Жалпы еліміз бойынша мемлекеттік бағдарламалар тұрғысынан бас тартып, халық сұранысын нысана етіп алушы мәселелерге жататын «Білімді ұлт» сапалы білім беру» әдісіне көшу үрдісі ұлттық жобамен сабақтастықта жүзеге асырылуда.
Бұндағы негізгі мәселелер – еліміздегі балабақша тәрбиесінде оқытуды қамтумен қатар, қалалық және ауылдық білім ошақтарындағы дәріс берудегі айырмашылықтардың себептерімен күресу. Және республика аумағындағы қалалар мен ауылдарда жаңа мектептер тұрғызумен бірге тағы басқа да білім саласына қатысты біршама мәселелердің түйінін шешу жұмыстары да жүйелі түрде өз жалғасын табуда.
Мұндағы Ұлттық жоба негізгі бес міндеттен және төрт бағыттан тұрады (қысқартылып алынды):
Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапалығы және «Ойын арқылы оқыту» қағидатын басшылыққа алып мемлекеттік стандартты өзгерту.
Екінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру. Осы бағытта кешенді шаралар қабылданып, айтылмыш жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу.
Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарлануда. Осынау жоспар аясындағы істерді жүзеге асырсақ, еліміз аумағындағы үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1% — ға дейін қысқарады деп күтілуде.
Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастарды 100% қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту. Нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесі азаяды деген үміттеміз.
Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педогогикалық ЖОО) және 2 озық ЖОО құрылатын болады. Сондай-ақ, 2025 жылдың аяғына таман шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашуды жоспарлауда. Бұл жобаланып отырған әрекеттеріміздің бәрі де жастарымыздың елден кетуіне тосқауыл қоюдың бір жолы деп қарастырғанымыз жөн.
Ал, біздің аудан мектептері бойынша жалпы білім беру сапасының көрсеткіші 64%-ды құраса, облыс көлемінде 61%. Жоғарыда айтылған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы бойынша да аудан көлеміндегі барлық білім беру орындарында ауқымды жұмыстар жасалуда. Мәселен, барлық оқу ошақтарында компьютерлік құрылғылармен толыққанды қамтамасыз етумен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базаларын да күшейту бағытында біршама жұмыстар орындалуда.
Мұғалімдер де жыл сайынғы біліктілікті арттыру курстарынан арнайы дәріс алып, әдістемелік көмектерге жүгіну арқылы өздерінің жас ұрпаққа заманауи білім беруге дайын болуларының қажеттілігін сезінуде. Ұстаздардың да өз пәндеріне деген жауапкершіліктері арттырылып, білім берудегі сапалық көрсеткіштерін көтеру мақсатындағы көптеген іс-тәжірибелері өңірлік білім ошақтары арасында кеңінен таратылуда.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы шәкірттерге білім мен тәрбие берудегі тәжірибе алмасу үрдістері де жан-жақты қамтылып, жаңаша серпінмен дамуда.
Мемлекетіміздің болашағы да, негізгі тірегі де білімді жастар екендігі бәрімізге аян. Демек, өкіметіміз өз тарапынан осындай қолжетімді жобаларды жүзеге асырып жатқанда ұстаздар қауымы да қарап қалмай өз үлестерін қосуда. «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы жастар тәрбиесі мен білім сапасының артуы әрбір ұстаздың абыройлы міндеті. Өз міндетімізге әрқашанда адал болайық!
Қ. ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ