Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңі айқындалды. Онда басты назар — жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға аударылды. Мемлекет басшысы бұл үрдіс тек экономиканың емес, бүкіл қоғамның болашағын айқындайтынын атап өтті.
Президент Үкіметке жасанды интеллектіні барлық салаларда кеңінен қолдануды тапсырды. Әкімшілік басқарудан бастап ауыл шаруашылығы мен көлік-логистикаға, білім мен денсаулық сақтау жүйесіне дейін ЖИ жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Жасанды интеллектіні дамыту үшін заңнамалық реттеу, дербес мәліметтерді қорғау және қауіпсіздік мәселелері маңызды. Президент осы бағытта нақты құқықтық институттар құру қажеттігін айтты.
Жасанды интеллект дәуірінде адами капиталдың рөлі артады. Сондықтан мектептер мен университеттерде цифрлық құзыреттерді дамыту, жаңа буын мамандарын даярлау, ғылыми-зерттеулерді қолдау — стратегиялық міндеттердің қатарында.
Бұл салада ілкімді жобаларды жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру, отандық стартаптарды қолдау, импортқа тәуелділікті азайту — Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек.
Жиырма бірінші ғасырда жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізу мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Алайда кадр тапшылығы, құқықтық базаның кешеуілдеуі және инфрақұрылымдық шектеулер сын-тегеурін болып тұр. Алдағы кезеңде бұл да шешімін табады деп сенеміз.
Президент Жолдауы Қазақстанды жаңа цифрлық дәуірге жетелейтін стратегиялық бағдарлама болып отыр. Жасанды интеллектті тиімді енгізе алсақ, еліміз бәсекеге қабілетті мемлекеттердің алдыңғы қатарынан орын алады.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Жауынгерлік Даңқ музейінің меңгерушісі










