Қазақстан тарихының ең бір қасіретті кезеңін құрайтын ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы күштеп ұжымдастыру мен аштық зобалаңы және кеңестік күштеу тәсілдеріне қарсы халық көтерілістерін тәуелсіздік тұрғысында зерделеу отандық тарих ғылымы үшін маңызды. Қазақтан тарихының кеңестік кезеңінің ақтаңдақ беттері қазақ халқының бұдан әргі өміріне ерекше әсер еткен тарихи оқиғаларға толы. Отызыншы жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихы XX ғасыр зұлматты парақтарын құрайды. Қазақстанда ұлттық жадының тарихи жаңғыруы көрші елдерде бұрынғы метрополиялық ұстанымдардың жарық көруіне әсер етуде. Ресейде жарық көрген тарихи зерттеулер тақырыбының өзінен-ақ көп нәрсе аңғарылады. «1932-1933 жылдардағы аштық және Қазақстан Республикасындағы жады саясаты» [1], «Болмаған «қазақ геноциді» [2] тақырыптарының астарында тек тарихи пайым, ғылыми зерделеу жатыр деуге келмейді. Қазақстандық тарихшылар қауымына да жауырды жаба тоқымай, тарихтың шытырманы да, сорабы мен қайшылығы көп парақтарын саралау міндеті қойылып отыр.
Ауыл шаруашылығын кеңестік үлгіде модернизациялау салдарынан Қазақстанның әр қиырында халық көтерілістері бас көтерді. Шаруаларды меншіктен айыру, ұжымдастыру, дайындау науқандарының қатаң күштеу тәсілдерімен жүзеге асырылуы халықтың наразылығын туғызды. Ауыл шаруашылығын кеңестік модернизация тәсілі мен оған қарсы шаруалар қарсыласуын бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Қазақстандағы шаруа көтерілістерінің көп ауқымды қамтыған, қатыгездікпен басып жаншылған аймақтарының бірі – Жетісу өңірі болды. Жетісу өңіріндегі шаруалар бас көтеруі Қазақстанның басқа өңірлерінен ерте, 1928 жылдан көрініс бере бастады. Күштеп ұжымдастыру, астық, ет дайындау саясатындағы қысым апатты көлемдегі босқыншылықты туғызды. Жетісу өңірінің Қырғызстан, батыс Қытаймен шектес аудандарындағы қарулы босқыншылық шаруалардың әлеуметтік қарсылығының түрі болды. Әсіресе, көптеген жетісулық шаруалар Қытайдың Шыңжаң өңіріне босты. Жетісу өңірінің шекаралалық аудандары жергілікті шаруалары ғана емес, жан сақтау үшін Қытайға өту мақсатымен басқа округтерден келген шаруалардың да транзиттік жолағына айналды. Ауыл шаруашылығын қайта құру Жетісу өңіріндегі халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігін басқа арнаға бұрып, ұлттық дамуда көзге зияны әлі сезіліп тұрған демографиялық апаттарға әкелді. Жетісудағы Батыс Қытаймен шектесетін өңір әрі шекаралық аудан саналған Жаркент ауданында (уезі) кеңеске қарсы беймаза әрекеттер жиі орын алып тұрды. 1992 жылдың 7 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасы комиссиясының қорытындысында: «Қасірет ауқымының ғаламат болғаны сонша, біз оны геноцид саясатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айта аламыз. Мұндай анықтама «геноцид қылмысынан сақтандыру және ондай қылмыс үшін жазалау туралы» халықаралық конвенцияда көрсетілген халықаралық құқықтың қатаң 151 сана-сезімін де, рулық тұрмысының байланыстарын да бұза алған жоқ», — деп ол кезде әлі қарқын алмаған қазақ босқыншылығының табиғатын түсінуге құнды пікір білдірген [3.66-б].
Тарихи зерттеулер 1929-1931 жылдар кеңестік күштеу саясатына қарсылықтың айрықша белсенді болған кезі ретінде қарастырады. Бұл аралықта Қазақстанда 372 шаруалар бас көтеруі болған. Солай дегенмен де Жетісу өңіріндегі халық наразылығы 1928 жылдың өзінде-ақ көрініс бере бастады. Жетісу өңіріндегі кеңестік күштеу шаралары, халықтың наразылығының тұрақты армия бөлімдері күшімен басып-жаншылуы, босқыншылық пен аштық көріністері де геноцид саясатының көрінісі деуге негізі бар қылмыс санатында. Өкінішке орай, айтылған Жоғары Кеңес төралқасы комиссиясы қорытындысынан кейін, әртүрлі себептерге байланысты Жетісудағы 20-30 жылдар қасіреті жеткілікті зерттелмеді деуге мәжбүрміз. Жетісудің Алакөл, Бүйен-Ақсу, Сарқан, Жаркент, Қордай, Балқаш, Қастек, Қарқара, Шелек, Калинин және тағы басқа аудандардағы халық көтерілістерінің себептері, басшылық жасаған тұлғалар, кейінгі кезеңге тигізген зардаптары мәселесі толыққанды шешілмеген күйде қалды. Араға 28 жыл салып, 2020 жылдың 24 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды [4]. Жетісудағы 1928-1933 жылдардағы тарихи оқиғалар, халық көтерілістері зерттелуі бүгінгі Қазақстан қоғамы керектігін өткір сезініп отырған отарсыздану (деколонизация) процесін жеделдету тұрғысынан да өзекті екенін айтып өтуіміз керек.
Халық наразылығы 1928 жыл қарсаңында аз мөлшерде басталған ішкі және сыртқы босқыншылыққа ұласты. Бұрын да аз мөлшерде малын айдап шекара асып жататын бейбіт шаруалар көші тұтас ауылдарды ұйымдастырған қарулы босқыншылыққа ұласты. Шаруалар өздері қарулы отрядтар құрып, соның күшімен шекарадан өтіп, көшіп жатты. Босқындар қатарында көп жерлерде кеңес өкіметінің тірегі болған партия мүшелері, мүшелікке кандидаттар, комсомолдар да болды. Ауыл шаруашылығын кеңестік үлгіде модернизациялау саясатының сәтсіздігін «бай-кулактардың арандатуынан» көрген Жетісудағы жергілікті өкімет коммунистер мен комсомолдардан ерікті отрядтар, комотрядтар құрып, оларды әскери жаттықтырудан өткізіп, қару-жарақпен қамтамасыз етіп көтерілісші шаруаларға қарсы салды. Шекаралық аудандардағы комотрядтар мен тұрақты әскери бөлімдер нашар қаурланған босқындарды асқан қатыгездікпен тонады.1930 жылдың көктеміне қарай Одақ бойынша дайындау науқандары терең дағдарысқа ұшырап, аштық қаупіне ұрынған халық ашық көтеріліске шықты. Қызылағаш, Ақсу, Қапал, Ақкөл ауылдары көтерілісшілер қолына өтті. Көтерілісші шаруаларды Балқашта Әбдібек Нұрабаев, Көшербай Құрамысов, Шұбарда Түгембай Нартайлақов, Оспан Саматаев, Бүйен Ақсуда Бисетай Қылиев, Қалдыбай Қылиев, Қожахмет Әділбеков, Шелекте Дары Садықов, Сұлтанбеков, Қоғалыда Әлімжан Құжанов, Құндақбай Төлендинов, Қарқара ауданында Мергенбай Жаманкөзұлы, Жақыпберді Солтанбекұлы және т.б. басқарды. Жазалушы тараптың көтерілісшілерге қарсы авиация пайдалануы шайқастардың тағдырын шешті. 1930 жылғы көтерілістер аяусыз жаншылғанымен, шаруалар наразылығы 1931 жылы қайтадан жалғасты. 1931 жылдың аяғы 1932 жылда Жетісуда мал басы күрт кеміп, босқан жұрттан қалған шаруалар аштыққа ұшырады. Аштық Қазақстанның 32 ауданында орын алған болса, Жетісу өңірінде Қаратал, Жаркент, Талдықорған, Сарқан, Октябрь, Малайсары аудандарында айрықша зардапты болды. Түріксіб темір жолы бойындағы «Союзмясо» мекемесі қоймаларына аш шаруалардың қарулы шабуылдары үдеді. Үштөбедегі қасапханаға 2000-ға жуық шаруалар шабуыл жасаған. Жетісу өңірі тұрғындары аштық азабымен қоса, жұқпалы аурулар қасіретін тартты. Жетісу өңірінің Талдықорған, Жаркент, Шелек, Қарқара аудандары өзара жалғасып жатқандықтан, 1930-1931 жылдардағы шаруа көтерілістер оқиғалары өзара араласып жатты. Бұл аудандардың географиялық орналасу ерекшеліктері мен халық тығыздығына байланысты шаруалар наразылығы шағын топтар арқылы көрініс тапты. Шекаралаық аймақтарда әрекет еткен қарулы шаруалар топтарын ОГПУ құжаттары «жергілікті» және «шетелдік банда» деп жіктеп отырған. Бұл арада шетелдік көтерілісшілердің Қытайдың саяси мүддесін көздеген өкілдігі деп көрсетуге негіз жоқ. Шағын отрядтар шекара аудандарында жергілікті өкімет мекемелеріне шабуылдап, кооперативтерді тонап, колхоз малдарын айдап әкетумен шұғылданған. Біз қарастырып отырған жылдар үшін қарулы шару топтарының басты мақсаты өңірдегі кеңес өкіметінің аграрлық саясатынан қашқандарды Қытайға қауіпсіз өтікізу болған. Жетісу өңіріндегі босқыншылық қарулы көтеріліс сипатында болды. ОГПУ, партиялық құжаттарда «бандалар» «банда тобыры» деген топтардың барлығы кеңестік саясатқа наразы көтерілісшілер болды. ОГПУ-дің 1930 жылдың 10 қыркүйегіндегі жедел барлау ақпарында 6 қыркүйекте Талдықорған аудандық уәкілдігі Жаркент қаласынан солтүстік батысқа қарай 110 шақырым жердегі Царицин селосының солтүстік жағында Сарноқай тауында орыс және жапон винтовкалары бар 120-150 адамнан тұратын қарулы көш 800 бас малды айдап, Көксу өзенімен Қытай шекарасына беттеген. Көшкен шаруаларды ұстау кезінде атыс болып, босқындардан 200 бас мал алынған. Босқындардың қалған бөлігінің әрекетін барлау мақсатында Алматыдан самолет шығарылып, әуе барлауы Сарноқай тауларынан, Көксу селосынан солтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерден, Царициннен шығысқа қарай 20-25 шақырым жерден босқындар қосындарын анықтаған. Босқындарды талқандау мақсатында Талдықорғаннан аудандық уәкіл шығып, әуе барлауы арқылы анықталған босқындар қосындары толық жойылған. Көшуші шарулардан 211 қой, 40 жылқы, 18 бас ірі қара алынған. Босқындардың бұл тобынан бөлек бірінші тобы жол бермес асуларды пайдаланып, Қытайға өткен [5.177п].
Шелек ауданында қарулы отрядтардың күзетімен Қытайға өтуге талпынғандар шаруалар легі толастамаған. 1930 жылдың 13 ақпанында ауданның байлары Алматыдан солтүстік-шығысқақарай 120 шақырым жердегі Зацевск аулынан 200 адам болып Қытайға өтуге талпынған. Шаруалар көшін Қытайдан келген 16 адамнан тұратын қарулы отряд қорғаған. Шекара күзетімен болған бетпе-бет шайқаста көтерілісшілер тарапынан 16 адам қаза тауып, 5 шаруа және 90 жанұя ұсталған. Көтерілісшілерден 18 әртүрлі жүйедегі винтовка, 3 пұт апиым, 100 бас мүйізді ірі қара алынған. 23 ат жараланған, өлген. Қарулы топқа сүйенген көштің бір бөлігі Қытайға өте алған. Шекара күзеті жағынан бақылау-өткізу пунктінің бастығы Горабец қаза болып, Голощюк атты шекарашы мен бір қызыләскер жараланған [5.58]. 1930 жылдың 7 наурызындағы құпия жедел-барлау ақпарында 28 ақпанда Шелектен солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жердегі Ұрындай деген жерде 15-20 адамдық контрабандамен атағы шыққан Дары Садықов пен Шығысовтың қарулы көтерілісшілері байқалған. Оларды жою мақсатында Шелектен 20 салт атты комотряд шығып, 27 ақпан күні уәкіл Маркенов бастаған 45 адамдық отряд ұрысқа түскен. Шайқас нәтижесінде көтерілісшілер 1 жаралысын қалдырып, Қолжат шекара ауылына қарай ығысқан. Оларды түре қуған жазалаушылар 16 ат, 4 түйе, бір мылтық, 12,1 пұд апиым тәркіленген. 49 Шекара отрядының бастығы Шиповтың мәліметтері бойынша 28 ақпан күні Жақыпберді Сұлтанбековтың 20 салт атты шетелдік тобы Жалаңаш жазығынан солтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жердегі Ұзынбұлақ ауылында жүрген. 1 наурыз күні Сұлтанбеков бастаған көтерілісшілерді жою үшін 20 шекарашысы бар Шекара отрядының бастығы Шиповтың отряды шығарылды. Маркенов бастаған комотрядқа Шиповтың қарамағына өту бұйырылды. 2 наурызда 100 адамға жеткен Жақыпберді Сұлтанбеков, Дары Садықов, Абис Сембаевтар Қарқара ауданының Шет Меркі өзені бойында орныққан. ОГПУ мәліметтерінде Садықов тобының өздеріне қосылғысы келмеген адамдарды тонайтыны, жергілікті байларды шетелге көшіріп алып кету үшін келгені айтылған. ОГПУ Садықов отрядының тонаушылық фактілері келтірмеген. Көтерілісшілердің қолында тексерілмеген мәліметтер бойынша 8 маузер, бомба, 1 автоматты винтовка, 3 линиялы винтовкалар болған. №2 Шелек жедел учаскесі бастығының мәліметіне қарағанда, 3 наурыз күні Шелектен оңтүстік шығысқа қарай 70 шақырым жердегі Құлық тауында көтерілісшілер милицияға оқ жаудырып, 2 атын өлтірген. Көтерілісшілер жағынан қаза тапқандар мен жаралылар болған. Тұтқынға түскен 2 көтерілісші бас көтерушілердің жетекшісі Султанбековтің өлтірілгенін, ереуілшілер Аласа тауына қашқанын хабарлаған. Көшіп бара жатқан шаруалардан 18 ат, 7 түйе, 8 мүйізді ірі қара және мүліктер мен азық-түлік алынған. Жазалаушылар жағынан комотряд мүшесі Дьяченко және 2 ат жараланған. Ал 14 наурызда № 49 шекара отрядының бастығы Шиповтің хабарламасында көтерілісшілер басшысы Сұлтанбековтің жанұясы ұсталғаны, көтерілісшілерге көмектескені үшін Шелек ауылкеңесінің құрамы тұтқындалғаны айтылған. Мініс аттары болдырған Шипов отряды Құлық тауына қашып кеткен көтерілісшілерді қуа алмаған. Көтерілісшілерді қууға Копытовский басқарған взвод шығарылған. 11 сарбазы қаруланған 30 адамнан тұрған көтерілісшілер тобы №39 шекара бекетінен Қытайға өтіп кеткен [5.85,86,101-пп].
Ал 15 қарашадағы ОГПУ-дің жедел барлау ақпарында Қырғыз АССР-нің Тоқмақ ауданында дүнген, тараншы және қазақтардың шетелге өтуіне қызу дайындық жүргізіліп жатқаны айтылған. Босқындар Іле аңғарымен Қолжат заставасы арқылы Қытайға өтіп кетуді жоспарлаған. Босқындардың қытай шекарасына емін-еркін өтуін қамтамасыз етуге Дары Садықовтың тобы көмектесіп жатқаны көрсетілген. Осы орайда көтеріліс басшысы ретінде көрсетілген Дары Садықовтың жеке тұлғасына тоқтала кетсек. Кеңестік чекистердің ерлігін көрсетуді мақсат еткен арнайы еңбектерден бөлек, Дары Садықов туралы арнайы зерттеу жасалған емес. СОКП бас хатшысы К.У.Черненкоға арналған О.Мухиннің деректі повесіндегі диалогтарда Дары Садықов туралы: «Бір кезде ол біздің қолымымзға түскен. Сотталған. Кінәсін мойындағаны үшін аз мерзімге сотталған. Дары тиісті мерзімін отырып шыққан. Басылғандай болған. Етікші болып жүрді. Ал кейін қайтадан ескі әдетіне басты. Тек бұрын саясатқа жанаспай контрабандамен айналысса, енді буржуазияшыл ұлтшыл болып кетті. Оны, сатып алған болуы керек.» — деген жолдар бар [6.95]. Архив деректері Дары Садықовтың бірінші сотталуы 1924 жылы болғанын көрсетеді. 1924жылдың 16 ақпанындағы айыптау қорытындысында Дары Садықовтың Исламқожа Кегенбаев, Якуб Сайт-Пакемен бірлесіп Шелек өзенінің бойындағы Малыбай және Ассы ауылдарының ортасында 300 адамдық топпен, өздерімен бірге апиым, терілер алып, Қытайға барып қайтқан. Ішінде Дары Садықов бар 10-12 адамдық винтовкамен қаруланған топ контрабанда жеткізушілерді қорғаған. 1923 жылдың қарашасында Дары Садықов шекарашылар қолына түскен. Іске тіркелген шекарашылар рапортында «біз көптен бері іздестіріп жүрген, контрабандистердің көсемі» деп сипатталған Дары Садықов Қарасубек болыстығының Манап деген жерінде алдын ала дайындалған тосқауылдың нәтижесінде ұсталып, Алматыға жеткізілген. 1923 жылдың 21 қарашадағы Дары Садықовты тергеу хаттамасында оның Қорам-Шелек болыстығы Ассы ауылында туған, тараншы, диқан, сауатсыз, 33 жаста екені көрсетілген [7.47,59,65-пп].
15 қараша1930 жылғы ОГПУ мәліметтерінде осы органның Шелек ауданындағы уәкілінің 6 қарашадағы ақпары бойынша Кузнецов бастаған 10 адамнан тұратын комотряды Торайғыр тауларында Бауғұл бастауы деген жерде винтовкалар мен аңшы мылтықтарымен қаруланған Өмірзақ Шыңғысов бастаған 12 көтерілісшіні қуып жеткен. Жазалаушылармен болған атыстан соң көтерілісшілердің 13 аты қолға түсіп, өздері сытылып кеткен. 5 қарашадағы қосымша мәліметтер бойынша Өмірзақ тобы Жаркенттен оңтүстік батысқа қарай 10 шақырым жердегі Қалқан тауында екені, қарулы отрядпен бірге 100 қазақ шаруашылығы босқындар жүргені айтылған. Көтерілісшілерді жою мақсатында Кузнецов бастаған 22 адамнан тұратын комотряд жіберілген. ОГПУ-дің 20 қарашадағы мәліметтерінде жедел участок бастығы Васильевтің айтуы бойынша Қытай жағынан 50 адамнан тұратын көтерілісшілер отряды келіп, үшке бөлініп әрекет еткен. Дары Садықов басқарған бірінші топ Шелек ауданына келген. 15 адамнан тұрған екінші топты Шыңғысов бастап, Еңбекшіқазақ ауданына кеткен. Ағайынды Құндақбай және Назарбек Нұртазиновтер бастаған 15 адамдық үшінші топ Жаркенттен батысқа қарай 130 шақырым жердегі Матай тауларына бағытталған. Қытайдан келген қарулы күшке қарсы Жаркенттен батысқа қарай 130 шақырым жердегі Алтын Емелден Губанов бастаған еріктілер отряды шығарылып, Нұртазиновтармен Матай тауларында кездескен. ОГПУ ақпары өзара атыс кезінде Көтерлісшілер басшыларының бірі Құндақпай Нұртазиновтың өлтірілгенін хабарлаған. Жазалаушылар жағынан 1 әскер және 1 ат өлген [5.204, 206-пп]. Қолда бар деректер Дары Садықов бастаған топтың Шелек, Қарқара, Жаркент аудандарында белсенді әрекет еткенін көрсетеді. Олег Мухиннің көрсетілген деректі шығармасында 1931 жылдың аяғы 1932 жылдың басына қарай Дары Садықов тобының Қолжат маңында дүкен тонағаны туралы хабарды естіген ОГПУ уәкілі Иван Лушник Шалдинге хабар берген. Иван Лушник басқарған отрядпен бетпе-бет келген Д. Садықов тобы Кеген ауылына қарай ығысады. Нарынқолдан келіп жеткен құрамында болашақ СОКП бас хатшысы К.У. Черненко бар Шалдин жіберген отрядтың қоршауына түскен Дары Садықов Иван Лушниктің оғынан қаза табады. Мухиннің кітабында Садықовты тірідей қолға түсірмеген И.Лушниктің әрекетіне Шалдиннің қанағаттанбағаны баяндалады [6.203,204-п]. 2 қазанда Жаркенттің Басқұншы елді мекенінде 5 қарулы атты кісі село тұрғыны Зубовқа шабуыл жасаған. Жақындап қалған шекарашыларды көргеннен кейін салт аттылар Қытай тарапқа қашып кеткен. Жаркент шекара күзетінің оқу взводының командирі Головиннің 5 қазандағы мәліметтерінде көтерілісшілердің белгісіз тобы Дардамты асуы арқылы төмендегі ауылға түсіп, көшуге дайын отырған босқындарды бастап, Іле аңғарына беттеген. Головин бастаған қызыләскерлер отряды көтерілісшілердің орныққан жеріне келіп, босқындармен Есік-Ақтал заставасының 5 сарбазы пулеметпен атысып жатқанын көрген. Біріккен шабуылға тойтарыс бере алмаған босқындар жан-жаққа топ-тобымен және жеке-жеке қаша жөнелген. Қараңғы түсе босқындар жазалаушылардан қара үзідіріп кеткен. Шайқастың орнында 18 босқынның өлігі табылған. Өлтірілгендердің арасында Көтерліісшілердің басшысы Шолақ Манбеков , бір қытайлық дүнген, 6 әйел, 4 бала, болған. Қолға түскен босқындардың ішінде 20 әйел, 12 бала және бір жаралы әйел түскен. Босқындардан 2 кесілген бердан, 1 кіші калибрлі винтовка, 140 жылқы, 130 ірі және ұсақ қара, 2 түйе, 1200 қой және әртүрлі үй мүліктері алынған. Жалаушылар жағынан Иванов есімді шекарашы аяғынан жарақат алған. 4 қазаннан 5-іне қараған түнде Қайырылған заставасында қол пулеметпен қаруланған 4 адамнан тұратын белгісіз топ Қытай территориясында жүрген жерінде шекарашылардың «Тоқта!»-деп айқайлағанына қарамай қаша жөнеледі. Шекара бұзушыларға қарсы оқ боратқан шекарашылар 8 босқынды өлтіріп, 3-ін ұстап, бір бердан, 17 жапон, 14 герман, 7 орыстың үш линиялы винтовкаларын, 13 32 калибрлі мылтық, 24 ат тәркілеген. Шекарашылар мәліметінде шекара бұзды деген босқындардың жазалаушыларға қарсы оқ атқаны жөнінде дерек жоқ. Соған қарамастан көшіп ктеуші бейбіт жұртты көрген жерде оқтың астына алу сол кезде қалыптасқан дәстүр болған. 28 қыркүйекте Сарқаннан оңтүстік-батысқа 75 шақырым жердегі Демікпе асуы арқылы саны белгісіз қарулы топ Қытайдан бері өткен. Тергеу барысында бұл топтың жоғарыда айтылған Дардамты маңындағы шайқаста бөлінгені анықталған. 25 қыркүйекте таңертеңгі сағат 9-да Нарынқолдан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жердегі Шолақболдан солтүстікке қарай Айғыржал тауларының қырларында қызыләскер Шевчук пен 2 комунардан тұрған шекара күзеті белгісіз көтерілісшілердің қарулы тобымен бетпе-бет келген. Шабуылға шыққан көтерілісшілер Шевчукті қоршап сол бүйірден жаралаған. Шевчук қарсыластарына гараната лақтырғанымен, ол жарылмай қалған. Шевчуктен басқа коммунар Галсмуллинге екі оқ тиіп, осңынан қайтыс болған. Атыс болған жерге екі қызыләскер, бір комунармен бірге келген Нарынқол заставасының бастығы Любин атсыты жалғастырған. Екіжақты атыстан кейін көтерілісшілер 2 адамынан, 1 атынан өлілей айрылан. Шекара бұзушылардан 6 ат, 90 килограмм апиын, тінту кезінде көтерілісшілердің бірінен Ташкенттегі Қытай консулы Маго-Чан Макет-Джунуға 1923 жылы берген №1054 куәлік табылған. 24 қыркүек күні Юмашев басқаратын №49 шекара отряды Теріскей атты жердегі Кертас шатқалында 15 шақты түрлі винтовкалармен қаруланған 20 адамнан тұратын топтың үстінен түскен. Қоршауда қалған Юмашев отряды қарсыластың 3 адамын өлтіріп, 4 атын жаралап, әртүрлі бұйымдарын алған. ОГПУ жедел ақпаратында 25 қыркүйекте 3 қылыш, 1 милиционерден тұрған Нарынқол застава күзеті Күйік Шолақбол атты жерде 20 контрабандистермен бетпе-бет келіп, соңғылардан 3 адам өлтіріліп, 1 атқа артылған апиым теңі алынған. Шекарашылар жағынан 1 милиционер өлтіріліп, 1 шекарашы жараланған [8.189,190].
Тұрақты әскери бөлімдермен бірге көтерілісшілерді басуда коммунистік отрядтар қабілеті әркез жоғар бола бермеген. Комотрядтардың әскери дайындық машығынан бөлек, тәжірибесі де жеткіліксіз болған. 1930 жылдың 20 қарашасынан бұрын емес ОГПУ арнайы бөлімі бастығы орынбасары Пузицкий мен ОГПУ жалпы 2 бөлімі бастығының көмекшісі Самсоновтардың Ягодаға жолдаған жедел ақпаратында осы жылдың 6 қарашасында саяси нұсқаушы Яценконың басшылығындағы 6 шекарашы мен 7 коммунардан құралған отряд Жаркенттен солтүстік-батысқа қарай 55 шақырым жердегі Тұршысай асуында 63 жанұя, 25 қарулы тобы бар босқындармен бетпе-бет келгені баяндалған. Атыс бастала сала коммунарлар жан-жаққа қашып кетеді. Қалған отряд 4 шекарашы қаза тауып, 1-і жараланғаннан кейін кері шегінуге мәжбүр болады. Босқындар көші кідірместен Қытайға өтіп кетеді. Сәтсіздіктің әсерінен дағдарған отряд командирі Яценко өзін-өзі атып тастаған [9].
1930 жылдың қараша айында Жаркент, Қарқара аудандарында қарулы отрядтың қорғауындағы босқындардың шекара бұзуы жиіліеп кеткен. 5 желтоқсаннан ерте емес Москваға Николаев пен Самсонов берген ОГПУ-дің бандитизммен күрес бойынша жедел бөлімінің №135 жедел барлау ақпарында «округ тұрғындарының шетелдік бандалардың қолдауымен Қытайға көшу оқиғалары жалғасып» жатқаны көрсетілген. 25 қараша күні бөлімше командирі Губин бастаған 4 адамдық шекраашылар тобы Есекартқан заставасында босқындардың қарулы тобымен соқтығысып қалады. Басталып кеткен атыстан 5 босқын өлтіріліп, 1-і тұтқынға түскен. Босқындар көшінен 15-іне тең артылған 60 жылқы алынған. Көшушілердің бір бөлігі Қытайға өтіп кеткен. Жазалаушылар тарапынан шығын болмаған. Ал 26 қараша күні Жаркенттен солтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жердегі Қызылеспе ауылында 22 шеарашы және 10 коммунардан тұратын Жаркент шекара отрядының екі тобы Сұлтанғазы Саудабаев басқаратын 20 адамдық шетелдік көтерілісшілер тобымен екі мәрте қақтығысқа түскен. Бір жарым сағатқа созылған атыстан соң 31 көтерілісші және босқындар өлтірілді. Олардан 2 бердан, 1 винтовка, дүрбі, жүк артылған аттар алынған. Босқындардың бір бөлігі Қытайға өтіп үлгерген. Жазалаушылар отрядынан 1 шекарашы жараланған. Осы күні Жаркенттен оңтүстік-шығысқа қарай 20-25 шақырым жердегі Сартоғай, Шуклер және басқа ауылдар маңында Қытайдан келген Жұтанов басқаратын 200 көтерілісшінің қорғауындағы 150-дей босқындар жанұясының көші анықталған. Қарулы босқындар тобын жою үшін 52 адамнан (32 шекарашы және 20 комунар) тұратын, застава командирі Запевалов пен маневр тобының бастығы Шеминов басқарған екі шекарашылар отряды жіберілген. Бұған қоса шекара маңына тосқауылдар қойылған. 27 қараша күні 32 адамдық Запевалов тобы көтерілісшілерді Сартоғай ауылы маңында тапқан. Көтерілісшілер салт аттылар сапымен «Жауыздарды құртыңдар!»- деп шабуылға шыққанымен, жазалаушылардың серпінді мылтық және пулемет оғына ұшырап, елеулі шығындармен шегінуге мәжбүр болады. Көтерілісшілердің бір тобы шекарашылар отрядының тосқауылына тап болып, жойылған. Шайқастан соң ішінде айдаудан қашқан 17 кулак бар жалпы саны 26 көтерілісші өлтіріліп, 2 килограм күміс құймасы, кеңес ақшасымен 1500 сом, кілем және сол сияқты бағалы үй мүліктері тартып алынған. Шайқаста мерт болған көтерілісшілер саны анықталу үстінде. Жазалаушылар тарапынан 1шекарашы ауыр жараланып, 2 ат өліп, екеуі жараланған [10].
Көтерілісшілерді басқарған тұлғалардың арасында халықтың ауызында аңызға айналғандардың бірі — Мергенбай Жаманкөзұлы (1884-1931). Кеңестік кезде жарық көрген кітаптарда «банда» аталған М. Жаманкөзұлы 1884 жылы Жаркент уезі Қақпақ ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Мергенбайдың атасы Тоғас батыр Саурық батырдың оң қолы болған. М. Жаманкөзұлының Патша билігі кезеңінде ерлігімен көзге ілінгені туралы тарихшы Р. Оразов тапқан мұрағаттық деректе айтылады. 1903 жылы уезд орталығы Жаркент бағытында алып бара жатқан болыстық іс қағаздары тиелген арбаны Қақпақ өзенінің ағысынан аман-есен өткізуге жәрдемдескені үшін Мергенбай облыстың әскери губеранторының бұйырғымен марапатқа ұсынылған [11.45-б]. Патша әскері болыстықтардың құжаттарын арбаға тиеп, Жаркентке апара жатқан кезде Қақпақ өзенінің суы тасып, өткел бермейді. Патша әскеріне құжаттарды судан өткізуге Дүйше Сұлтанов пен Мергенбай Жаманкөзов көмектесіп, мемлекеттік маңызы бар құжаттарды өзеннен өткізіп береді. Осы ерлігі үшін М. Жаманкөзұлы Жетісу облысы әскери вице-губернаторы П. М. Осташкиннің жарлығымен «Қаза болатындарды құтқарғаны үшін» күміс медалі және Владимир лентасымен марапатталады. Мергенбайдың Нарынқол застава бастығы А. И. Шалдиннің сенімінде болып жүргенінде қырғыз көтерілісшісі Жантай Омановтың «тыңшысы» ретінде әшкереленгені айтылады. Оған қызыл әскердің барлық жоспарын алдын ала біліп, Оманов тобына хабарлап келген, көтерілісшілер Нарынқолға басып кірсе, күзетшілердің көзін жойып, әскери бекетті алуға жәрдемдеспекші болды деген айып тағылады. ОГПУ қызметкерлері тұтқындауға келгенде Мергенбай тауға жасырынады. О.Мухиннің кітабындағы бұл деректің шығуына Мергенбайдың бір әйелі Жантай Омоновтың қызы болғаны себеп болса керек. Мергенбайдың кеңес өкіметіне көзқарасының өзгеруіне негізгі себеп 1928 жылдан кейінгі кәмпеске, күштеп ұжымдастыру, азық-түлік дайындау науқандары сияқты большевиктік саясатты жүргізудегі халыққа жасалған қиянат болды. Мергенбай ел ішіндегі осындай асыра сілтеу құрбандарын құтқаруға төңірегін жұмылдырады. 1930 жылдың Мергенбайдың жақын туысы Уәлібайға 24 сағатта орындауға алты центнер жүн салығы салынады. Амалы құрыған Уәлібай қойды қорадан шығармай сойып, етін алып, жүнін жұлып беріңдер деп елге хабарлайды. Мұны көрген Мергенбай 24 сағатта қалайша қойдың жүнін қырқып үлгересің деп, екі-үш жігітпен Құсық руынан 6 центнер жүн жинап беріп, Уәлібайды құтқарып қалады. Осы жылдың көктемінде Мергенбайдың тағы бір туысы Құлтайға 24 сағатта орындауға деп, 10 тонна ет салығы салынады. Мергенбай бұл жолы да халықты ұйымдастырып, Құлтайды сотталудан аман алып қалады. Мергенбайдың бұл әрекеттерінен сескенген батырақ ұйымы оны шекарадағы қызметінен алып, қолындағы қаруын тапсыртуға қаулы шығарып, А.И.Шалдинге береді [12]. Шалдиннің М. Жаманкөзұлымен мен айрылысуы осы тұста болған сияқты. Саясатқа қарсы келіп қалармын деген шекара бастығының өзін тұтқындамақ ниетінен хабардар болған Мергенбай тауға жасырынады. Мергенбай сарбаздарының шабуылдары негізінен Жаркент заставасы мен Нарынқол, Сүмбе заставаларына қарсы бағытталады. Мергенбай сарбаздарының негізгі бағыты жергілікті шаруаларды шекара асыру және қарулы бекіністерге шабуылдау болады. Сондай шабуылдардың бірі 1930 жылдың 15 шілдесінде болады. Мергенбай сарбаздарымен Нагорный заставасының ту сыртына өтіп кетіп, Өсек өзенін бойлай Тышқан тауына өтіп кетеді. Жаркент әскери комендатурасы курсанттар взводының басшысы И. Головин жақсы қаруланған 12 әскермен ізінен қуғанда Лесновкада (қазіргі Талды ауылы) Мергенбай қолы жергілікті кооперативті тонап, астық қоймаларын тонағанын естиді. Тышқан тауына ілінген көтерілісшілерді тоқтату мүмкін болмайды. Головин жасағы Қазан асуын асып өтіп, 17 шілдеде Мергенбай көшіріп бара жатқан елдің үстінен түседі. Шекарашылар қолында Мергенбай сарбаздарына бұрыннан мәлім пулеметтен бөлек, олар бұрын көрмеген гранатомет те бар еді. Шайқас тағдырын шешкен отты қару нәтижесінде Мергенбай тобы кері шегінуге мәжбүр болады. И. Головин тобы көшкен жұртты кері қайтарады. Осы шайқастан соң Мергенбай жылға жуық шекара әскеріне шабуылдамайды. 1931 жылдың көктемінде М. Жаманкөзұлы 200 сарбазымен Қазан асуы арқылы асып келіп, Бурақожыр өзенін бойлай, өзеннің күре жолмен түйіскен тұсынан Жаркент қаласын басып алуды ойластырады. ОГПУ тыңшылары арқылы Мергенбай жорығының жоспарынан алдын ала хабардар болатын. Сол себепті шекара әскері Мергенбай тобын ішке қарай өткізіп алып, ту сыртындағы Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларын шекара ауылдарының комотрядтарымен күшейтеді. Осылайша, көтерілісшілердің Тышқан тауына қарай өтуіне жол бермеген шекара әскері мен Мергенбай тобының арасындағы кескілескен шайқас бір жарым сағатқа созылады. Ұрысқа ОГПУ атты әскер дивизионы араласады. Көтерілісшілер Шолақай құмына шегінуге мәжбүр болады [6.169-171-бб]. М. Жаманкөзұлының өзін қолға түсірдік деген шекарашылар, бірнеше адамды ату жазасына кеседі. Алайда, Мергенбай аман қалған болатын. Мергенбай сарбаздарының қырғыз жерінен қайтқанында өкшелей қуған Шалдин мен Волосевичтің шекара әскері Тұйықашамен өрлеп, Асутөр асуына тірейді. Хан Тәңірінің мұзды шатқалдарына бекінген көтерілісшілер сандық қана емес, орналасу позициясы жағынан ұтымды жағдайда болып, шекара әскеріне тойтарыс береді. Осы қақтығыста Сүмбе заставасы партия ұйымының хатшысы А. К. Волосевич оққа ұшып, Нарынқол заставасының жауынгері В.И.Петров та қаза болады. В. В. Саенко есімді қызыләскер ауыр жараланады. Мергенбай бастаған көтерілісшілер тобы ауыр қатерге тіке бас тігіп, Хан тәңірінің асу бермес биік мұздығынан қолдан кертпеш ойық жасап, сол ойықтарға киіз төсеу арқылы малды да, адамдарды да арғы бетке алып өтіп кетеді. Мергенбай құрған арнайы жасақ шатқал ауызына биіктен оқ боратып, шекарашылар тобын ішке маңайлатпай тұрады [6.208-209-бб]. 300 үйді Қытайға алып өткеніне байланысты кеңестік дипломаттар Қытай билігіне нота жолдайды. Мергенбай тобының кезекті көшті алып өтерінде Қытай жағының тапсырмасымен Үш ерменді деген жерде жол тосып жатқан 100 шамалы сібе-қалмақ шеріктер тобы елді тонап, Нарынқол шекарасынан кері өткізіп береді. Осы жолы өкімет орындары Мергенбайдың жақын туыстарынан 17 адамды ұстап, Жаркентке жөнелтеді. Көзге түскен Мергенбай серіктері 10-20 жылға сотталып, Сібірге айдалады. Мергенбай тобымен шешуші шайқасты А. И. Шалдиннің орнына Нарынқол заставасына бастық болып келген ұлты осетин Калоев ұйымдастырады. Застава партия ұйымын кейіннен СОКП Бас хатшысы болған К.У.Черненко басқарған. Түн ішінде Мергенбай бастаған жиырма шақты қарулы топтың шекарадан өткенін дабыл қаққан 3 жауынгерге көмекке тіке бармаған Калоев Мергенбай сарбаздарының ту сырты — шекара жағынан биіктен келіп, асуға жолды кесіп, Теріскей Алатаудың қыраттарының бірінде қоршауға алады. Тәулікке созылған ұрыс нәтижесінде 13 көтерілісші қаза табады, 7 адам жараланған. Застава жауынгерлерінен шығын жоқ [6.214-б]. Калоев қырғынынан аман қалған Мергенбайды жою үшін ОГПУ жансыздар жібереді. 1932 жылдың күзінде Ойқарағай тауымен тағы бір көшті Қытайға бастап өтеді. Хасан қиясынан Текес өзенінен таяған жерде шекарашы қалмақтардың тосқауылына тап болады. Осы ұрыста Мергенбай жаурынынан тиген оқтан қаза табады. М. Жаманкөзұлы Текес өзені бойындағы Құрманжан көпірінің оңтүстік шығысындағы төбешікке жерленген [13.337-б]. Мергенбайға танымал ақын Көдек Байшығанұлы «Мергенбай туралы» толғауын арнаған [14.152-157-бб].
Қарқара ауданында туып-өскен ақын Көдек Байшығанұлының (1888-1937) өлеңдері Жетісу өңіріндегі 30-жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңнің, кеңестік саясаттың озбырлығынан туған халық қасіретінің үні іспетті. Көдектің өмірінің өзі екі кезеңнен тұрады. Көдек сауатты адамдар санатында әрі елге танымал болуынан болар Кеңес өкіметін құруға араласып, Тұзкөл болыстық комитетініде басшылық қызмет атқарған. 1931 жылға дейінгі «Бұл сәбет», «Өкімет туралы», «Кеңес өкіметі» атты және басқа да өлеңдерінде кеңестік құрылысты мадақтаған Көдек 1928-1930 жылдары Кеңес өкіметінен көңілі қалады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін босқан жұртпен Қытай жеріне барып, кері қайтып келген Көдектің азаттық күрес тұлғаларына арналған өлеңдері көп. Асыра сілтеулердің салдарынан Көдектің өз басы да күдікке ілінеді. Бұл туралы ақынның бір өлеңінде: «Құдайым ақырында түбін берсін, Бұл күнде қор болып тұр қазақ анық. Жиырма сегіз, отызыншы жылдарында, Сұмдық бір көңіл болды алаң анық. Дүние ойпы- тойпы болып кетті, Уәкілдер күнде келіп мазаны алып. Ойладық, аманында кетейік деп. Бір күні қаламыз ба жазаланып. Саяси бір ауыз сөз түпке жетер, Жүрмейік бармақ тістеп назаланып. Сәбеттің ісін істеп жүргенменен, Қажетті адам болып жарамадық. Партия жеткізем деп айтса-дағы, Ақыры шыдай-шыдай қарамадық. Жанға зор келгеннен соң қашып бердік, Азғантай малмен бірге баланы алып.» — деп көрсетеді. Көдектің өзіне тізесі батқан уәкіл туралы ақынның: «Дейтұғын Сарманұлы шадыркөз, Халыққа егіс жөнінен теріс келді. «Он жеті күн ішінде бітіргін» деп, Тапсырма бригадаға алып келді» — деген өлең жолдары бар [13.644,645-бб].
1931 жылдың 10 сәуіріндегні ОГПУ мәліметтеріне қарағанда Нұртазинов- Көшкембаевтар бастаған көтерілісшілер саны босқындардың есебінен 140 адамға жеткен. 29 наурыз күні Жаркенттен батысқа қарай 20 шақырым жердегі Бүкелші шатқалында қақтығысқа шекрашылар отряды мен көтерілісшілердің бетпе-беті 8 сағатқа созылып, қару-жарағы жеткіліксіз босқындар жеңіліс тапқан. Босқындар жағынан 28 адам өлтірілген, 89-ы қолға түсіп, көштегі 600 адам қайтарылған. Қызыләскерлер жағынан 1 жауынгер өлтірілп, 1-і жараланған. Көтерілісшілерден 19 аңшы мылтығы, 1 винтовка, оқ-дәрі, 1730 қой, 281 жылқы, 191 мүйізді ірі қара және 74 түйе алынған. 49 Шекара отряды мәліметтері бойынша Бакуншы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жердегі Шыжым өзені бойындағы шекара шолғыншылары саны белгісіз қарулы босқында тобын кездестірген. Екі жақтың арасындағы атыстан босқындар жағынан 24 адам өлтіріліп, 3 ат, 60 тең артылған аттар, 3 өгіз алынған. Шекара шолғыншылары тарапынан шығын болмаған. Шелек ОГПУ уәкілдігінің мәліметі бойынша 3 сәуір 1931 жылы Шелектен шығысқа қарай 70-80 шақырым жердегі Елқұдық және Сарытаған шекара қосындары арасында 5 адамнан тұрған белгісіз көтерілісшілер тобы фельдегер Шутевичті өлтіріп, әкетіп бара жатқан почтаны өртеп кеткен. Шутевичтің мәйіті көлден табылған. 18 шілде күні Талдықорған аупартком хатшысы Целыхтың Қазөлкеком хатшысы Құрамысовқа жолдаған жабық хатында аудандағы саяси жағдайды сипаттаған. 1931 жылыдң 6 шілдесінде 100 адамнан тұратын Құтанов бастаған көтерілісшілер №15 ауылдың «Шайхана» колхозына шабуыл жасап, 241 жылқы, 106 қой, 12 түйе, 1400 сом ақша, ауылкеңес мөрін тартып әкеткен. Ауылкеңес төрағасы орынбасарын және бір мұғалімді соққыға жыққан. Көтерілісшілердің ізімен жіберілген комотряд Ілені ағысмыен Қытайға өтіп кеткен босқындарды ұстай алмаған. Осы жылдың 17 шілдесі күні түнде Қасынбаев бастаған 60 адамдық көтерілісшілер Алтын Емелдегі «Скотовод» совхозын тонап, 200 түйе, 25 мініс атын айдап, Шаған тауларына кетіп қалған. 8 сәуір күні Қоңырөлеңге Бұлқұншы өзені бойындағы қызыләскерлермен ұрысқа қатысқан Теңіт Салқынбаев пен Ақылбек Имашев атты колхозшы кедейлер өз еріктерімен келген. Салқынбаевтың қолында 1 қытай винтовкасы болған [16.94,95,112,121-пп].
Жаркент ауданынан шығып ОГПУ отрядтарымен қоян-қолтық ұрыса отырып, аштыққа ұшыраған босқын шаруаларды Қытайға өткізген қарулы топтардың жетекшілерінің арасында жарты руынаны шыққан Сақан батыр мен Көкімет Баялыұлының аттары айрықша аталады. Жаркент уезіне қарасты Сарыбұлақ мекенінде 1892 жылы туған Көкімет Итемір деген байдың жүздеген отбасын Сарықамыс деген жерде шекарадан өткізу үшін бастап шыққан. Өлкетанушылар Қ. Жаңабайұлы мен М. Сапақұлының жазуына қарағанда шекарадан шығынсыз өтуді жоспарлаған көтерілісшілер балалар жыламас үшін апиын беріп ұйықтатып, иттерді қалдырып кететін болған. Шекара заставасының командирі А. Онопко «бандыларға» қарсы оқ боратуды бұйырады. Таң атқанша созылған шайқас шекрашылардың босқындарды аяусыз қыруымен жалғасады. Деректерде өлтірілген босқындардың саны жүздеген адам деп берілген. Көкімет мергеннің қолынан А. Онопко оққа ұшқан. Халықтың жадында «Итемір қырғыны» деген атпен қалған бұл оқиға ОГПУ тыңшыларының Көкіметтің іс-әрекетін кеңес жерінде де, Қытайда да аңдуынан болған. Қырғыннан кейін аздаған тобымен Қытайға өтіп ктекен Көкімет кейін қайтадан оралады. Осы сапарында шекарашылар тосқауылына тап болған Көкімет Баялыұлы қаза табады. 1931 жылдың күзінде Добын-Сарыбұлақ деген жерде жарты Сақан есімімен белгілі босқындарды шекарадан өткізуге бел шеше кіріскен шаруаның аты жұрт жадында сақталған. Босқындар сақталған естелігінде жарты Сақанның таң алагеулімде көшті бастап жүретініні, жерге жарықтың түспегенін пайдаланып, көштегі ер-әйелдерге мылтыққа ұқсатып жасалған ағаштар ұстатып қойған. Сақанның ерлігіне тәнті ел оны аштықтан құтқарған батыр ретінде таниды [1.33-35-бб]. От ауызды ора тілді көдек ақынның өлеңдері шекаралық ауданадардағы шаруалардың Қытайға босқандағы көрген қорлығы арқау болған.Ақынның «Өрге қашқанда» атты өлеңінде босқындар көшінің Сүмбе, Ақбұлақты басып өтіп, Ойқарағай, Сарытау деген жерлер арқылы Қысаң асуынан Құрға қарай өткенін білуге болады. 1931 жылыдң күзінде Көдек Байшығанұлы бірге кеткен босқындар шекарадан өткен соң 14 өзбек, 45 қалмақтан тұратын Қытай шекара отрядтарының талауына түскен. Көдек ақынның өлеңдері тиянақты тарихи талдауды керексінетін мол қазына екенін жырларының аттарынан да байқауға болады. «Асыра сілтеушілерге хат», «Сәлем де, аға ініге түрмедегі», «Байдан соң орташаның орын қазды», «Қоштасып қалдырдым да Албан елін» және тағы басқа өлеңдері 30-жылдар шаруаларға кеңестік қысымның жайын баяндайды. Әуелтай есімді уәкілдің қылығына налыған ақын: «Әуелтай Қырғызсайға кетті» дейді, Бара сап жертақтайды тепті дейді. «Жоспарың әлі күнге бітпеді» деп, Жиналған қалың жұртты сөкті дейді. Өкіл боп Алматыдан бізге келген, Әуелтай арамызға кепті дейді. Білмегендер мазақтап, сөз қайтарып, Білетіндер көз жасын төкті дейді. Аспанда ұшып жүрген торғай ма екен, Өз басын торғай шіркін қорғай ма екен? Қасірет бітпеді ме қазақ көрген, Бір жақсылық бұл елде болмай ма екен?!» — деп жырлайды [14.80-б].
1931 жылдың аяғы 1932 жылдың басында көтерілістердің екіпіні біршама саябырсыды. Кеңестік идеология бойынша жазылған еңбектерде осы кезде «саяси бандитизм қылмыстық бандитизмге өте бастағаны» көрсетілген [6. 200-б]. Халық көтерілістері сипатының осы қыры жүйелі зерттеуді керек қылатын нәзік мәселе. 30-жылдар партиялық құжаттары, ОГПУ ақпарларында наразылық білдіруші шаруалардың барлығы «банды» деп аталды.
Еркін СТАМШАЛОВ,
Жетісу облыстық Мұхамеджан Тынышбайұлы
атындағы тарихи-өлкетану музейінің
аға ғылыми қызметкері, phd-докторант.