Қазіргі заманда электр энергиясы экономиканың барлық саласының дамуына серпін беретін негізгі ресурстардың біріне айналды. Өнеркәсіптің өркендеуі, өндіріс орындарының көбеюі, ауыл шаруашылығының жаңғыруы, жаңа технологиялардың енгізілуі – мұның бәрі тұрақты әрі жеткілікті энергия көзіне тікелей байланысты. Әсіресе әлемде цифрландыру үдерісі жеделдеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейіп жатқан кезеңде электр қуатына деген сұраныс бұрынғыдан да арта түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту стратегиялық міндет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазіргі кезеңді шын мәнінде «электр дәуірі» деп атауға болады. Сондықтан еліміз өзінің табиғи ресурстық әлеуетін энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеуге тиімді пайдалануы қажет.
Шынында да, бұл – уақыт талабынан туындаған өзекті мәселе. Қазақстан табиғи байлыққа кенде емес. Елімізде көмір, мұнай, газ қоры жеткілікті болғанымен, энергетикалық қуат тапшылығының сезілуі саланың дамуында шешімін күткен түйткілдердің бар екенін көрсетеді. Қыс мезгілінде электр энергиясына сұраныс күрт артып, көрші мемлекеттерден қосымша қуат сатып алуға мәжбүр болсақ, жаз айларында артық энергияны төмен бағамен экспорттауға тура келеді. Мұндай жағдай экономикалық тұрғыдан да, энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан да тиімді емес.
Президенттің жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы энергетикалық нысандар мен электр желілерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы осы мәселелерді жүйелі шешуге бағытталған. Әсіресе 2029 жылға қарай елімізде электр энергиясын артығымен өндіретін мүмкіндік қалыптастыру міндеті саланың алдына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Меніңше, бұл бағытта дәстүрлі энергетикамен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілуі керек. Себебі Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы күн және жел энергетикасын өркендетуге мол мүмкіндік береді. Кең байтақ даламыздағы күн сәулесінің молдығы, желдің тұрақты соғатын аймақтардың болуы – біз тиімді пайдалануымыз қажет табиғи артықшылықтар.
Осы орайда Жетісу облысында, соның ішінде Панфилов ауданында қолға алынған жұмыстарды атап өтуге болады. Өңіріміздің табиғи ерекшеліктері күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы. Жылдың басым бөлігінде күн ашық болып, күн сәулесінің мол түсуі осындай жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Биыл Жаркент қаласының маңында «Жаркент-2» күн электр станциясы пайдалануға берілді. Бұл – «Jetisu Terra Power» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған, құны 5,8 миллиард теңгені құрайтын маңызды инвестициялық жоба. Оның жеке белгіленген қуаты 20 мегаватт болса, наурыз айында іске қосылған «Жаркент-1» станциясымен бірге екі нысанның жалпы қуаты 40 мегаваттқа жетті.
Жаңа станция жылына 33 миллион киловатт-сағатқа дейін таза электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Бұл Жаркент қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті көлем. Екі станция орналасқан жалпы аумаққа 62 мың күн панелі орнатылды. Әр панельдің қуаты 650-680 ватт аралығында. Олар таңғы сағат бестен кешке дейін күн сәулесін электр энергиясына айналдырады.
Бұл жобаның маңызын тек өндірілетін электр энергиясының көлемімен өлшеуге болмайды. Ең алдымен, ол өңірдегі генерациялау қуатын арттыруға, электрмен жабдықтау сенімділігін нығайтуға және Қорғас агломерациясында дамып келе жатқан өндіріс орындары мен кәсіпорындардың энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені ауданымыздың географиялық орналасуы мен экономикалық әлеуеті электр энергиясына деген сұраныстың алдағы уақытта да өсе түсетінін аңғартады.
Панфилов ауданы Қытаймен шекаралас орналасқан, халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталығы саналады. Қорғас құрғақ порты, теміржол және автомобиль көлігі инфрақұрылымы, өндірістік және логистикалық нысандардың дамуы өңірдің экономикалық маңызын арттырып отыр. Мұндай жағдайда энергиямен тұрақты қамтамасыз ету – жаңа кәсіпорындар ашудың, инвестиция тартудың және жұмыс орындарын көбейтудің басты шарттарының бірі.
Сондықтан күн электр станцияларының іске қосылуы ауданымыздың болашақ дамуына қосылған нақты үлес деп білемін. Әрине, 40 мегаватт қуат бүкіл еліміздің энергетикалық тапшылығын шешпейді. Алайда өңірлік деңгейде қосымша генерация көзін қалыптастырып, электрмен жабдықтау жүйесінің мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізеді. Үлкен энергетикалық қауіпсіздік осындай нақты жобалардан басталады.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңартылатын энергия көздері қоршаған ортаны қорғауға да оң ықпал етеді. Күн сәулесінен электр өндіру кезінде атмосфераға зиянды қалдықтар шығарылмайды. Бұл – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып қана қоймай, келешек ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыруға бағытталған қадам. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері энергетикалық саясатында осы бағытқа басымдық беріп отырғаны да тегін емес.

Президент Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту, деректерді өңдеу орталықтарын салу, экономиканы жаппай цифрландыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Мұның бәрі электр энергиясына деген сұранысты еселеп арттыратыны анық. Демек, біз энергетика саласын бүгінгі қажеттілікпен ғана өлшемей, ертеңгі экономиканың талабына сай дамытуымыз керек. Қуат көздері жеткіліксіз болса, ең озық технологияны енгізудің өзі қиынға соғады.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңартылатын энергетиканы дамыту – уақытша үрдіс емес, еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі. Дәстүрлі электр станцияларын жаңғыртып, жаңа генерация қуаттарын іске қосумен қатар, күн мен жел энергетикасын өркендету арқылы энергетикалық жүйенің мүмкіндігін кеңейте аламыз. Бұл бағыттар бір-біріне қарсы қойылмай, өзара толықтырып отыруы тиіс.
Әрине, энергетика саласында шешімін күткен мәселелер аз емес. Жаңа нысандар салумен бірге электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру, энергияны сақтау технологияларын енгізу, білікті мамандар даярлау және заманауи басқару жүйелерін дамыту қажет. Себебі өндірілген электр энергиясын тұтынушыға үздіксіз әрі сапалы жеткізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазіргі таңда екі нысанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – аудан экономикасына қосылған тағы бір үлес. Жаңартылатын энергетика саласы жаңа технологиялармен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс қалыптастырып, жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға да мүмкіндік береді.
Менің ойымша, Мемлекет басшысы алға қойған энергетикалық міндеттерді орындау үшін әр өңір өз мүмкіндігін тиімді пайдалануы керек. Бір жерде су энергетикасы дамыса, екінші жерде жел мен күн энергиясын өндіруге басымдық берілуі мүмкін. Ең бастысы, әрбір жобаның ел экономикасына, халықтың тұрмыс сапасына және өңірдің болашағына нақты пайдасы болуы қажет.
Біз Жаркент өңірінде жүзеге асқан күн электр станцияларының жұмысы арқылы осы бағыттағы ортақ іске өз үлесімізді қосып келеміз. Алдағы уақытта да жаңартылатын энергия көздерін дамыту, өндіріс қуатын арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру ел дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала беретініне сенімдімін.
Өйткені энергетикалық тәуелсіздік – экономикалық дербестіктің кепілі. Қуаты жеткілікті мемлекет қана өндірісін өркендетіп, жаңа технологияларды игеріп, болашаққа сенімді қадам жасай алады.
Серікбай КӨБЕЛЕКОВ,
энергетик










