Рас, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан ерекше. Қоғам дамып, демократиялық құндылықтар алға озған сайын азаматтардың саяси сауаты артып, болашаққа қажетті шешімдер таразыға түскен сәтте үнсіз қалмайтын жағдайға жетті. Соңғы кездері Қазақстан Республикасы Президентін сайлау ісіне өңірдегі жастар да белсене араласып, өз таңдауларын жасауға асығып жүр десек еш қателеспейміз.
Сайлау – кез келген елде уақыт талабымен жүзеге асатын демократиялық таңдау жүйесі. Президент, Парламент, жергілікті мәслихат сайлауы болсын азаматтарға конституциялық таңдау құқығын жасауға әрі саясат пен мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуға мүмкіндік беретін қоғамдық қатынас жүйесі. Осы жүйенің ішіндегі Президент сайлауы маңыздылығы жағынан бәрінен жоғары. Өйткені мемлекет тізгінін ұстайтын адамның білімі, біліктілігі, саяси һәм экономикалық ұстанымы мен демократиялық көзқарасы болашақта біздің мемлекетіміздің халықаралық ареналардағы бейнеміз, үніміз, сөзіміз болып саналады. Сондықтан Президент сайлауы саяси-экономикалық маңыздылығы жағынан ғана емес, ел тағдыры таразыға түсер, болашақ бағдары қалыптасар мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастырғанда ауқымды шара.
Қазақстан – адам құқығы мен бостандығын, ой еркіндігін негіз етіп алған қайырымды қоғам құруға талпынып келе жатқан мемлекет. Үстіміздегі жылдың басында болған «қаңтар қасіреті» еліміздегі көптеген кемшіліктің бетін ашып, жаңа ғасырға ескі құндылықтардың жамау бола алмайтынын айғақтап берді. Әділетті қоғам құруда түбегейлі және жан-жақты ойластырылған реформалар керегін уақыт өзі алға тартып отыр.
Ғаламдық геосаясат шатқаяқтап тұрған қысылтаяң кезеңде мемлекетті кез келген ішкі және сыртқы тығырықтан шығара алатын, саяси-экономикалық өрлеу мен нәтижелі реформа құра білетін, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолын таба алатын қажырлы, қайратты тұлғаны басшылыққа сайлау барлық елдің арманы. Елдегі ең жоғарғы лауазымды өзінің жеке басының танымалдылығын арттырып, әулетінің тұрмыстық жағдайын жақсартып алу мүмкіндігі тұрғысынан қарастыратын, әмірін жүргізіп, ықпалын күшейтетін құзірет санайтын адамдардың дәурені өткенін бағамдайтын кез жетті. Қарапайым тілмен айтқанда Президент – халықтың сеніміне ие болған жалдамалы қызметкер. Мемлекеттік менеджер. Миллиондаған адамның ортақ мүддесі мен саяси көзқарасын айқындайтын лауазым иесі. Әділетті қоғам қалыптастыру парасатты президенттің қолында. Бұл сайлаудың маңыздылығы да, өзгешелігі де осында. Сондықтан 20-қараша Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына баршамыз қатысып, біркісідей атсалысайық ағайын! Мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын лайықты тұлғаны таңдайық. Өзіміздің, болашақ ұрпағымыздың жарқын өмірі мен келелі келешегі үшін таңдау жасайық жерлестер. Өйткені әркімнің дауысы маңызды. Болашақ сіз бен біздің қолымызда екенін естен шығармайық.
Медет МҰҚАТАЙ,
Панфилов аудандық
Мәслихатының депутаты.