«Болашақтың кілті – білімді ұрпақтың қолында» екенін ескерсек жас буынды әу бастан білім беріп қинаған жөн бе деймін… Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген жақсы сөз бар. Шын жүрегімен ұстаздық жолды таңдаған әр жан алдындағы шәкіртін туған баласынан кем көрмесі анық. Сондықтан да сол балаларымыздың жарқын болашағы үшін бүгінгі берген біліміміздің нәтижесін ертеңгі күні бірден талап етіп, сол балалардан жақсы тұлға қалыптастыра білсек – еңбегіміздің жанғаны. Бір ойшыл «Қинайтын мұғалім мен қимайтын оқушыны жақсы көремін» деп айтқан екен. Бұл жерде қинау дегеніміз қатігездік емес. Білім берген шәкіртінен жақсы нәтиже көргісі келетін мұғалім талапшыл болатыны белгілі ғой…
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген бар. Осы орайда қазақ балаларының ағылшын тілін жетік меңгергенін, кез келген мәселеге әлемдік көзқараспен қарай алғанын жаныммен қалаймын. Ағылшын тілі – БҰҰ-ның алты тілінің бірі болып саналатын, әлемдегі ең көп тараған жаһандық тіл. АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Аустралия және басқа мемлекеттерде ана тілі болып есептелетін ағылшын тілі тағы басқа көптеген елдерде ресми тіл болып табылады. Алты құрлыққа кеңінен тараған аталмыш тілде бүгінгі таңда 400 миллионнан астам адам сөйлейді екен. Сондықтан да бүгінгідей жаһандану дәуірінде көп тіл білетін адамның қоғамнан алар орны ерекше. Тіл үйренудің жалпы ешкімге ешқандай зияны жоқ қой, керісінше пайдасы ұшан-теңіз дер едім.
Тіл білімі жөнінен еліміздегі барлық мектептерде әуелі қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, екінші орынға міндетті түрде ағылшын тілін жетілдіру жолға қойылса нұр үстіне нұр болар еді. Кей өңірлерде орыс тілі, ағылшын тілінің 1-сыныптан бастап оқытылуына қарсы болған ата-аналар да кездесті. Десе де, мектептегі орыс тілі мен ағылшыннан қорыған ата-аналар балаларының үйде смартфоннан орысша, ағылшынша анимация, мультфильмдерден бас алмайтынын білер ме екен. Шындығы сол.
«Болашақта телефон, компьютер ойындарын ойнаған балаларды кітап оқыған балалар басқарады» дегенді естуіңіз бар ма? Ол рас. Мен үнемі өз балаларымнан талап еткен дүниені, сынып жетекші ретінде оқушыларыммен де бөлісе отырып, ата-аналарға да түсінік жұмыстарын жүргізуге тырысамын. Қазақ балалары ауылда қалып қалмай, көптеген тілдерді меңгеріп, биіктерден көрінгенін, ел аралап, жер көріп жүргендерін қалаймын. Сондықтан да қызықтыру, я талап ету жолдарымен болса да саналарына ағылшын тілінің ең болмағанда негізін қалыптастыруды өзіме міндет етіп алғанмын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, ағылшын тілі – ол халықаралық тіл, ол байланыс құралы, заман талабына сай кеңінен қолданылатын, жаһандық экономикадағы тіл. Ағылшын тілінің біздің заманымызда алар орны айрықша. Сондықтан, заман ағымынан қалыспай ағылшын тілін үйренейік.
Тоғжан ҚАСҚАРБАЕВА
Мен ағылшын тілі пәні мұғалімімін, полиглот болу көп тілде сөйлей алу дұрыс деп есептеймін. Тілді меңгеру үйрену сол тілде сөйлей алу артық етпейді