Бар мәселе кездейсоқтыққа келіп тіреледі. Ауылдың әртісі деп ат қойып, айдар тағып отырған кейіпкерім – Әулиеағаштың Айтқалиымен ат талдырып жететін Талдықорған қаласында таныстық. Екеуміз бүйірі бұлтиып біріне-бірі тиіп тұратын ауыл үйінде емес, не халқы қашанда қарбаласып жүретін қаланың ішінде жолықпай, үш ғайыптың екеуі айдап – қар басқан қиырдың қоналқасында жолығыппыз. Қазекең «дидар ғайып», «нәсіп ғайып» демей ме. Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше, жөн сұрасқан соң әңгіме тиегі ағытылды. Дембелше келген, жасы жетпістен асса да жұмырлау денесін еркін меңгеріп жүрген Айтекең топ ішінде отырғанда кездескен жандармен тез тіл табысып кете беретін әңгімешіл екен.
Қасындағы серігі өздері айтқандай «құдай қосқан» көршісі Ерболат бар, талай жағдаяттың басын қайырдық. Әңгіме арасында:
– Айтекең талай киноға түскен, – деген Ерболаттың сөзі бәрімізді елең еткізді. Кино дегеніңіз бір ғаламат өнер екені баршаға белгілі. Өзіміздің күнделікті жүріс-тұрысымызды, әңгіме-дүкен құрғанымызды, айналадағы адамдармен қарым-қатынасымызды әлдебіреу сырттай кинокамераға түсіріп жүрген болса, тарихта қаларымыз да сөзсіз-ау деп ойлайсыз. Ал, Әулиеағаш ауылында тұратын Айтқали Найманбаев жасырақ кезінен бастап «Қазақфильм» киностудиясының біздің ауданның Әулиеағаш маңынан таңдап алынған жерлерде тарихи кинолардың біразына түсіпті. Өзі «екі-үш дубльден» деп қояды.
Арада ай өткенде қаңтардың қалың жауған қары мен боранына қарамай Айтқали тұрған ауылға іздеп бардым. Айтқалидың айтуынша киноға түсуінің өзі сонау 1984 жылдардан басталған болды. Алғашқы жылдары осы ауылдың төңірегінен кино түсіруге жер таңдап алыныпты. «Қазақфильм» басшылары қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов туралы тарихи кинофильм түсіретін болып, соған массовкаға адамдар керек болған соң осындағы «Ленин» атындағы совхоздың директоры Искаков Ерғалидан көмек сұраған екен. Қашанда қонақ сыйлаған халық емес пе, директор қазақ өнеріне үлкен үлес қосқан, кино және театр актері әрі режиссер, Қазақ КСР халық артисі Асанәлі Әшімов сияқты өнер тарланынан өтініш түскен соң жігіттерді жинап, аттарын іріктеп, ат-әбзелдерін түгендетіп жіберіпті. Актерлар бұларды жылы қарсы алып, қалай жүріп-тұруды, сөздерін игеруге жәрдемдесіпті. Бұлардың ішінен іріктеп алған топқа Шоқан Уәлихановтың Қытай жеріне бет алған керуеніне қарақшылық шабуыл жасау міндеті жүктеліпті. Барлық атқарылатын шаралар шынайы болу үшін біраз күн дайындық жұмыстарын жүргізгеннен кейін түсіру басталған. Барлық түсіру шараларын дайындаған соң түсіретін жерге барған. Ондай ыңғайлы орын да сол арадан ұзақ емес екен. Ұры-қарысы, қарақшысы андағайлап аяқ астынан қылт етіп шыға келіп, шабуылдап лап қоятынға лайықты саналып, Долаңқараның етегіндегі Қызылкерішті жер таңдалыныпты. Бұрын ол жерде түйе ұстағандықтан биіктеу етіп қора салынған екен. Жатаберісі тағы бар, бұйратты, жарлауытты, кедір-бұдыры молдау болғасын таңдау сол маңға түскен.
Жас шамасы 30-дан асқан кезі болу керек, Айтекеңді де дайындық жасайтын шатырға әкеліп, келістіріп тұрып бетін опалапты. Үстіне жадағай жағасыз қара шекпен, басына төбесіндегі қылы артына салбыратып байланған бөрік, аяғына қонышы ұзын қайқайма етік кигізіп, қолына шоқпар беріп негізгі қарақшы қалмақтың бірі етіп топқа қосыпты. Сондағы түскен эпизоды шабуыл жасаған қарбаласта ораулы кілемді атқа өңгеріп тура қашу болыпты. Бірнеше рет қайталап түсіріп, көңілдерінен шықса керек, лентаға еңгізіпті. «Осы фильмді түсіру барысында, үзілістерде біраз актерлармен, соның ішінде Шоқанның ролін сомдаған Сағимен араласып жүрдік. Марқұм мінезі биязы, жұмсақ сөйлейтін жігіт екен. Бос уақытымызда пластмасса тарелкаларды ұшырып, лақтырысып, қағып алып ойнайтынбыз, әзілдесіп те қоятынбыз. Өзін қарапайым ұстады. Асанәлінің баласымын дегенді білдірмеді», – дейді Айтекең сол кездерді еске алғанда.
Асанәлі Әшімов қазақ кино өнерін әлемге танытқан актерлардың бірі екендігі көп жұртқа мәлім. Сол сияқты режиссерлік шығармашылығымен де талай елдің киносыншыларын тәнті етіп, атақтарға, марапаттарға ие болған, еңбегі көп актерларға үлгіге айналған шебер кино түсіруші адамның бірі.
Шамасы тағдыр тәлейіне солай сызылған болу керек Айтқали атақты режиссер Асанәлі ағасымен 1995 жылы «Қозы-Көрпеш – Баян Сұлу» фильмін түсіруге келгенде тағы жолы түйісті. Мұнда да гримделініп, киімдерін ауыстырып, түр-түсін өзгертіп массовкада жүрді. Бұл фильмге де сол алғашқы кино түсірілген жер Доланқараның етегі лайықталды. Осы фильм түсіру барысында тағы да бір айта жүрерліктей, есте қаларлық оқиға болған екен. Сценарий бойынша Қозының әкесі Сарыбай мінген көк ат биіктігі 3-4 метрлік жардан ұшып түсіп өлуге тиіс еді. Түсірілім кезінде каскадер аттан ыршып түсіп қалады да, әлгі көк атты жардан итеріп құлатып жібереді. Ажалы жоқ көк ат әлгі биіктен оңқа-шоңқа болып құлап келе жатып жерге аз қалғанда алдыңғы екі аяғымен дік ете түскен. Жар астында биіктен құлаған көк ат мойны қайырылып түссе қиналмай өлсін деп қолына жалаңдаған пышағын ұстап бауыздауға дайын Айтекең тұрған. Сонау биіктен құлап есі шығып қалған жануар аман қалып, сілкініп, оқыранып тұрыпты. Бір қызығы екі-үш ай бұрын көк ат қолау болып мініске жарамай, сойылатын малдың санатына қосылып, жемдеуге кіргізілген болатын. Алдында ғана кино түсіретін жерге 4 сағатта сүйрей-жетелеп әрең апарған көк ат қолтығының қолауы үзіліп, қайтарда желе-жорта жөнеліпті.
Осы жуық арада 2022 жылдың қараша айында түсірілімі аяқталған режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» толықметражды көркем фильмін түсіру барысында да массовкада Айтқали мен осы ауылдың біраз азаматтары жүргенін кинокадрдан көріп қуанып қалдық. Мысалы: Қабден Шалабаев, Ерболат Тұрдиев, Құрбан Тұрғынбеков, тағы басқалары берген эпизодтарын шығарып, тапсырған сөздерін шынайылықпен айтып көрерменге жеткізе алды. Оларды да киноны тамашалау барысында байқауға болады. Сол фильмдегі бір кейіпкердің (Сәлімгерейдің) заржақ әйелі зырылдап сөйлеп қоймайды. Сонда режиссер оған басу айтатын сөзді қатысушылардың біразына бірнеше рет қайталатып, ақырында Айтекеңнің зірк етіп «Әй, мына қатынның үнін өшірші» деген тиым сөзі анық шығып, жазылып кетіпті. Бұл да бір ауыл азаматының өнерге бейімділігін әрі сөйлеу шеберлігін көрсетсе керек. Әулиеағаштан шығып Еңбекшіге апаратын Қоңыртөбенің арғы бауырында түсірілген кинофильмге Айтқалидың өзі ғана емес, немерелері Алтынбек пен Айзере де шақырылған. Киностудия салған екі үй әлі сау қалпы тұр екен. Болашақта тағы да бір режиссерлар жұмыс бастар.
Айтқали 2012 жылы үлкен экранға жол тартқан «Жеңіс семсері» кинофильмдегі негізгі кейіпкермен бетпе-бет келіп түскен екен. «Түсіруші кинорежиссер үй-ішімен түгел актер екен, бәрі рольдерде ойнап жүр», – деп қояды Айтекең. Бұл фильм де осы Әулиеағаштың үстіңгі жағындағы быдырқайда түсіріліпті. Сценарий бойынша тастақ жерде қаптап шыққан баялыш, қалың бұта өскен жерде жатқан бұрынғы заманнан келген батырды көріп байлап алу керек болған. Сол рөлді ауылдан шыққан Айтқали ойнаған. Үстіне бұрыңғы жау түсіретін батырдың сауыт-сайманын, басына темір дулығаны кигізіп, сақал-мұрт жапсырып, гримдеп қояды. Жатқан батырды жабылып ұстағанда Айтқали батыр қолын арқанмен байлаған. Осы көрініс түсірілімде анық көрсетіліпті.
Айтқалимен бірер сағат әңгіме үстінде біраз нәрсеге қанықтым. Талдықорғанның Алғабас ауылында туылса да туған жерден жырақ жүрмейік деп отбасы 1963 жылы көшіп келіп, осы ауылға орын теуіпті. Әкесі Құсайын жастайынан әңгіме-дүкенге құмар адам екен. Кей күндері көптеген адамдар мал-жанын қоралай салып Құсайын қарияның әңгімесін тыңдауға жиналатын болған. Айтқалидың өзі де кеңшарда жұмысшы, комбайнер, шофер болып істесе де қолы босаған шағында домбыра шертіп, баян тартып, тіпті алты шекті гитараны да нәшіне келтіріп ойнайтын бесаспап өнерпаз. «Өнерлі өрге жүзер» деген сөз бар. Олай дейтініміз өткен жылдың күз айында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Өнерім – өмірім» деген атпен өткізілген ардагерлер байқауына да белсене қатысып қайтқан. Айтекең алты баладан оннан астам немере сүйіп, бақуатты өмір кешіп отырған ауылына сыйлы, көргені көп қариялық жастағы жан.
Қайтар жолға бет бұрғанымда күнделікті тіршіліктері мал-жанның ырғағымен өтетін қарапайым ауылға көз тастадым. Ауыл адамдарының бүкіл еліміздің аумағына көрсетілетін кинофильмдерге түсуі, оны мыңдаған көрермендердің тамашалауы Әулиеағаш аталатын жердің қасиетіне байланысты ма екен деген ой түйдім…
Молот СОЛТАНАЕВ
Менің атам мықты!?