Жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан №373 сайлау учаскесі референдумда дауыс берушілер үшін есігін айқара ашты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Учаске жұмысы салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының әнұранының орындалуымен басталды. Ашылу салтанатынан кейін учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жұмысқа кірісті.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі Брюссельдегі Ван Бевер даңғылы, 30 мекенжайында орналасқан.
Қазақстандықтар жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін дауыс бере алады.
Бельгия астанасынан 200 шақырым жерде орналасқан көршілес Люксембургте тұрақты тұратын қазақстандықтар да Брюссельде дауыс береді.
Референдум өткізу жөніндегі №373 учаскенің төрайымы Гауһар Тұрсынова бір күн бұрын Бельгия мен Люксембургте тұратын қандастарымызды соның ішінде Интернеттегі танымал әлеуметтік желілер арқылы хабардар ету шаралары қолға алынғанын хабарлаған.
«Сайлау тізімінде 200-ге жуық адам бар. Бұл елшілік дипломаттары, олардың отбасы мүшелері, Бельгияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер, сондай-ақ жергілікті компанияларда жұмыс істейтін азаматтар», — деп атап өтті Г. Тұрсынова.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс беріп жатыр.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.
Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды.