Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. Бұл бастама тек сенбіліктер өткізіп, көшелер мен саябақтарды тазалаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты орнықтыру және әр азаматтың туған жер алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Тазалық – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Қай елдің мәдениеті мен дамуын бағалағың келсе, алдымен оның көшелеріне, қоғамдық орындарына, ауылдары мен қалаларының тазалығына назар аударасың. Таза ортада өмір сүретін халықтың тұрмыс деңгейі де, мәдениеті де жоғары болады. Сондықтан Президент көтерген «Таза Қазақстан» идеясының астарында үлкен философия жатыр.
Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар әлі күнге дейін тұрмыстық қалдықтарды ауыл сыртындағы бос жерлерге төгіп, табиғатқа зиян келтіріп жатады. Кейде демалысқа шыққан адамдар табиғат аясында көңіл көтерген соң, артынан қоқысын жинамай кететін жағдайлар да кездеседі. Мұндай әрекеттер қоршаған ортаны ластап қана қоймай, өскелең ұрпаққа да теріс үлгі береді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы осы келеңсіз әдеттерден арылуға үндейді. Әрбір азамат өз үйінің ауласын таза ұстап, көшесінің көркеюіне үлес қосып, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қараса, еліміздің келбеті мүлде өзгерер еді. Өйткені тазалық үлкен жұмыстардан емес, қарапайым әрекеттерден басталады.
Қазақ халқы ежелден табиғатты қастерлеген. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөздердің өзі халқымыздың табиғатқа деген құрметін көрсетеді. Бүгінгі ұрпақ осы асыл құндылықтарды жаңғыртып, қоршаған ортаны қорғауды өмір салтына айналдыруы тиіс.
Тазалық дегеніміз – тек айналаны жинастыру ғана емес. Ол адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші. Айналасына ұқыптылықпен қарайтын адамның жаны да таза, ойы да биік болады. Сондықтан «Таза Қазақстанның» басты философиясы – әр адамның өзінен басталатын жауапкершілік. Егер әркім өз ауласын, өз көшесін, өз ауылын таза ұстауға атсалысса, бүкіл елдің келбеті өзгереді.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазарту, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Бұл шараларға жастар да, ардагерлер де, мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер де белсенді қатысуда. Мұның өзі қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Біз келер ұрпаққа табиғаты көркем, ауасы таза, көшелері сәулетті мемлекет қалдыруымыз керек. Бұл – әр азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты кез келген жерге тастамау, ауыл мен қаланың көркеюіне үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз.
«Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, болашаққа бағытталған маңызды қадам. Оның түпкі мақсаты – табиғатты аялауды ұлттық құндылыққа айналдыру. Біз таза елде өмір сүргіміз келсе, тазалықты өзімізден бастауымыз қажет. Сонда ғана келешек ұрпаққа гүлденген, көркейген әрі экологиялық мәдениеті жоғары Қазақстанды аманаттай аламыз.
Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы










