Жаркент өңіріндегі теміржолшыларға арналып салынған Нұркент қалашығы жыл өткен сайын жаңа көп қабатты заманауи тұрғын үйлермен толығып, елді мекен көлемі ұлғайуда. Мұнда қазірдің өзінде 60 пәтерлі төрт тұрғын үй құрылысы қарқынды жасалуда. Бұдан басқа 80 пәтерлі тағы екі тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге тақау.
Бұл көп қабатты тұрғын үйлерді «Альтаир» құрылыс компаниясы салуда. Құрылыс алаңында 17 мамандандырылған құрылысшылар бригадалары еңбек етуде. Олар қабырғаларды сылап, есік, терезелер орнатып, газ, су, жылу жүйелерін жасап, заманауи тұрғын үйлердің барлық істерін талапқа сай тындыруда.
– Қазір әр қайсысы 80 пәтерлі екі көп қабатты тұрғын үйлердің соңғы әрлеу жұмыстарын аяқтауға таядық. Мұнда жалпы 170 құрылысшы еңбек етуде, – дейді учаске басшысы Әлім Молдашев. – Құрылысшыларымыздың басым бөлігі жергілікті азаматтар. 2021 жылдың желтоқсан айынан бері құрылыс жұмыстарын атқарып келеміз, екі миллиард теңгеден астам құрылыс жұмыстарын атқардық. Бұл үйлер жобаға сәйкес төрт 7 қабатты, екі 5 қабатты блоктардан тұрады. Әр көп қабатты тұрғын үй көлемі жалпы 6500 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерге газ плита орнатылған.
Шекаралы өңірге салынған бұл үйлердің сән-салтанаты астаналық тұрғынүйлерден кем емес. Мұнда Тәңірберген Әлімбаев, Бақыт Сайлыбаев, Шымыркүл Қалиева, Қайрат Рахметолдаев, тағы басқа маман құрылысшылар алғашқы күннен жұмыс істеп келеді. Олардың арасында құрылыс жұмысымен жаңа шұғылданған Аржан Бекдайыр, Елжан Шәкей, Нұрасыл Нұрғожа сынды жастар да бар екен.
– Жалпы жұртымызға пайдасын беретін іспен шұғылданғанымыз өзімізге ұнайды, – дейді құрылысшы жастар. – Үй кезегінде тұрған әр отбасы жайлы, жарық, жылы пәтерде өмір сүруге құқылы. Ал біз шекаралы өңірде жаңа, сәнді қала тұрғызуға бар күш-жігерімізді жұмсаудан жалықпаймыз.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ