Қазақстан жаңа саяси кезеңнің табалдырығында тұр. Алдағы сайлау – кезекті электоралдық науқан ғана емес. Бұл – еліміздің парламентаризм тарихындағы тұңғыш Құрылтайды қалыптастыратын тарихи таңдау. Сондықтан бұл жолғы саяси додаға қойылатын талап та, қоғамның күткені де бұрынғыдан әлдеқайда жоғары болмақ.
Құрылтайдың ерекшелігі – оның тек заң қабылдайтын орган ғана емес, елдің стратегиялық бағытын айқындайтын, қоғамның үні мен мемлекеттің жауапкершілігін тоғыстыратын ең жоғары өкілді институтқа айналуында. Мұндай жағдайда әрбір депутаттың кәсіби деңгейі, мемлекеттік көзқарасы, өмірлік тәжірибесі мен жауапкершілігі бұрын-соңды болмаған маңызға ие болады.
Соңғы жылдары сайлау науқандары барысында қоғамды таңғалдырған, тіпті қынжылтқан жағдайлар аз болған жоқ. Кейбір кандидаттар халықтың сеніміне ие болатын бағдарламасын таныстырудың орнына, мінберді жеке басының мәселесіне айналдырып, көпшіліктің сынына ұшырады. Мұндай әрекеттер тек жеке адамның емес, оны ұсынған саяси күштің де беделіне көлеңке түсірді.
Бүгінгі таңда қоғам бұрынғыдан әлдеқайда талапшыл. Ақпарат ашық, халықтың саяси сауаты жоғарылады. Сайлаушы енді әдемі ұранға емес, нақты білімге, кәсіби тәжірибеге, мемлекеттік ойлауға және нәтижелі жұмыс істеу қабілетіне қарайды. Сондықтан партиялардың басты міндеті – танымал адамдарды емес, елдің мүддесін қорғай алатын, заң шығару ісін жетік меңгерген, мемлекеттік басқарудың табиғатын түсінетін тұлғаларды ұсыну.
Қазіргі әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Геосаяси тұрақсыздық, экономикалық құбылмалылық, технологиялық өзгерістер, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері әрбір мемлекеттің ішкі саясатына тікелей ықпал етуде. Мұндай жағдайда Құрылтай қабылдайтын әрбір шешімнің салмағы бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені қабылданған заңдар мен стратегиялық шешімдер миллиондаған азаматтың өміріне әсер етеді.
Алғашқы Құрылтайдың құрамына енетін депутаттар тек өз өңірінің немесе белгілі бір әлеуметтік топтың емес, тұтас мемлекеттің мүддесін қорғайтын тұлғалар болуы тиіс. Олар эмоцияға емес, білімге; популизмге емес, парасатқа; қысқа мерзімді ұпайға емес, ұзақ мерзімді ұлттық мүддеге қызмет етуі қажет.
Бұл жауапкершілік ең алдымен саяси партияларға жүктеледі. Өйткені Құрылтайдың сапасы – партиялардың кадрлық саясатының айнасы. Егер олар қоғамға кәсіби, адал, білікті, мемлекетшіл азаматтарды ұсына алса, халықтың сенімі де нығая түседі. Ал кездейсоқ адамдарға басымдық берілсе, жаңа институттың беделіне нұқсан келуі мүмкін.
Бұл сайлау бұрынғы науқандардан өзгеше. Себебі халық бұл жолы тек депутаттарды емес, жаңа дәуірдегі қазақстандық парламентаризмнің алғашқы құрамын қалыптастырады. Бұл құрам ертең елдің саяси мәдениетінің, заң шығару сапасының және мемлекеттік басқару деңгейінің өлшеміне айналады.
Сондықтан алдағы сайлауда негізгі өлшем танымалдық та, шешендік те емес. Ең басты өлшем – кәсібилік, жауапкершілік, адалдық және мемлекетке қызмет ету қабілеті болуы тиіс. Өйткені алғашқы Құрылтайдың қандай болатыны – Қазақстанның алдағы жылдардағы даму бағытына тікелей ықпал ететін тарихи фактор.
Қоғамның сұранысы өзгерді. Халық енді жай ғана депутат емес, елдің ертеңіне жауап бере алатын мемлекетшіл тұлғаларды күтеді. Ал партиялар осы үмітке лайық кандидаттарды ұсына алғанда ғана алғашқы Құрылтай шын мәнінде Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің берік іргетасына айналады.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»










