23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Егер бұған дейінгі сайлаулар қалыптасқан парламенттік модель аясында өткізілсе, бұл жолғы саяси науқан жаңартылған Конституция негізінде құрылатын жаңа басқару жүйесінің алғашқы құрамын айқындайды. Сондықтан бұл сайлауның маңызы бұрынғылардан өзгеше.
Құрылтай сайлауының ерекшелігі – азаматтар жаңа саяси модельдің қалай жұмыс істейтінін айқындайтын өкілдерді таңдайды. Демек, бұл – тек депутаттарды сайлау емес, еліміздің заң шығару жүйесінің алдағы бағытына ықпал ету деген сөз. Қабылданатын заңдардың сапасы, мемлекеттік шешімдердің тиімділігі және халықтың үні қаншалықты ескерілетіні бүгінгі таңдауға байланысты.
Қазақстандықтардың бұл сайлауға белсенді қатысуы маңызды. Өйткені жаңа жүйенің өміршеңдігі ең алдымен азаматтардың оған деген сенімі мен қолдауына байланысты қалыптасады. Халықтың белсенділігі жоғары болған сайын сайланған депутаттардың легитимдігі артып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі де күшейе түседі.
Бұл реформаның басты мақсаты – заң шығару үдерісін тиімдірек ету, шешім қабылдауды жеделдету және мемлекеттік басқарудың жауапкершілігін арттыру. Мұның түпкі нәтижесі қарапайым азаматтардың өмір сапасына әсер етуі тиіс. Яғни тұрғындарды алаңдататын әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй, инфрақұрылым, жұмыспен қамту сияқты мәселелер бойынша қабылданатын заңдардың сапасы жақсарып, олардың орындалуына қойылатын талап күшейеді.
Сайлауға қатысу – тек азаматтық құқық емес, елдің ертеңіне ортақ жауапкершілік. Егер халық өз таңдауын жасамаса, қоғамның болашағына қатысты шешімдерді өзгелер қабылдайды. Ал белсенді азаматтық ұстаным мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халықтың сұранысын заң шығару деңгейінде көтеруге мүмкіндік береді.
Жаңа Қазақстанның басты қағидаттарының бірі – азаматтардың мемлекеттік басқаруға кеңінен қатысуы. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы әрбір қазақстандыққа елдің саяси дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан 23 тамыздағы сайлау – жай ғана кезекті саяси науқан емес, жаңарған мемлекеттік модельдің алғашқы қоғамдық бағасы әрі ел болашағына бағытталған маңызды таңдау.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»










