Баршаға мәлім, әуезді әнші, саңлақ сазгер Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың есімі күллі елімізге кеңінен таныс. Көзі тірісінде-ақ «Жетісудың бұлбұлы» атанған ағамыз өрелі өнерімен талайды тамсантып, исі қазақтың сүйікті өнерпазына айналды. Сонымен қатар бұл тұғырлы тұлғаның бүкіл қазақ ұлтының, оның ішінде жерұйығы Жетісудың мәдениеті мен өнерін өрістетуге сіңірген қайраткерлік қызметі де ұшан-теңіз екенін ел-жұрт жақсы біледі.
Негізі, өмірбаяндық деректеріне сүйенсек, осыдан тоқсан алты жыл бұрын Талды ауылында дүниеге келген ағамыз ел басына күн туған зобалаң шақта ата-анасымен бірге Шығыс Түркістанға қоныс аударып, алғашқы өнер жолын Іле аймағы Құлжа қаласындағы ұлттық театрда бастапты. 1953 жылы Қытайда тұңғыш рет Қазақ автономиялы облысының құрылуы құрметіне ол басқарған ұлттық театр ұжымы «Ер Тарғын» операсын сахнаға шығарған екен. 1959 жылы тарихи Отанына оралған соң Панфилов ауданындағы атақты «Қазанның 40 жылдығы» колхозында көркемөнерпаздар ансамбліне жетекшілік еткен. 1960-1972 жылдары алдымен «Үшарал» колхозында, одан кейін «Көктал» совхозында «Халық тетрын» құрған. Бұл өнер отауында отыздан астам спектакльді сахнаға шығарып, бірнеше рет облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанған. 1972 жылдан сол кездегі Талдықорған облысының «Арай» жастар ансамблін басқарып, өңіріміздің өнерін шартарапқа танытқан. Мәскеуде концерт қойып, Қытай мен Моңғолия елінде өнер сүйер қауымды ерекше тәнті еткен.
Өнер сапарларын өрістете жүріп, өзінің шеберлігін шыңдауды да естен шығармаған. Сонау өткен ғасырдың ортасында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовты тамсандырып, абыздық ақ батасын алған Дәнеш ағамыз одан кейін Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Өмірбек Байділдаев, Борис Ерзакович, Ілия Жақанов сияқты әйгілі әнші-сазгер, музыка зерттеушілерімен де жиі-жиі жүздесіп, ой-пікір алмасу арқылы таным-тағылым көкжиегін кеңіткен. Әсет Найманбайұлы сынды біртуар тұлғаның ән мұрасын жаңғыртып, Қазақстанда сирек орындалатын сексенге жуық халық әнін Ғылым Академиясының музыкалық қорына тапсырған. Өзі де көптеген әсем әндер мен күміс күйлер шығарып, екі рет нотасымен қоса жинақ етіп бастырған. Оның орындауындағы ондаған әуезді әндер қазір Қазақ радиосы мен телевизиясының алтын қорында сақтаулы екен. Бүгінде республикамызда «Дәнеш мектебі» атты дәстүрлі әншілік отауы қалыптасып, оның Б. Асқарбеков, А. Қармысов, Н. Жанпейісов сияқты көптеген ізбасарлары өнер көгін мейлінше кеңейте түсуде. Кезінде жазиралы Жаркент жерінде Дәнеш ағамыз құрған халық театрында қанаттанған төл шәкірті Ерғали Наймантаев та Кеген, Нарынқол өңірлерінде осындай өнер отауларын ұйымдастыруға бастамашы болғаны белгілі.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» – демекші, өз өлкеміздің өзегін жарып шығып, өзгелерге өнегесін көрсете білген, ұлт руханиятының көшін өрге сүйреп, биік бір белестен асырған осындай әуезді әнші, саңлақ сазгер ағамызды, оның ұлағатты есімін ұлықтай алмасақ – біздің кім болғанымыз?! Осы орайда Жетісу облыстық филармониясына осы өнер отауының негізін қалаған қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғалы қайраткері, Қазақстаннның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді! Бұл шара – азаматтық абыройлы борышымызды, елдік парызымызды өтеудің жарқын дәлелі болып, әділетті, жаңа Қазақстанымыздың ертеңі – жас ұрпаққа ой салып, сол арқылы оларды халықтық рухта тәрбиелеуге игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Нұр ӘДІЛ,
Жаркент қаласы.