Мыңдаған жылдарды қамтитын тарихы бар Ұлы Жібек жолының көне сүрлеуі ҚХР мен Қазақстан бірлесіп құрған «Бір жол – Бір белдеу» жобасының шапағатымен біздің дәуірімізде жаңаша түр – сипатпен жаңғыруда. Бұл жоба ең әуелі халықаралық қарым – қатынасқа кең жол ашуымен ерекшеленіп, ежелден батыс пен шығысты жалғастырған соқпақтың бойы бүгінде ғасыр құрылысы дерлік ірі – ірі индустриялық, инновациялық заманауи жаңалықтарды жүзеге асырудың алаңына айналды. Тіпті еліміздегі электронды үкімет, цифрлық жүйе, жасанды интеллектінің де алғашқы алғышарттары осы белдеу бойында іске қосылғанын байқау қиын емес.
Оның нақты көріністерін «Бір белдеу – Бір жол» халықаралық жобасының Қазақстандағы маңызды нүктелерінің бірі болып саналатын жазиралы Жаркент өңірінен де айқын аңғаруға болады. Мұнда қазір әлемде теңдесі жоқ бірнеше ірі жобаларды қамтитын «Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылып, ел игілігіне молынан олжа салып келеді. Экономикалық аймақтың тұңғышы – «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» десек, оның алғашқы кезеңі екі ел аралық келісімнен кейін 10 жыл өткенде 2014 жылы пайдалануға беріліп, 2015 жылы осы оқиғаға байланысты ҚХР мен Қазақстан арасында алғашқы үлкен жәрмеңке өткізілген болатын. Содан бері мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде жәрмеңке, басқа да мәдени, экономикалық шаралар өтіп тұрады. Сонымен қатар екі тараптан күн сайын мыңдаған адам орталыққа келіп, сауда жасап, оның игілігін көре бастағанына да оншақты жылдан астам уақыт өтіпті.
Қазіргі Қазақстанның бағыт-бағдары қолда бар мүмкіндікті пайдаға асыру, ұқсату, халықаралық қарым-қатынастың аясын арттырып, өрісін өркендету. Жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды еншілейтін еліміздің географиялық орналасу жағдайы экономиканы жан-жақты дамытудың оң жамбасына келіп тұр. Еліміздің бір бүйірі – өндірісін өрістеткен өркениетті Қытаймен, ал екінші жағы тұтынушысы басым Азия және Еуропа мемлекеттерімен түйісіп, шығыс пен батыстың арасындағы транзиттік әлеуетін арттырды. Осындай мүмкіндікті орайында пайдалану – еліміздің өрісті, пәрменді дамуына мол мүмкіндік береді.
Қорғас торабына кіретін «Қорғас – шығыс қақпасы» АЭА, халықаралық «Алтынкөл» темір жол бекеті, «Нұр жолы» өткізу пункті Қытай мен Еуропа арасындағы халықаралық дәліздің оңтүстік шығыстағы негізгі нүктесі. Дей тұрғанмен, мұндағы автодаңғылдың, шойын жолдың, арнайы аймақтың, сауда орталығының әрқайсысының өз миссиясы, өз міндеті бар.
Айталық «Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» тек шекара аралық сауда орны ғана емес, трансшекаралық туризмінің маңызды ошағына айналды. Мұнда келушілер үшін сауда орындары, демалыс аймақтары, қонақ үй қызметтері, мәдени танымдық – нысандар мен заманауи сервис түрлері дамып келеді. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, визасыз режим мүмкіндіктері және цифрландырылған қызмет көрсету жүйесі шетелдік және отандық туристер ағынын арттыруға ықпал етуде. Соның ықпалымен Қорғас аймағы өңірлік туризмнің драйверіне айналып, Жетісу облысының экономикалық және туристік әлеуетін күшейтуде. Соңғы төрт жылда бұл орталық аумағында инфрақұрылымды цифрландыру, автоматтандыру және жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде орталық заманауи талаптарға сай дамып, туризмді басты бағыт ретінде ілгерілететін, сауда мен инвестицияға қолайлы алаңға айналды.

Орталықтың барлық басқару және өткізу желісі толық цифрландырылып, Face ID технологиясы енгізілген. Негізгі ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, кіруден бастап тауар беруге дейінгі барлық үдеріс автоматтандырылған. Сондай –ақ, QR – код арқылы онлайн билет алу, автокөліктерді тіркеу мен шығару жүйелері цифрландырылып, туристердің өту мүмкіндігі жасалып, қабылдау қабілеті айтарлықтай артқан. Бұл үшін екінші деңгейлі банктер іске қосылған. Осындай оңтайландырудың нәтижесінде 2024 жылмен салыстырғанда былтыр келушілер саны 16 пайыз көбейген. Бұрын орталықтан күніне 4-5 мың адам қабылдау мүмкіндігі болса, қазіргі қуаты 9-10 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Осындай оңтайландырудан соң, 2025 жылы салық және кедендік түсімдер 7 миллиард теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Қазір мұнда дүйсенбі – жұма аралығында 5 мыңға жуық адам келеді. Ал, сенбі – жексенбіде келушілер саны екі есеге артады.
Қорғас ШЫХО-ға келген әрбір туристке қолайлы жағдай жасалуда. Олардың уақытының тиімділігін қалыптастыруға мүмкіндіктер мол. «Jhetysu Support» ЖШС –нің екінші багаж терминалы іске қосылып, үш жаңа қабылдау нүктесі ашылды. Жүк тасымалдауға арналған Қазпочта сервисі енгізілді. Нәтижесінде бұрын 4-5 сағатқа созылатын тауар жеткізу уақыты 1 – 1,5 сағатқа дейін қысқарды. Бұл өз кезегінде келушілердің уақытын үнемдеп, санын арттыруда.
Цифрландырудың игілігін мұнда келушілер де мойындап отыр. Айтуларынша, цифрландырудың арқасында бекеттегі кезек азайып, ары-бері өтуге қозғалыс жеңілдеген. Жаркент қаласының тұрғыны, сексен жастың сеңгіріне шыққан қария Кеңесбек Серәлиев бұрынғы ұзын-сонар кезекте тұрудан құтылып, сананы сарсытқан азаптан арылғанына қуанышты.

– Орталық іргеде тұрған соң кем дегенде айына бір рет өтіп тұрамын. Мұнда әр келген сайын жақсы жаңалықтарды көреміз. Бұрын бекеттегі кезекте ұзақ тұрушы едік. Қазір бұрынғыдай емес, өткелдер заманауи озық құрылғылармен жабдықталып, саяхатшылардың жылдам өтуіне жағдай жасалған, – дейді ақсақал.
Қазір Қазақстандағы ірі құрылыс объектілері арасында оннан астам арнайы экономикалық аймақ мемлекетіміздің жедел үрдісті дамуында ерекше орын алса, солардың біреуі Жетісу облысында жазиралы Жаркент өңіріндегі шекара маңына орналасқан «Қорғас – шығыс қақпасы» АЭА. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің халыққа Жолдауында осы арнайы экономикалық аймақтар жөнінде айтылып, олардың қызметін принципті жаңа бағытта ұйымдастырып, дамытудың жолдары да атап көрсетілді.
«Қорғас – шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құрамындағы «Құрғақ порт» айлағының, осында орналасқан Индустриялық, Логистикалық орталықтары еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Бұл жоба Қазақстанның экономикалық күре тамырына айналды деп батыл айта аламыз.
Мұнда өнеркәсіптік өндіріс пен көлік логистикасын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық ірі жобалар жүзеге асуда. Экономикалық аймаққа тартылған инвестиция көлемі 660 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайтын 65-ке жуық жобаның негізі қаланып, олар тегіс іске қосылғанда аймақтан 4000-ға жуық жұмыс орны пайда болады деген болжам бар. Қазір осы жобалардың жартысынан астамы пайдалануға берілген. Қалған 27 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
АЭА-дағы маңызды жобалардың бірі – «KTZE Khorgos Gateway» Құрғақ порты. Үстіміздегі жылдың басында Құрғақ портты кеңейтудің үшінші кезеңі аяқталып, айлақтағы жаңадан жасалған 10 темір жол жолағы пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде терминалдың жүк жөнелту қуаты екі есеге артты. Сонымен қатар, арнайы аймақ аумағында шекарадан өткізілген 70 мыңнан астам автокөлікті сақтай алатын 19 уақытша автотұрақ логистикалық инфрақұрылымы жасалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын 500 гектардан астам жерді қамтитын арнайы аймақ аумағы бүгінгі күні 5,5 мың гектарға жетеқабыл жерді алып жатыр.
«Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жалпы бірнеше кезеңдерге бөлініп атқарылып, бірнеше жылға созылды. Анығырақ айтқанда мұнда қазір де сан салалы құрылыстар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жағдайда арнайы экономикалық аймақта қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жобалардың жалпы құны 497 миллиард теңге болатын 45 қатысушы тіркелген. Соның 13-і жыл басынан бастап кәсіпорнының құрылысын атқаруда. Олардың бірқатары зауыттарының құрылысын аяқтап, өнім өндіруге кірісті. Мысалы осындағы жем, металдан шифер шығаратын, гигиеналық бұйымдар жасайтын, сафлор мен күнбағыстан май сығатын зауыттар мен тігін цехы өз өнімдерін жергілікті базарға және шет елдерге сатуда. Электр қуатын өндіретін күн батареяларын жасайтын «Miami SOLAR» зауыты өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріліп, келісім шарт бойынша алғашқы өнімдерін АҚШ және Өзбекстан елдеріне сатуда. Зауыт өнімі жергілікті кәсіпорындарды электр қуатымен қамтамасыз етуге де пайдаланылуға қарекет жасалыпты.

Индустриялық аймақта ҚР мен ҚХР арасында келісім жасалып, технопарк құруға мың гектар жер бөлініп, болашақта мұнда 25-ке жуық өндіріс орындары салынбақшы. Сонымен қатар Оңтүстік Кореямен шарт жасалып 200 гектар жерге «Хюндай» автокөліктерін жинайтын зауыт орын тебеді.
Қомақты инвестиция салғанға қуатты өндіріс орнын жасап алып, толайым табыс беретін индустриялық аймақтағы мүмкіндіктер отандық және шетелдік инвесторларды қызықтырып келеді. Соның ықпалымен арнайы экономикалық аймақтың алып жатқан аумағы жыл санап артып отыр. Солардың бірі – «Standart steel KZ» ЖШС металлургиялық кешені. Бұл зауыт әлі толық қуатында өнім өндіруге көшпеген. Жыл соңына дейін кешенді жаңғыртудың 3 кезеңі жүзеге асады. Өндіріс орны қолданыстан шыққан темір бұйымдарын қайта өңдеуге негізделген. Зауытта құрылысқа қажет материалдардың бірнеше түрін шығарады. Қазір күн сайын 500 тоннаға жуық темір арматураларын шығаруда. Сол сияқты бірінші өнім өндіру линиясын іске қосқан Сингапур брендімен танымал «Empire Manufacturing Kazakhstan» ЖШС компаниясы құны 8 миллиард теңге болатын зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл зауыт толық іске қосылғанда ай сайын 1200 тонна 30 түрлі кофе және 10 түрлі шай өнімдерін шығаратын кәсіпорын болмақ.
Қорғастағы «Нұржолы» шекаралық транспорттық кедендік өткелі мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ауқымды жобасының аяқталуын айқындайтын тарихи оқиғаның нәтижесі болып табылады. Ол тек ҚХР мен Қазақстан Республикасы үшін ғана емес, трансконтинентальды халықаралық қатынасқа тиімді сауда жолының бастауы болуымен әлемнің әлеуеті алдыңғы қатарлы ауқымды жобасына айналды.
Аталған бағдарлама Қытай Халық Республикасының басшысы мен Қазақстан Үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» жобасымен сабақтасып, Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға сай қайта құруға бағытталған. Мемлекеттік әріптестік аясында жүзеге асқан жобаға 2017 жылы 26 желтоқсанда «Евротранзит-Терминал» ЖШС мен ҚР Үкіметі арасында келісім шарт жасалған. Құрылысқа 69,7 миллиард теңге жұмсалды. «Нұр жолы» транспорт өткелінің көлемі 25,59 гектар және оның жанындағы транспорттық логистикалық орталық аумағы 23,58 гектарды қамтиды.

Бұл дүниежүзіндегі кедендердің ең ірілері қатарындағы, ал Орталық Азия мемлекеттері арасында теңдесі жоқ үлкен кедендік өткел болып табылады. Өткелдің бастапқы мүмкіндігі бойынша 8 бақылау-өткізу жолақтары арқылы күн сайын жалпы 2500 автотранспортты ары-бері өткізу мүмкіндігі жобаланған. Олардың басым бөлігі жүк көліктері, жолаушылар мінген автобустар және жеңіл автомашиналар. Кеденде әр автотранспортты рәсімдеу қызметі бар-жоғы 40 минут уақыт алады. Кеден 2018 жылы шілде айынан бастап жұмысын бастады.
Өткізу пунктінде кейінгі кезде CarGoRugsat электрондық кезек жүйесі енгізілген. Өткелге күн сайын келіп, кетіп жатқан жүздеген жүк көліктерін электрондық кезекке көшірудің нәтижесінде бекеттің өткізу қабілеті кейінгі кезде тәулігіне 800-ге дейін артты. Қазір мұнда 7 уақытша сақтау қоймасы, 4 автотұрақ жұмыс жасайды. Сонымен қатар, Ksira Logistic. Nomad Border Gate. Kausar Cargo, Сарпекова А.О. сияқты 15 мың автокөлікке арналған жаңа 4 жоба, оның ішінде халықаралық автовокзал құрылысы жүргізілуде.
Биыл «Нұржолы» өткізу пункті аумағында ірі габаритті көліктерге арналған ұзындығы 2,4 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталды. Өткелдің әлеуетін арттыру мақсатында жеңіл автокөлік құралдарын өткізу пунктінен «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығына бағыттау көзделуде. Осындай оңтайлы жұмыстардың нәтижесінде қазір кеденнен күн сайын 15 мың адам, 2,5 мың көлік өткізілуде. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін. 2024 жылы кеденнен 439 мың жүк көлігі өткізілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 542 мыңға жетіпті. Бекетте 12 инспекциялық тексеру кешені, радиациялық бақылауды тексеретін 21 қондырғы бар.

Қорғаста оңтайландыру және цифрландыру бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатқан нысанның бірі «Алтынкөл» халықаралық темір жол бекеті. Мұнда 6 кең жолақтан тұратын жаңа экспорттық парк іске қосылып, Жетіген бағытындағы 294 шақырымдық шойын жол телімі жаңғыртылуда. Бекеттегі сұрыптау жүйесі және кең жолақты жолға қосымша құрылыстар жүргізіледі. ҚХР тарапынан келетін тар табанды жолға тағы 4 жолақ қосылады. Бұл жобалар құрылысы аяқталғаннан кейін теміржол бойындағы өткізу қабілеті тәулігіне 18-ден 33 жұп пойызға дейін артады. «Бір белдеу – бір жол» жобасы шет мемлекеттермен қатар біздің елімізге де орасан зор береке беруде. Біз оның тек Қорғас шекарасындағы нысандарының әлеуетін әңгімемізге арқау еттік.
М.МАНАП










