Жұмыр жердің бетіндегі жерұйықтай жайлы жердің бірі Жаркент. Көл-көсір байлығымен талайды тәнті ететін, жері нулы, өзені сулы, көркі еріксіз әнші-күйші, сазгер, сал-сері ететін өлке. Табиғаты талайды тамсандыратын осы өлкеден жыл өткен сайын спорттың әр саласынан намысты өрендер көптеп шығып, жетістіктерге жетіп еліміздің туын өзге жұрт алдында желбіретіп жүр. Спорттық жетістігі арқылы халықаралық аренаға шыққан даңқты ұлдарымыз бен қыздарымыздың жоғары көтерген туын төмендетпей, олардың артынан еретін лайықты ізбасарларын ертуге жағдай туғызуымыз керек.
Үлкен жетістік деп саналатын спорттық көрсеткіштер бір жағынан елдің экономикалық даму динамикасын да анықтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударып, кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді. Осы мемлекеттік тапсырма нагізінде «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» дайындалған болатынды. Үкіметте бұл жоспарды арнайы қаулысымен бекітті. Мемлекет басшысының осы тапсырмалары бүгінгі күні іске асырылып, бұқаралық спорттың дамуы жылдам қарқын алып келеді.
Спортты дамыту дегеніміз халқымыздың денсаулығын жақсарту, барлық деңгейдегі салауатты өмір салтына көшу. Жастарды қоғамға жат зиянды қылықтардан ада қылу, спортты өзіне өмірлік серік етуге тәрбиелеу. Әйтпеген күнде, кейбір жағдайларда мен жұрт арасында мысалдап жүрген «иненің ұшымен, дәрінің күшімен» адам болып жүрген балаларымыздың дене бітімін, түр-тұрпатын, сымбатын заманға сай сомдай алмаймыз. Екіншіден өсіп келе жатқан жастардан болашақта сыртқы жаулардан елін, жерін кеуде тосып қорғайтын патриоттарды дайындау. Ол үшін әуелі адамдардың күнделікті, жүйелі түрде спорттық жаттығулармен көптеп айналысуын, яғни бұқаралық спорттың дамуын дұрыс жолға қоюымыз керек. Айталық 2021 жылы ауданда бұқара арасындағы дене шынықтыру және спорт түрлерін дамыту мақсатында 167 спорт құрылымы жұмыс істеді. Соның ішінде балаларды көп жылдардан бері спортқа баулып, талай жеңімпаздарды шығарып келе жатқан тәжірибелі жаттықтырушылары бар Жаркент қаласындағы екі спорт кешені. Осындай спорт кешені және де Алтыүй ауылында да жұмыс істейді. Салынған кешендердің өзге спорт залдардан артықшылығы сол мұнда спорт сүйер жастармен, орта буынмен және зейнеткерлермен де мен әртүрлі үйірмелер, секциялар жүргізуге, дем алуға, жарыстар өткізуге мүмкіндігі келеді. Соның сыртында Жаркент қаласында 1 орталық стадион, 93 спорт алаңдары, 59 спорт зал, 3 бассейн өскелең ұрпаққа және жалпы халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы спортпен тұрақты айналысушылардың саны 42 290 немесе аудан халқының 32,1 пайызын құрапты. Бұл көрсеткіш тұрғылықты халықтың саны өскен сайын жылдан жылға көтеріле беруге тиіс.
Жаңа енгізілген ұлттық спорт ойыны түрлерімен айналысу да бірте бірте жетіліп келе жатыр. Осы орайда айтатынымыз қазақтың бойына етене сіңіп кеткен ат спортың дамыту жүйелі түрде қолға алынуы тиіс. Мерекелерде, арнайы ас беру кезіндегі өкінішке қарай, бір мезгілдік көкпар ойынынан басқа жастарды жүректілікке, ептілікке баулитын түрлері қолға алынбай, ойын кестесіне ілінбей жүр. Мысалы, жігіттердің жеке бастарының ерекшеліктерін көрсететін, айбындарын анықтайтын аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сияқтылары ойын шарттарынан шығып қалған. Сондықтанда ауданда ұлттық ойындарды, оның тағы да басқа түрлерін үйретіп жаттықтыратын балалар мен жасөспірімдердің ат спорты мектебін ашып, жұмысын жолға қою кезек күттірмейтін мәселе. Мұның бәрі тақырыбымыз айғайлап айтып тұрғандай дені сау, санасы сергек ұрпақ өсірсек, ол келешектегі ұлт қауіпсіздігін қорғаушыларды дайындап шығарамыз деген мақсат. Сондықтан да жастарды жаппай спортқа баулу, жұдырықтай жұмылдырудың қайтарымы болады деген сөз.
Биылғы жылы да ауданда дене шынықтыру мен спорт нысандарын салу, оны көп күттірмей іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, Үлкен Шығанда 90 орынды құны 923 981 млн. теңгеге жобаланған спорт кешені салынуда. Қазіргі күнге дейін оның 246 млн. теңгесі игерілген. Құрылыс жұмыстарын «CП NEFT» ЖШС жүргізуде. Спорт кешені 2023 жылғы наурыз айына дейін аяқталып пайдалануға беріледі деп саналуда. Бюджет қаржысына тағы да бір осындай спорт кешенінің құрылысы Пенжім ауылында жүргізілуде. Сиымдылығы 100 орынды деп жобаланған, өзіндік құны 973 млн. теңгені құрайтын бұл құрылыстың салыну жауапкершілігін «СП NEFT» ЖШС өз міндетіне алған. Жоғарыдағы салынып жатқан спорт кешендерінде күрес түрлерімен айналысатын, боксқа арналған және теннис столдары орналасатын, арнайы спорт құрылғыларымен жабдықталған жаттығу залдары қарастырылған. Былтырғы жылы Тұрпан ауылындағы екі күрес залы, басқада қызмет көрсету орындары бар спорт кешенін сол ауылдың тумасы «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің басшысы, «Жаркент Алғыр» компаниясының директоры, меценат Жалғас Алтынбеков салып беріп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Жаркент аймағының жастарының халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды алып, кейінгі жеткіншектерге үлгі болып, жігер беріп жүргенін сезіне білген және бар ынтасымен қолдаған жеке кәсіпкерлерде бұндай алғысты шаралардан тыс қолған жоқ. Спорт кешендерін, залдарды, стадиондарды тағы да басқа нысандарды салуға, қаржыландыруға бизнестің бетін бері қарату, олардың жауапкершілігін жоғарылатуда осы күндері іске асырылуда. Көктал ауылындағы 50 орынды спорт залды жеке кәсіпкер Әукенов Асылбек, Сарыбел ауылындағы 50 орынды спорт залды жеке кәсіпкер, «Жаңа Жаркент» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Есенов Айдын Кеңесбекұлы, Үшарал ауылындағы 50 орынды спорт залды Берік Сауранбаев сияқты азаматтар өз қаржыларына салып беріп, ел игілігіне пайдалануға ұсынды. Келесі жылы осы Үшарал ауылында бюджет есебінен жаңа заманауи спорт кешенінің құрылысы басталмақ.
Бұқаралық спортты дамыту – баршаның ісі. Данышпан Абай айтады. «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Әр отбасының егесі шаңырағындағы ұл-қыздарын жастайынан спортқа баулыса, салауаттылық өмір сүру қалпын насихаттауға өз үлесін қосса қазақ қоғамының болашағы жарқын болатыны сөзсіз.
Молот СОЛТАНАЕВ