Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының барысында осы елдің басшысы Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті.
Мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы көрнекті орындардың бірі «Төле би кесенесі» сәулет кешеніне барды. Бұл жерде қазақтың біртуар перзенті Төле би жерленген. Ташкент қаласының территориясында орналасқан кесене XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты халықаралық конгресс орталығында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Содан кейін құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.
– Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің Жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат Өзбекстанның одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді.
Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады.
Президенттер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, машина жасау, логистика, көлік, энергетика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.
Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
– Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
– Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз, – деді Өзбекстан Президенті.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Сондай-ақ елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды.
Сонымен қатар ресми делегациялардың мүшелері мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойды:
-
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы негіздемелік келісім;
-
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы Электрондық сауда жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
-
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
-
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
-
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
-
2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
-
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
-
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
-
Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
-
Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы
-
Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
-
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ арасындағы келісім;
-
«Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім;
-
«Қазфосфат» ЖШС, «Узкимёсаноат» АҚ және KP Fertilizers Ltd. арасындағы Өзбекстан Республикасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісім;
-
«PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум.