Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және сапалы қызмет алуына мүмкіндік беретін жаңа қызмет көрсету және демалыс орталығы пайдалануға берілді.
Соңғы жылдары аудан кәсіпкерлері халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық тамақтану орындарын, түрлі қызмет көрсету нысандарын және демалыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы игі бастамалардың жалғасы ретінде заманауи бассейні бар жаңа демалыс орны өз жұмысын бастады.
Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Сағымбек, қала әкімі Айдар Исаев, кәсіпкерлер және тұрғындар қатысты. Шара барысында кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асырған азаматтарға ізгі тілектер айтылып, жаңа жобаның аудан тұрғындары үшін маңыздылығы атап өтілді.
Жаңа демалыс кешенінде келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарға алынған. Ерекше дизайнмен жабдықталған нысанда тұрғындардың сапалы демалуына барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа кешеннің ашылуы нәтижесінде 16 жаңа жұмыс орны құрылып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалды.

Мұндай нысандардың ашылуы кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқанын және ауданның экономикалық әлеуетінің артып отырғанын көрсетеді. Тұрғындар тарапынан да жаңа қызмет көрсету және демалыс орындарының іске қосылуы оң бағаланып, зор ықыласпен қабылдануда.
Кәсіпкерлердің халық сұранысына сай қызмет көрсетіп, ауданның өркендеуіне қосып отырған үлесі ерекше. Аудан басшылығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасап отырған кәсіпкерлерге алғыс білдірді.










