Бүгін Панфилов ауданы бойынша 15-ке жуық сайлау учаскесін аралап, дауыс беру барысымен таныстым. Заңгер ретінде сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық мәселелеріне назар аударып, қажет болған жағдайда дауыс берушілерге заңгерлік кеңес беруге дайын болдым.
Алайда аралаған учаскелердің барлығында дауыс беру барысының ойдағыдай өтіп жатқанын көрдім. Ешқандай дау-дамай, түсініспеушілік немесе азаматтардың құқықтарына қатысты мәселе кездеспеді. Сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, азаматтар өз таңдауын еркін жасап жатты.
Бұл сайлауда мені ерекше қуантқан нәрсе – жастардың белсенділігі болды. Көптеген сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген жастардың қарасы қалың екенін байқадым. Бұл – өскелең ұрпақтың ел болашағына бейжай қарамайтынын, өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінетінін көрсетеді.
Аралау барысында бірнеше жас сайлаушымен сөйлесіп, олардың пікірін тыңдадық. Қазіргі жастардың қоғамдық-саяси мәселелерге көзқарасы қалыптасқан, олар өз болашағына қатысты мәселелерге белсенді араласуға ниетті.
Әңгіме барысында жастардың саяси өмірдің сауатты әрі ашық болғанын қалайтыны байқалды. Олар халық пен билік арасында алшақтық болмауы керектігін, мемлекеттік басқарудың басты мақсаты – халыққа қызмет ету екенін жақсы түсінеді.
Маған әсіресе жастардың өз қатарластарына сайлауға белсенді қатысуға шақырып жүргені ұнады. Бұл олардың тек өз таңдауын жасап қана қоймай, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің артуына үлес қосуға ұмтылатынын көрсетеді.
Жастардың мұндай ұстанымы қоғам үшін өте маңызды. Себебі елдің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Қоғамдық және саяси үдерістерге белсенді араласатын, өз құқығы мен міндетін білетін, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын жастар бар жерде мемлекеттің де болашағы жарқын болады.
Сайлау барысында көргеніміздей, бүгінгі жастардың талабы да, талғамы да жоғары. Олар ашықтықты, әділдікті, жауапкершілікті қалайды. Мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімнің нығаюын маңызды санайды. Бұл – қоғамның саяси мәдениеті қалыптасып келе жатқанының жақсы белгісі.
Жалпы, Панфилов ауданындағы сайлау учаскелеріндегі ахуалды жоғары бағалауға болады. Дауыс беру үдерісі ұйымдасқан түрде, тыныш әрі талапқа сай өтті. Азаматтар өз таңдауын еркін жасап, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Ал жастардың белсенділігі бізге ерекше ой салды. Жастары белсенді елдің болашағы да жарқын. Бүгін өз таңдауын жасауға келген әрбір жас – ертеңгі ел дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан олардың қоғамдық өмірге араласуы мен азаматтық ұстанымының қалыптасуы – баршамыз үшін қуанышты жағдай.
Бекболат АҚША,
«Жаркент айнасы» газетінің бөлім редакторы










