Әбілхан ағамыз суретшілік пен қолөнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға өте шебер адам болыпты. Жас Әбілхан анасына көмектесе жүріп, осындай халықтық өнерді бойына дарытқан. Кейіннен суретшінің «мен өнерді таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деуі де осыдан болса керек.
Әбілхан Қастеев еңбек жолын Түрксіб темір жолынан бастады. Талапты жас одан кейін Мәскеуге аттанып, 1929-1936 жылдар аралығында көркемсурет студиясында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден тәлім алды. Одан кейін әр түрлі қызмет атқара жүріп, жаңадан құрылған Қазақстан Суретшілер одағын басқарды, басқарма төрағасы болды. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Депутаты болып сайланды. КСРО-ның жоғарғы Мемлекеттік Орден, медальдарымен марапатталды.
Әбілхан ағамыз өзінің туған елі мен жерін, отанын асқан махаббатпен, өр сүйіспеншілікпен бейнелеген ерен тұлға. Қазіргі таңда оның салған суреттері мемлекет байлығы, ұлт құндылығы болып саналады. Өнерімен өз елін де, барша әлемді де тәнті қылған атақты жерлесіміздің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, әлемдік деңгейде атап өтілді.
«Колхоздағы сүт ферма», «Мақта жинау», «Колхоздың тойы», «Қыз алып қашу», «Сатып алынған қалыңдық», «Алтын астық», «Ақсай карьері», «Медеу мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас жағалауы», «Қапшағай даласы» секілді құнды суреттері бар. Сонымен қатар Кенесары Қасымұлының, Абайдың, Шоқан Уәлихановтың, Жамбылдың, Амангелді Имановтың портреттерін кескіндеп, бізге баға жетпес байлық ретінде қалдырып кетті.
Марапаттары:
— «Қазан төңкерісі» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен екі рет, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
— Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1942).
— Қазақ КСР халық суретшісі (1944).
— Шоқан Уалиханов атындағы Қазақ КСР-нің мемлекеттің премиясы (1967), «Қазақсан жерінде» атты туындылары үшін.
Естелік
— Қастеев атымен ҚР мемлекеттік өнер мұражайы, сонымен қатар бірнеше қалалардағы көшелер аталған.
— Шымкент қаласындағы көркемөнер колледжі Қастеев атымен аталған, 2009 жылы колледж алдында суретшінің ескерткіші ашылды.
— 2004 жылы Қастеевке арналға пошта маркілері шығарылды.
— Жаркент қаласында Әбілхан Қастеев атындағы мұражай бар.