2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциямен өмір сүре бастады. Бұл оқиғаны тек құқықтық реформа немесе мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгеріс ретінде бағалау жеткіліксіз. Жаңа Ата Заң қоғамдағы саяси мәдениеттің де жаңа кезеңіне жол ашады. Өйткені Конституция мемлекет қандай болу керектігін ғана емес, қоғамның қандай қағидаттарды ұстануы тиіс екенін де айқындайды.
Кез келген демократиялық мемлекеттің тұрақтылығы заңдардың көптігімен емес, заңға деген құрметтің деңгейімен өлшенеді. Құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен құқықтық мәдениет қалыптасуы қажет. Азамат заңды мәжбүр болғандықтан емес, оның қоғамдық тәртіп пен әділдіктің негізі екенін түсінгендіктен сақтауы тиіс. Жаңа Конституция дәл осындай ұстанымды орнықтыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Конституцияның күшіне енуіне арналған үндеуінде еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – мемлекет пен қоғам арасындағы серіктестік қағидатын күшейту. Егер бұрын қоғам мемлекеттен бастама күтсе, ендігі жерде елдің дамуы азаматтардың белсенділігімен де өлшенеді.
Ата Заңда қоғамдық диалогтың дамуына ерекше мән берілуі кездейсоқ емес. Ашық пікір алмасу, әртүрлі көзқарастарды құрметтеу, заң аясында ортақ шешімге келу – дамыған қоғамның басты белгілері. Сондықтан қоғамдық келісім мен өзара сенім тек саяси ұран емес, конституциялық құндылық ретінде орнықтырылды.
Жаңа Конституция қоғамдағы жауапкершілік ұғымын да жаңа мазмұнмен толықтырады. Азаматтың құқығы қаншалықты маңызды болса, оның қоғам алдындағы міндеті де соншалықты маңызды. Қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, заң талаптарын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, білім алуға ұмтылу, адал еңбек ету – мұның бәрі елдің тұрақты дамуына ықпал ететін факторлар.
Қазіргі таңда мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Цифрлық технологиялардың дамуы, ақпараттың ашықтығы, қоғамдық пікірдің ықпалы мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Сондықтан жаңа Конституция азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, олардың пікірінің ескерілуіне құқықтық негіз қалыптастырады.
Саяси мәдениет ең алдымен пікір алуандығын сыйлаудан басталады. Әртүрлі көзқарас қоғамды әлсіретпейді, керісінше дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оның дамуына серпін береді. Ең бастысы – барлық пікір заң шеңберінде айтылып, ортақ ұлттық мүддені көздеуі қажет. Конституцияның үстемдігі дәл осы тепе-теңдікті сақтаудың кепілі болып табылады.
Жаңа Ата Заңда заң мен тәртіп ұғымының ерекше мәнге ие болуы да осыдан. Қоғамдағы тұрақтылық күш қолданумен емес, заңның бәріне бірдей қолданылуымен қамтамасыз етіледі. Заңның үстемдігі орныққан жерде азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады, ал сенім – кез келген реформаның табысты болуының басты шарты.
Қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда білім мен ағартудың орны ерекше. Өз құқықтары мен міндеттерін білетін азамат заңды құрметтеп қана қоймай, өзгенің де құқығына құрметпен қарайды. Сондықтан жаңа Конституция бекіткен құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі болады.
Жаңа Конституцияның күші бүгіннен басталғанымен, оның нәтижесі бірден байқалмайды. Ол уақыт өте келе азаматтардың құқықтық санасынан, мемлекеттік қызмет сапасынан, қоғамдағы өзара сенім деңгейінен көрініс табады. Конституцияның өміршеңдігі оның мәтінінде емес, сол қағидаттардың күнделікті өмірде сақталуында.
Қазақстан жаңа конституциялық кезеңге аяқ басты. Бұл кезеңнің табысы қабылданған нормалардың санымен емес, заңға құрмет көрсететін қоғам қалыптастырумен өлшенеді. Егер жаңа Ата Заң азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейте алса, онда бүгін басталған жаңа дәуірдің тарихи маңызы жылдар өткен сайын арта түсетіні сөзсіз.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
«Жаркент айнасы» газетінің бөлім редакторы










