Өнер – адам жанының айнасы десек, сол айнаға туған жердің келбетін, халықтың тарихы мен рухын бедерлей білген суретшілер қашанда құрметке лайық. Бүгінгі кейіпкеріміз – қылқалам құдіретін өмірлік мұратына айналдырған, шығармашылығымен ел ықыласына бөленген, өнер мен еңбекті қатар ұштастыра білген ерекше тұлға. Ол – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркем академиясының академигі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ел ішінде «ауылдағы академик» атанып кеткен белгілі суретші Ақан Батырханұлы Оймауытов.
Туған жердің табиғатын, халықтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық құндылықтарды туындыларына арқау еткен суретшінің еңбектері көрерменнің ыстық ықыласына ие болып келеді. Өнер жолындағы ұзақ жылғы ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында ол өңірдің ғана емес, республикаға танылған қылқалам шеберіне айналды. Ақан ағамыз сонымен қатар ағаштан мүсін оюдың да хас шебері. Біз бүгін Ақан Батырханұлымен шығармашылық әлемі туралы әңгімелестік.
– Ақан аға, суретшілік пен ағаш ою өнері – үлкен төзімділік пен талғамды қажет ететін сала. Өнерге келу жолыңыз қалай басталды? Бала күніңізден бойыңызда байқалған қабілеттер мен бүгінгі жетістіктеріңіздің арасында қандай байланыс бар?
– Менің суретшілік өнеріне келуім бала кезімнен басталды. Неге екенін білмеймін сол бала күнімнен «Болашақта мен кім боламын?» деген сұрақ жаныма маза бермейтін. Сөйтіп, ерте кезден-ақ пайда болған осынау ізденістік қасиет жылдар өте келе мені осы сурет өнеріне алып келді.
Кітап оқығанды да жақсы көретінмін, бірақ қатты қызыққаным осы бейнелеу өнері болды. Бірақ, әлі күнге есімде, сол кезде мені қатты қинағаны – сызатын қарындаш пен қарапайым қағаздың болмағаны еді.
Үлкеншыған ауылынан төмендегі Үшбазы деген жердегі қыстауда, құмның арасында әке-шешеміз мал бағатын. Үйіміз жертөле болатын. Тура әлгі Тарас Шевченконың Маңғыстаудағы жертөлесіне ұқсайтын еді.
Кішкене күнімде терезенің ернеуіне шығып алып отырамын. Сонда терезенің ағаш рамасының кесілген жерлерінде қарындашпен сызылған сызықтар бар екен. Соған қарап қатты ойға беріліп армандаймын ғой. «Шіркін менде осындай сызатын қарындаш болса ғой. Мүмкін мен бұл терезені басқаша сызып жасар ма едім…» деп іштей қиялдайтынмын.
Кейін мектеп табалдырығын аттадық. Әсіресе «Ана тілі» кітабын жақсы көруші едім. Себебі, ондағы түрлі-түсті суреттерге қатты қызығатынмын. Алғаш рет Шоқан Уәлихановтың әскери мундирде түскен суретін көріп таң қалдым. «Ғалым, саяхатшы, суретші» дегенді оқып алып, күнде «Қашан мен осы аға сияқты офицер болып, пагон тағып суретші болады екенмін!» деп армандайтынмын.
Әуелі десеңіз ол кезде суреттен сабақ беретін мұғалімдер де жоқ болатын мектепте. 1-ші мен 4-ші сыныптың оқушылары бір бөлмеде оқитынбыз. Сурет сабағынан ән-күй немесе математика пәнінің мұғалімі, тағы басқа апайлар мен ағайлар беретін. Тақтаға нүктелерді қойып-қойып «Балалар мынау шәйнек, ал, мынау алма…» деп бірдеңені салғызатын. Кейіндері «батырлар жыры», «қазақ ертегілері» кітаптары қолға тиді. Ондағы батырлардың садақ тартып тұрғаны, батырлардың сұлу қыздары, тағы басқа неше түрлі суреттерін көріп қызығушылығым бұрынғыдан да артты. Міне, өстіп сол суреттерді көшіріп салып, түрлі бояу қарындаштармен бас алмай бояп дегендей бала күнгі өнерге деген құштарлықтың арқасында қасиетті сурет өнеріне осылай келдім.
Ал, енді ағаш ою өнеріне кейін, зейнетке шыққаннан соң кездейсоқ келдім. Ол былай болды. Жаңа үй салатын болып іргетасын құйып жатқанда бір тас көзіме оттай басылды. Әрі өтсем де, бері өтсем де ол тас маған бір «Маңдайынан айбалта тиген, бір көзі соқыр, жүзінен қаһар шашқан айбынды батырдың бейнесі болып» көзіме елестеді де тұрып алды.
Сонымен не керек бұрын ондай іспен айналысып көрмеген мен, не де болса деп ағаш жаратын сынамен бір жеті ақ тер, қара тер болып әлгі тасты қашауға кірістім. Сол тасым қазір де есіктің алдында тұр. Одан уақыт өте келе ағаштан ою оюды бастадым. Кейін академиядағы жасы үлкен атақты суретші әріптестерім «Әй, Ақан сен бұл істі тастама. Әрмен қарай дамыт» дегесін әлі күнге дейін осы мүсін өнерімен де айналысып келемін.
Мұндағы жалпы менің түсінгенім, адамның бойында барлық өнер бар екен. Тек қана соны дамыта білсең, адамның мүмкіндігі шексіз екен, осынау жылдардағы ізденіс пен шығармашылықтың арқасында мен соны ұқтым.
Мінекей, бала күнгі қызығушылық пен бүгінгі күнгі жетістігімнің бәрі де өз ісіңе деген шексіз құштарлық және тынымсыз еңбектің нәтижесі деп түсінемін. Және де менің еңбегімнің жетістігі – жасаған мүсіндерім мен салған суреттерімді көрген адамдар мен алған рухани ләззатты олар да алып сезіне білсе, менен бақытты адам жоқ. Яғни, жетістіктің үлкені сол деп білемін. Сондай-ақ тағы бір ерекшелік – өмірдегі өз орныңды таба білу екен.
Тағы бір айта кететіні, сурет өнеріндегі жетістігімнің бірі – 2006 жылғы Кипрдегі Халықаралық Суретшілер симпозиумына қатысуым. Ол да менің өнер салсындағы жұлдызды сәттерімнің бір көрінісі болып мәңгі есте қалды.

– Ағаштан мүсін жасау – қазақтың ежелден келе жатқан қолөнер дәстүрінің бір тармағы. Сіздің шығармашылығыңызда ұлттық құндылықтармен дәстүрлі өнер қандай орын алады?
– Мен енді өзімнің туған халқымның болмысын, атақты тұлғаларды бейнелеуде ұлттық нақыштарға басымдық беремін. Қазақтың қариялары мен әжелерімізді көп суреттедім. Олардың мінез-құлқы мен психологиялық ерекшеліктерін де нақты бейнелеуді басты мақсатым деп сезіндім.
Және де қалаға қарағанда ауылдық жерде ұлттық қасиеттер мен рухани құндылықтар жақсы сақталған. Мен шығармашылығымда сол бір ұлттық ерекшеліктерді, қайталанбас сәттер мен бейнелерді дәл беруді ең басты назарда ұстаймын. Сол үшін де менің тастан немесе ағаштан жасаған мүсіндерім мен суреттерімнің ешқайсысы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бірақ, ұлттық және рухани құндылықтар барынша шынайы сақталып бейнеленген.
– Әр суретшінің қолтаңбасын айқындайтын өзіндік ерекшелігі болады. Сіздің туындыларыңызды басқа жұмыстардан даралап тұратын қандай ерекшелік қырлары бар деп есептейсіз?
– Енді менің туындыларымның ерекшелігіне келер болсақ, жалпы Әбілхан Қастеев ағамыз орыстың және еуропа сурет өнерінің шынайы реалистік бағытын алды. Себебі, ХІХ ғасырдағы сурет өнерінің ең табиғи ауыл және қарапайым адамдар өмірінің бейнеленуі осы кезеңде қалыптасып жақсы дамыған кезеңі еді. Ал, Италия сурет өнерін алсақ, ол енді одан да әрі ғасырларға кетеді. Олардағы ерекшелік діни тақырып басым болды.
Демек, мен өзіміздің Әбілхан ағаның сол реалистік өнер жолын таңдаған, әрмен қарай жалғастырушы шәкіртімін. Бірақ, көшірмеші емеспін. Менің шығармаларымдағы Әбілхан ағаның туындыларынан өзгеше қыры, ол – бояу түстерін берудегі өзіндік стилім. Мысалы, Әбілхан ағада кез-келген түске басымдық берілмейді. Ал, менде керісінше түстердегі қоюлық, қанықтық басты ерекшелігім.
– Мүсін жасау барысында идея қалай туады? Табиғаттан, тарихи тұлғалардан немесе күнделікті өмірден алған әсерлеріңіз шығармашылық жұмыстарыңызға қаншалықты ықпал етеді?
– Біріншіден маған көзіме түскен ағаштың өзі, яғни, «табиғаттың өзі суретші дегендей» бірден идея тастайды. Сырт пошымы-ақ әйел немесе еркек, орта жас, әйтпесе жастау адамның бейнесі дегендей белгісіз бір тылсым күшпен елес арқылы белгі береді. Мұндағы басты ерекшелік шынайы өмірде тілмен жеткізе алмаған сұлулық пен басқа да табиғи даралықтарды біздер сурет, әлде мүсін арқылы бейнелейміз. Әрине, бұған табиғаттың да, тарихтың да әсері, ықпалы өте күшті. Солардың бәрін сезініп, өн бойыңнан сүзгіден өткендей бір-бірлеп өткізе білу керек-ау. Сонда ғана шығармашылық жұмысың нәтижелі болып, әрдайым жемісті болмақ.

Тағы бір айта кететін нәрсе, менің осы суретшілік өнерде қалып, өзімді-өзім дамытуыма ықпал етіп, дем берген, күш берген ерекше жанның бірі жазушы Бұқара Тышқанбаев ағамыз еді. Ол ағамыз сурет өнерін жанындай жақсы көретін. Алғашқы еңбек жолын да суретшіліктен бастаған еді. Міне, осындай ақылшы, кемеңгер ағамыздың берген кеңесінің нәтижесінде осыншама өнер туындылары дүниеге келді. Менің өнер майталманы болып қалыптасуыма бағыт-бағдар беріп, бірден-бір себепші болған абзал жанның бірі емес, бірегейі осы Бұқара ағамыз болды. Негізгі еңбек сол кісінікі, менікі тек бүгінгі күндердегі мақтаныш қана.
– Осы уақытқа дейін жасаған ең күрделі әрі жүрегіңізге жақын туыңдыңыз туралы айтып берсеңіз. Оның жасалу тарихы мен сіз үшін маңызы қандай?
– Осы салада көп жылдар жұмыс жасаған соң әрине жасаған туындыларым көп қой. Енді атап айтсам сөзімнің басында айтқандай бұл сұрағыңның жауабы қазақтың біртуар ұлы, ғалымы, суретшісі Шоқанға тікелей қатысты. Себебі, мен осы ұлы тұлғаға қатысты – «Шоқанның Жаркент жерінде болғаны» туралы, оның біздің өлкеміздің табиғаты жәйлі жазған естеліктері арқылы сериялы туындылар жазған адаммын. Демек, менің ең күрделі де, өзекті еңбектерімнің тақырыбы Шоқандай алып тұлғаның өмірімен тығыз байланысты.
Ондағы негізгі маңыздылық қазақ халқы үшін Шоқан өмірінің өнегелі жақтарының қымбаттылығы мен даралығы. Осынау ұлы тұлғаны қашан болса да қай қырынан болса да жан-жақты дәріптеу, насихаттау кез-келген өнер адамының ең маңызды абыройлы ісі деп ойлаймын.
Неге десеңіз, талантты, дара тұлға Шоқанның өмірі мен шығармашылығы қазақ ұлты үшін күн тәртібінен ешқашан түспейтін мәңгілік тақырыптардың бірі. Бұрын да солай болды, әрмен қарай да солай болып қала бермек.
– Жасаған дүниелеріңізге қызығушылық танытып сатып алатындар бар ма? Әлде жеке коллекцияңызға жинап жатырсыз ба?
– Негізінен менің жасаған жұмыстарымның басым бөлігі өз коллекциямда сақтаулы. Осы уақытқа дейін салған картиналарымды сатып көрмеппін. Әрбір жасаған өнер туындысы – мейлі ол мүсін болсын, сурет болсын іштен шыққан өз балаң сияқты ғой. Сондықтан да адам өз баласын қалай саудалайды?..
Айтқандай, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы «Анаға құрмет» музейі қорына 40-тан аса картиналарымды тегін, сыйлық ретінде тапсырғаным бар.
– Бүгінде өнер жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Келешек жастарға айтарым: біріншіден – ұлттық өнерді шексіз сүйе білу керек, екіншіден – ұлтыңды, атамекеніді қасиет тұт. Үшіншіден – еліңе адал қызмет ет. Ұлы Абай, Сұлтанмахмұт, тағы басқа қазақтың данышпандары туған еліне қалтқысыз қызмет етті және де жасаған еңбегін ешқашан да саудалап, пұлдаған емес. Олар өнерді қадір тұтып, халқына адал тұлға болды.
Кезінде ұлы тұлға, ағартушы Шоқан Уәлиханов айтып кеткен: «Жалпы түркі жұрты, оның ішінде қазақ халқы өте талантты, дарынды, олар шетінен ақын, шетінен музыкант келеді…» деп. Демек, сол үшін де біздер Жаратушының берген бойымыздағы асыл қасиетін өшіріп алмайық, болашақ жастарымыз өнерге, ғылымға құмар болса екен деген тілектемін.

– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы жоспарым осы жасаған туындыларымды тағы бір рет қайталап қарап шығып, кем-кетігін жөнге келтіру керек. Бас-аяғын реттеп, жүйелеп шығу жұмысы мойында тұр. Содан кейін барып жылдар бойғы маңдай термен жасаған туындылырымның қортындылау кезеңіне дайындық жасау қажет.
Бұйырса міне 75 жасты да еңсердік. Ендігі алдағы меже 80 жастағы болатын мерейтойға академик атағыма сай ұялмай, қысылмай бару. Қазақ өнерінің төрінде Әбілхан Қастеев ағамыздың шәкірті ретінде сыйлы, құрметті ақсақал болып отыру. Ол да менің көп армандарымның бірі.
Мектеп қабырғасында ұстаз болып жүргенде көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Қазіргі таңда бәрі де республикамыздың түкпір-түкпірінде абыроймен еңбек етіп, еліміздің өнер саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген аяулы жандар. Көрген жерде бәрі де «Ақан аға» деп аңқылдап, құшақтарын айқара ашып жамырай қарсы алады. Енді мен үшін мына өмірде одан асқан бақыт жоқ-ау, сірә?…
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып Қазақ елінің ұлттық өнері өркендеп, ұлттық құндылықтарымыз қарыштап дами берсін! Бәріңізге сәттілік!
– Өзіңізге де шалқар шабыт, мықты денсаулық тілейміз, аға!
Сұхбаттасқан – Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ










