Жергілікті тұрғындардың әртүрлі мақсатпен жер қазу жұмыстары кезінде табылған астық сақтайтын ыдыстардың сынықтары мен VIII-IX ғасырларға жататын шыңылтыр құмыралардың (бүтін) табылуы, сол көне дәуірдің құнды белгілері. Алмалы атануы Алмалы өзенінің бойын бұрын сыңсыған тоғай алып жатқан Қорғас суынан бастау алатын өзенінің бойындағы аңғардан ағып келген жабайы алма (Сиверс алмасы), жабайы өрік самсап өскендіктен. Алмалы ауылының батысында жүздеген жылдар тарихы бар Дөңгене қалашығының орны жатыр.
Алмалының айналасындағы Қайырма, Қарабастау, Дөңгене, Жермәлі ауылдары қосылып отызыншы жылдары шаруашылыққа біріккен. Алмалыда «Қызыл Октябрь», «Авангард» ұжымдары құрылған. Алғашында бар-жоғы бес соқасы, елу-алпыс қойы, жиырмадай күш-көлігі бар шаруашылықты Смағұл Ашаев басқарған.
Кеңестік заманның келеңсіз саясатымен қуғын-сүргінге 17 адам ұшырап, сотталып, атылып, айдауға кесілген. Кейбірі дерексіз кеткен. 2010 жылы жоғары органдарға арнайы сұрау салып, есімдерін анықтап, ақталу жөніндегі анықтамаларды отбасыларына тапсырдым. Олардың арасында менің үлкен ағам Солтанаев Ауғанбай да бар. Оның ақталуы жөніндегі анықтаманы 2017 жылы қолыма тигіздім.
Ұлы Отан соғысының майданына Алмалыдан кеткен сексеннен астам адамның елу төрті ұрыс даласында қаза тапты. Аман-есен оралғандар еңбек етіп, бейбіт күндері өмірден озды. 2017 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ауыл ортасында соғыс ерлеріне тұғырлы, еңселі ескерткіш орнатылды. Бұл күндері Басқұншы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылындағы Елтінді батыр атындағы орта мектебінде 745-тен астам оқушыға 75 мұғалім сабақ береді. Екі балалар бақшасында 50-ден астам бала тәрбиеленеді. Халыққа қызмет көрсететін байланыс бөлімшесі, амбулатория бар. Ауылдың ішінде бірнеше жерлерде сауда нүктелері, сұлулық салоны халық игілігіне жарауда. Нарықтық экономикаға дер кезінде бейімделген адамдар 360-тан астам жеке шаруа қожалықтарын құрып, әртүрлі дақылдарды игеруде. Жергілікті тұрғындардың қажетін өтеуге арналған екі кірпіш шығару цехі жұмыс істейді, «Алмалы-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұсатылған қиыршық тас шығарып, тұрғындарды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде. Еркіндіктің лебін шынайы сезінген ауылдастарым ертенгі жарқын күндеріне сеніммен қарайды.
Молот СОЛТАНАЕВ