Панфилов ауданында құқықтық тәртіп пен қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Заң бұзушылықтың алдын алу – қылмыстың азаюына, халықтың қауіпсіз өмір сүруіне тікелей әсер ететін басты тетік. Сондықтан құқықтық профилактикаға баса назар аудару бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Әділетті Қазақстан құру үшін ең алдымен заң үстемдігі қамтамасыз етілуі тиіс» деп атап көрсеткен еді. Бұл сөздер құқықтық тәрбиенің маңызын көрсетіп қана қоймай, жергілікті деңгейде нақты іс-қимылға жол ашады.
Аудан көлемінде мектептерде, колледждерде құқықтық дәрістер өткізу, жастар арасында түсіндіру шараларын жүргізу тұрақты дәстүрге айналды. Әсіресе жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін көтеру – болашақта қылмыстың алдын алудың сенімді жолы. Сонымен қатар ауылдық округтерде ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың бастамасымен құқықтық әңгімелер, кездесулер ұйымдастырылып жүр.
Құқықтық профилактика тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат өз құқығы мен міндетін білгенде ғана әділдік салтанат құрады. Бұл тұрғыда Панфилов ауданының тәжірибесі – көпке үлгі.
Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылық құқықтық мәдениетке байланысты. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру – ауданның әрі елдің болашағына салынған берік іргетас.
Гауһар МҰҚАТАЙ,
Панфилов аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы










