Ақсу ауданында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қолөнер туындыларының көрмесі өтті. Шараның мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін таныту, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және инклюзивті ортаны қалыптастыру.
Көрменің салтанатты ашылуында құтықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Тынышбайұлы: «Біз бүгін қоғамымыз үшін маңызды әрі мәні терең іс-шараға жиналдық. «Кедергісіз келешек» жобасы әрбір азаматтың өмірлік әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік береді», – деп өңірде атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталды.
Шара барысында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы А. Құрманғалиева да сөз алып, көрменің әлеуметтік маңызын атап өтті.
– Бұл көрме ерекше жандардың мүмкіндігін паш етеді. Біздің мақсат – әр адамның арманын орындауға жағдай жасау. Біз үмітті ұштауымыз керек, – деді ол.
Көрмеге кестеленген суреттер, тоқыма, ағаш, қағаздан жасалған қолданбалы өнер туындылары қойылыпты. Ақсулық қолөнершілердің бұл туындыларынан шеберлердің өнерге деген сүйіспеншілігі мен өмірге деген құлшынысын байқауға болады.
Шара соңында аудан әкімі Берік Тынышбайұлы қолөнер шеберлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Жүрекке жылу сыйлаған шара қатысушыларды жарқын болашаққа талпындыратыны сөзсіз. Ақсуда «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы істер жалғасын таппақ.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ
Ақсу ауданы










