15 қарашада жұмыс берушілер мен кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша тиімді ынтымақтастық жүргізу мақсатында Жаркенттегі көпсалалы колледжде «жұмыс берушілер күніне» арналған іс-шара өтті. Бұл игілікті шараны өткізудегі көзделген негізгі мақсат колледжде жұмысшы мамандарды даярлаудың сапасын арттыра отырып жұмыс берушілермен тиімді өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту.
Бүгінде колледж заман талабына сай бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауда. Колледж бұрындары 7 сала бойынша мамандар дайындап келсе, биылғы оқу жылынан бастап «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығын ашып, оны игеруді қолға алыпты. Осыған орай аудандағы колледжді қамқорлыққа алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден, мекемелерден, кәсіпорындардан, ұйымдардан келген 13-тен астам уәкілдермен және жеке кәсіпкерлермен кездесу өтті.
Алғаш сөз алған Жаркент көпсалалы колледж директорының орынбасары А.К.Қожаханов жиналғандар мен бітіруші топтарды құттықтай отырып, 1978 жылы ауылшаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесі болып ашылған оқу орнының тарихымен таныстырды. Тыңдаушыларға бұл білім беру ордасы 2013 жылдан бастап «Жаркент көпсалалы колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны деп аталатындығын жеткізді. Өздеріне еліміздегі өркендеп келе жатқан өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндеті жүктеліп отырғандығын, сондықтан да дуальды оқыту жүйесінің тиімділігіне тоқталды.
Кезегімен сөз алған шараға қатысушы жұмыс берушілер де білгірліктерін көрсетіп, өз кәсіпорындарының күнделікті тыныс-тіршілігімен, атқаратын қызмет түрлерімен таныстырып, тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтарға толымды жауап берді.
Колледж директоры Бажиев Байұзақ Сағындықұлы оқытушылар мен білім алушылардың жұмыс берушілермен диалог алаңындағы көтерілген өзекті мәселелерді қорытындылай келе болашақтағы қолға алатын мамандықтар жайлы айтты. «Алдағы уақытта газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану, жиһаз өндірісі (түрлері бойынша), жүк көтергіш машиналар мен транспортерлер мамандықтарын ашу жоспарлануда», – деді колледж директоры.
Сондай-ақ колледж басшысы студенттердің біліктілігін арттыруға үлес қосып отырған әлеуметтік серіктестері – «Қамқорлық» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «Жаркент-Арасан» шипажайы, «ТАТЭК» АҚ басшыларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар осы үздік жұмыс беруші серіктестеріне жергілікті органдардың, Қазақстан Респубикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Шара барысында колледж бойынша таныстыру экскурсиясы жүргізілді. Содан кейін жұмыс берушілер мен қонақтар студенттердің мамандықтар бойынша ұйымдастырылған шығармашылық көрмесін тамашалады.
Молот СОЛТАНАЕВ