Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында халық денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше тоқталып, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтардың сапалы ем-домға қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын.
Президент айтқандай, елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бүгінде ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап заманауи мамандандырылған медициналық орталықтарға дейін жаңғыртылып, халық игілігіне берілуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүздеген медициналық нысан салынып, ел тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндік жасалды.
Бұл оң өзгерістер Жетісу өңірінде, оның ішінде Панфилов ауданында да айқын көрініс табуда. Аудан көлемінде медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ауылдық елді мекендердегі медициналық пункттер жаңартылуда. Нәтижесінде тұрғындардың дәрігерлік көмекке қолжетімділігі артып, профилактикалық тексерулер мен алғашқы медициналық көмектің сапасы жақсаруда.
Халық денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан медицина саласына салынған әрбір инвестиция – елдің ертеңіне салынған инвестиция деуге болады. Бүгінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білікті мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуда.
Президент Жолдауында фармацевтика өнеркәсібін дамытуға да ерекше мән берілді. Өз елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек түрлерін көбейту, отандық медицинаның әлеуетін арттыру – стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар халықты сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу де заман талабы болып отыр. Мұндай жаңашылдықтар медициналық көмектің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаржының мақсатты жұмсалуына да ықпал етеді.
Медицина саласының басты тірегі – дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері. Мемлекет олардың мәртебесін көтеруге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асырып келеді. Бұл өз кезегінде жастардың медицина мамандығына қызығушылығын арттырып, саладағы кадрлық әлеуеттің нығаюына жол ашуда.
Панфилов ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жаңарған медициналық нысандар, заманауи жабдықтар, кәсіби мамандар мен мемлекеттік қолдау халықтың денсаулығын нығайтуға қызмет етуде.
«Дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі» дейді дана халқымыз. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз. Өйткені халық денсаулығына жасалған қамқорлық – ел болашағына жасалған ең маңызды инвестиция.
Молот СОЛТАНАЕВ










