, жұрттан жырылып саяқ қойдай жалғыз отыратын Жырақбай атанғаннан не пайда? Құдайдың адал құлы болып, адамның әділ ұлы болып, абыроймен елге қызмет еткеніміз абзал емес пе? – депті.

Таяқтың бір ұшы өзіне тиерін білмеген Жырақбай сөзден тосылып, үнсіз қалыпты.

Көп жыл ауыл-аймақтың ауызбірлігінің сақталуына дәнекер болған, алпыстан асқан шағында бір отырыста Керімқұл биден:

– Аға айтыңызшы, кедей мен кенейдің көптігі неден? – деп сұрапты. Сонда, би:

Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады.

Қойлы ауылдың кенейінің көптігі содан шығар.

Керенау, қырсық жұрттан, жалқау көп шығады,

Кедейлігі содан шығар, – депті.

Жұрттың ойы жетпей тұрған кемістікті ащы болсада жеріне жеткізе айтып, елді ертеңге ұмсындырған, туралыққа жол нұсқаған осындай билер өткен.

Тумысынан ел бірлігі үшін туған билердің соңына қалдырған өсиетін әдеп тұтуға әдеттенген, көне ғұрыпты ұстанушылардың өкілдері – билер біздің өңірден де көп шыққан. Сондай бидің бірі – Наймантай Байсейітұлы. Би сайлауында үміткер болып сайланып, ара-тұра кейбір билер шеше алмаған дау-шарларды шешіп беріп, ағайынды мақұлдастырып бітістірген елге сөзі өтімді үлкен бидің бірі  екені даусыз. Қазақ қаншама қиындық көріп жүрсе де қыз ұзатып, ұлын үйлеп, келін түсіргенде, шілдехана жасағанда не дүниеден өткен аса сыйлы адамына ас бергенде, ойын-тойларда бәйге ұйымдастырып, сайыс өткізіп, көкпар берген. «Той десе қу бас домалайды» дегендей жан-жақтан ағылған жұрттың міністері жараулы аттар болғасын думан қуған білектілерге көкпар бермеу той иелеріне сын болған. Ат құйрығын шарт түйіп, қазанат мінген қазақтың көкпар ойыны ежелден еншісінде.

Тау бөктерін жайлаған Байтүгей ауылында осындай бір өткен көкалалы тойдан кейін үй иесі көкпар беріпті. Көкпар бередіні естіген алыс-жуықтағы болыстың сен тұр мен атайын деген небір көкпаршылары жиналыпты. Бөктердегі қиядан тауға, одан еңіске қарай тақымдасқан қызу дода басталыпты. Небір қазанат мініп ойқастаған менмен деген жігіттердің өзі ортаға кіріп өкпесі қысылып қайта шыққандай алапат тартыс өтіпті. Бір сәтте қалың көкпаршының арасын қақырата екіге айырып, қосарлана шапқан екі жігіт ортасына серкені салып суырылып шығыпты. Қуғыншы топтан ұзамай-ақ көкпар үшін екеуара тартысқа түсіпті. Енді бірде біреуі сілкіп қалып жұлқи тартқанда, шауып келе жатқан атына күш түсіп сүрініп кетіп, мойны астына қайырыла құлапты. Құлап бара жатқанда көкпарға жармасып құлаған жігіт те аттың астына түсіпті. Бұларды ұзатпай, соңдарынан аттамдай жерде заулап келе жатқан қалың көкпаршы тізгін іркуге үлгермей, топырлаған аттардың тастай тұяқтары жігітті ат-матымен тапалап өтіпті. Абайсыздан қата тиген тұяқтан ажалы жеткен жігіт сол жерде қайтыс болған екен. Елірген жұрттың өкпесі демде басылып, арты қапыда қаза болған марқұмды жоқтауға ұласады. Жұрты жоқтау айтып қайғырып жатқанда қонақ болып отырған сарыбас шенеуніктер іске араласып, кінәліні заңмен жазалауға көшпек болады. Көкпардан қайтыс болған үйдің туыстарына дем беріп, үстемелей бастайды. Істі бұлай бетімен жіберсе насырға шабарын түсінген  болыс пен билер сөзге араласып, шенеуніктерге бұл ауыл ішіндегі жағдай, мұнда қылмыстық ештеңе жоқ, өзіміз шешеміз деп оларды көндіріп жөніне жібереді.

Заманнан келе жатқан қазақ салтында мұндай додада қайтыс болған адамға әдейі қастық жасалмаса көп ешкімге кінә тағылмай, құн сұралмай, бір жазым іс болды деп көп болып көмектесіп, марқұмды жайлы жеріне қондыратын. Бұл көкпардағы өлім жергілікті шенеуніктерге мәлім болғаннан кейін бір адамды жазаға тарттық дегендей іс қылу керек болған-ды. Манағы көкпарды жеке тартқан екі жігіт аталас жақын, туыс болып келеді екен. Белдеріндегі белбеулеріне ораған қоладан соққан билік белгілері (1868 ж. билерге берілетін төсбелгі (Знак) – М.С.) болса да әр ауылдың Назар, Самықжан, Несіпбек, Тойлыбай, Шүкейт билері бас қосып, ақылдаса келе ақырғы кесімді сөзді айтуды өз іштеріндегі Наймантай Байсейітұлына жүктейді. «Ауыл сенікі, ағайын-туыс сенікі, ата жолын ұстанып тура тартсаңда, әділдіктен тайып бұра тартсаңда кесімді сөзді сен айтарсың дейді», – дейді.

Наймантай 3-ші ауылдан сайланған бидің үміткері саналса да көп жағдайда бисізде жораға жүретін, түйінді істерді тез шешетін, сөзге шебер, жасы қырыққа қадам артқан азамат кезі екен. Наймантай бұрынғы кездің алқалы кеңесіндей алқа-қотан отырған билерге алғашқы арнау сөзін бастайды.

«Уа, ағайындар! Алқалы отырыс елдің-жұрттың қуанышын, жақсылығын айтуға емес, баршаның басына түскен ортақ қайғымыз – жас адамның мезгілсіз дүниеден қайтуына жиналып отыр. Қарға тамырлы қазақтығымыз осы емес пе, бар жұрт өксігін өкпесінен шығарып көңіл айтуға жиналып жатыр, – деп, бір тоқтайды. Сілтідей ұйып тынған жұртқа арнаған сөзін Наймантай қайта жалғайды. – Өтпелі өмірге келген жанның кетпек кезеңі жетеді. Ол әркімнің маңдайына тағдырдың жазуынан болады. Атамыз қазақ «тағдырдан озмыш жоқ» дегенді бекер айтпаған. Азаматымыз дүниеден озды, құдай бет алдынан жарылқасын».

Наймантай кереге жағалай отырған жұрттың күбірлесіп дұға жасап, бет сипауы біткесін сөзін қайта бастайды.

«Бейбіт күнде ел шетінде мал қайырып, жау келсе жерін қорғайтын азаматтың көкпарға түспе деп шаужайына жармаспас болар. Білегін білеген палуанға белдесу бермесең меселі қайтады. Қыннан суырған қылышты шаппай қайта салсаң жүзі қайтады. Көк жорғаны тайпалта мініп көк жөрені қолға ұстағанмен оның да бір сүрінері кәдік. Ат сүрінді, ер қапыда кетті. Топан суға тоқта деуге сөз жүрмейді – ағыны қатты, тасқыны жолдағыны жайпап өтеді. Топтанған атта көз жоқ, топыры жолдағыны тайпап өтеді. Дегенмен мақұлдасаңыздар, мұндағы бар кінә көкпарға шапқан тілсіз мақұлық қалың аттарға артылады. – Төрде отырған Наймантай қалай ойлайсыздар дегендей елге қарайды. Жұрт үнсіз растағандай бас изейді. – Әйтседе, атамыз қазақтың жігітке лайық ат туар дегені тағы бар. Жауыңа оқталып, кеудесін көздеп қару сермесеңде жанталаста мүлт кетіп, басқа жерін шабуың мүмкін. Жылқы есті жануар қалың додада болмаса кеудесімен келіп адам қақпайды. Мұнда да сондай абайсыз жағдай өтті. Бар кінә аласапыран кездегі аттардың қата тиген тұяғынан болып тұр. Үкім шығарып жазаласақ көкпарға қатысқан аттардың тұяғын түгел қырқу керек. Бірақ, атам қазақта ондай малды айыптайтын әдет жоқ. Сондықтан да, «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дескен ағайын-туыспыз. Бірақ, бетке шіркеу келерлік іс болғандықтан адам өліміне әкелген жағдайды ескеріп, айыпты жақ тұяққа тұяқпен құн төлесін», – деп кесімді сөзін айқтапты. Онысы айыпталған жігіттің атының 4 тұяғы өлімге себеп болды дегені екен. Лайықты шығарылған шешімге тоқтаған ел азаматын жоғалтқан ауылға 4 жылқы айыбын алдарына көлденең тарттырып, Наймантайдың билігін мақұлдасып, дауды өршітпей тоқтатыпты.

Қазақ ауылының береке-бірлігін сақтаған билердің әділет жолындағы турашылдығы, сөзді әділдіктің өнері деп соған тоқтаған елдің әдет-ғұрыпты ұмытпай мойындауы еріксіз бас игізеді.

Молот СОЛТАНАЕВ

Алдыңғы мақала

Тазы баптау – тағылымды дәстүр

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Казахский тазы триумфально представлен на World Dog Show 2026 в Болонье

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

6 Наурыз, 2023
3.9k
Халық өз таңдауын жасауға қол жеткізді

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

10 Наурыз, 2023
1.5k
Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
950
Бала деген бір бақыт

Бала деген бір бақыт

22 Қазан, 2022
807
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
803
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
786
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
664
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
641
Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

23 Сәуір, 2024
552

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.