Бүгін өз сайлау учаскеме барып, азаматтық таңдауымды жасадым. Дауыс бергеннен кейін ауданымыздағы бірнеше сайлау учаскесін аралап, сайлау барысымен танысып, бақылаушылармен пікір алмастым.
Аралау барысында барлық учаскелерде жағдайдың қалыпты екенін байқадым. Дауыс беру процесі тиісті талаптарға сай ұйымдастырылған. Сайлау учаскелеріндегі жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын бақылаушылармен әңгімелесу кезінде де аңғардым. Ең бастысы, ешқандай арыз-шағымның түспегені көңілге сенім ұялатады.
Сайлау – азаматтардың өз таңдауын еркін білдіретін маңызды қоғамдық-саяси үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күннің басты ерекшелігі – тұрғындардың өз еркімен сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымдарын білдіруі.
Ауданымыздағы кейбір сайлау учаскелерінің алдында дауыс берушілер үшін түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылғанын да көрдім. Тұрғындар спорттық жарыстарға белсенді қатысып, өзара бақ сынап, тіпті жүлделі орындарға ие болып, сыйлықтар алып жатты. Мұндай шаралар сайлау күнінің мазмұнын байытып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық.

Дегенмен, кез келген сайлаудағы ең маңызды мәселе – азаматтың таңдау еркіндігі. Бүгін сайлау учаскелеріне келген әр азамат өз таңдауын ешкімнің араласуынсыз, еркін түрде жасады. Елдің ертеңіне алаңдаған, мемлекеттің болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың өздері келіп, дауыс беруі – қоғамдағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Меніңше, мұның барлығы елімізде сайлау мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Азаматтардың өз құқықтарын білуі, саяси сауаттылығының артуы және қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуы – азаматтық қоғамның дамуы үшін аса маңызды.
Сайлау мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығы, қоғамдық жауапкершілігі және ел тағдырына деген жанашырлығымен бірге дамиды. Өз таңдауын жасауға келген әрбір азамат – елдің болашағына өзіндік үлесін қосып отырған азамат.

Бүгінгі сайлау барысын көріп, тұрғындардың белсенділігіне куә болдым. Бұл – халықтың ел болашағына немқұрайлы қарамайтынын, өз азаматтық құқығы мен міндетін жақсы түсінетінін аңғартады.
Еліміздің қоғамдық өмірінде азаматтардың осындай белсенділігі арта берсе, бұл мемлекетіміздің демократиялық институттарының одан әрі нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы










