Қанында тұлпар мінсе делебесі қозатын қасиеті бар, көлік жүргізу тәжірибесі мен мәдениетінен жұрдай азаматтарымыз өзін ен далада жүйткіп келе жатқандай сезініп, өзінің ғана емес өзгенің өмірі мен денсаулығына қатер төндіру оқиғалары әсіресе соңғы жылдары көбейіп кетті десек қателеспейміз. Әрине, қазіргідей өмір сүру үшін жанталасқан заманда көліксіз ешбір шаруа бітпейтіндіктен оның тұрмыстық қолданыстағы маңызы да артып отыр. Азаматтарымыздың тұрмыстары жақсарып, заман ағымына сай көлік саны артуы заңды құбылыс деуге болады. Бұрынғы қылмыстық құқық бұзушылық саналатын алыпсатарлық (спекуляция) кәсіпке айналғаны сияқты экономикасы шикізатқа негізделген еліміз үшін адам тасымалымен айналысу қарапайым азаматтарымыздың көпшілігінің негізгі кәсібіне айналып та үлгерді.
Халқымызға өз пайдасын тигізген автокөліктің бүгінгі күні мыңдаған азаматтарымыздың өмірін жалмаған жан алғыш әзірейілге айналып отырғаны неліктен? Қазағымыздың даңқын әлемге әйгілеген, 20 жасында олимпиада чемпионы атанған Б.Саттарханов, айтыс өнерінің құлагері О.Досбосынов пен оның жан жары, сондай-ақ жезтаңдай әнші М.Ералиева, поэзия жампозы Қ.Әлімбек сияқты болашағынан зор үміт күттірген асылдарымыздың бәрі көлік апатынан ажал құшты. Бұлардың бәрі де қазағымыздың даңқына даңқ қосатын және рухани дүниесіне бергенінен берері көп хас талант иелері еді. Осындай оқиғаларды көріп, білген сайын өз адал өлімімен емес, көліктен ажал табу өз қаракөз бауырларымызды жалмап жатқан орны толмас қасірет көзіне айналғанын мойындауға тура келеді.Бейбіт күннің өзінде мыңдаған жан ұя асыраушысынан айрылып, қаншама ана жесір, бала жетім қалуда, қаншамасы өмір бойына мүгедектік қамытын киіп, аурудың ащы запыранын жұтуда.
Заңнамада айналасындағыларға жоғары қауіп тұғызатын қызмет (жоғарғы қауіптілік көздері) деген түсінікке көлік құралдары мен көлік құралдарының иелері жатады.Сондықтан әрбір рульге отырған азамат өзі мен көлігінің өзге азаматтардың Алла берген денсаулығы мен өміріне басты қауіптілік көзі екенін санасымен түсінбеуі салдарынан жол көлік оқиғасының басым бөлігі болып жатады. Кейбір Алланы ұмытып, көзін барлықтың шелі басқан азаматтарымыздың белі бесіктен шықпаған балаларын қымбат көлік тізгінін ұстатуы салдарынан өз еңбегімен келмеген көлікке мінген есірік өз қатарластарымен елді мекеннің жолында түнгі уақытта азаматтарымыздың тыныштығын бұзып, конституциямыен белгіленген мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы-адам және адамның өміріне, құқықтарына тікелей қауіп төндіретін«жарыс» (гонка) жасауы, жақынының байлығы мен лауазымының арқасында жазаға тартылмайтынына сенімділігі, өзін «құдай» сезінуі біздің Жаркент қаласында да бар жағдай. Бұның бәрі ондай жан ұяларда ұрпағына өнегелі тәлім тәрбие берудің жоқтығын, байлықтың буына мастанғандардың санасында ешқашан да рухани жаңғыру болмайтынын аңғартады. Ондай есерлерді солқылдақ заңымыз емес ажал ғана тоқтататыны шындық. Баршылық пен жазасыздыққа әбден еті үйренген есірген есіріктерге келгенде полиция қызметкерлері де дәрменсіздік танытатыны, жүнді білек «шатыры» жоқ, қарапайым әрі ескі көлік мінген жуас жүргізушілерді жүндеуге, жазалауға ғана әлі жететіні біздің қоғамның ащы болса да шындығы.
Панфилов аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Р.Дауылбаевтың бізге берген мәліметі жан шошырлық. Ауданымыздың әкімшілік аумағында 2018 жылдың 9 айы ішінде 82 жол көлік оқиғасы тіркеліп (2017 жылы-64), ол 18 дерекке өсіп, 15 азамат қайтыс болып (2017 жылы-7) өлім жағдайы 8 дерекке өскен, 141 азамат түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып (2017 жылы-98) ол 43 оқиғаға өскен екен.Оның ішінде жаяу жүргіншіні басып кетудің 24 дерегі тіркеліп, ол 100 % өскен (2017 жылы-12), 3 жаяу жүргінші қайтыс болып, 200 % өскен (2017 жылы-1), 23 жаяу жүргінші дене жарақатын алып, өсім 91,7% құраған (2017 жылы-12). Республикалық маңызы бар жолда 9 жол көлік оқиғасы тіркеліп, көрсеткіш 25,0 төмендеген (2017 жылы-12) оның салдарынан 2 азамат қайтыс болған (2017 жылы-2), 24 азамат түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған, яғни 25 % төмендеген (2017 жылы-18).
Жергілікті маңызы бар жолдарда 46 жол көлік оқиғасы тіркеліп, ол 43,8 5 өскен (2017 жылы-32), 5 азамат қайтыс болған (2017 жылы-5), 64 азамат түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған, 73 % өскен (2017 жылы-37).Көлік жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізуінен 3 жол көлік оқиғасы орын алған, 50 % өскен (2017 жылы-2), 2017-2018 жылдары адам өлімі тіркелмеген, 3 азамат дене жарақатын алған, яғни 66,7 % өскен (2017 жылы-5).
Жыл басынан бері жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол патрульдік полиция бөлімі қызметкерлерімен жалпы алғанда 1 910 жол жүру ережелерін бұзу деректері анықталып (2017 жылы-973) 13 935 767 теңге көлемінде айыппұл салынып,ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша (автокөлікті мас күйінде жүргізу) 27 дерегі анықталған (2017 жылы-41).Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346-бабы бойынша автокөлікті мас күйінде жүргізгені үшін көлікті жүргізу құқығынан сотпен айырған адаммен қайталанып көлік жүргізгені үшін 6 қылмыстық іс сотқа жолданып, сот үкімдері шықты. ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша (жаяу жүргіншілердің жол ережелерін бұзуы) 191 жеке тұлға анықталды (2017 жылы-21), 591-бабы бойынша (телефон, радиостанция қолдану) 191 дерегі анықталды (2017 жылы-83), 593-бабы бойынша (қауіпсіздік белбеуін тақпау) 363 оқиғасы тіркелді (2017 жылы-195).
Жол көлік оқиғаларын болдырмау және алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол», «Мас жүргізуші», «Жаяу жүргінші» атты жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып жүргізілді.Аталған іс-шаралар барысында басқа да жол жүру ережесін бұзғаны үшін 1 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда: ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша 276 (17-322) хаттама, 597-бабы бойынша 20 (17-3) хаттама, 600-бабы бойынша 28 (17-11) хаттама, басқа да жол жүру ережесін бұзғаны үшін 1 092 (17-274) хаттамалар толтырылды.
Жол көлік оқиғалары санының өсуі себебі қарапайым жол қозғалысы ережелерін білмейтін жүргізушілер мен бесіктен белі шықпай жатып көлік рөліне отыратын жасөспірімдер мен жастардың соңғы кезде тым көбейіп кетуінен, олардың жүргізушілік мәдениеті мен жауапкершіліктерінің төмендігінен және үй мен түзде тиым мен тәрбие көрмеуінен, лайықты жазасын алмауынан болып отырғаны шындық десек қателеспейміз.Барлық пен албырттықтың буына бөккен жастарға сақтық пен өзгенің өмірінің құны көк тиын болып, адами, мәдени, рухани ой-өрісінің жұтаңдығынан, есерліктің басымдығынан ата-ана мен жақындары өз қанына тұншыққан бауыр еті баласы ажал құшқанда ғана санасына саңлау түсіп, зар еңірегенімен бәрі кеш болары сөзсіз. Жол көлік оқиғасына тікелей әсер ететін келесі фактордың бірі-шетелде пайдалану мерзімі өткен соң елімізге әкелінген көліктердіңі техникалық ақауларын дер кезінде жөндемеуінен де болып жатады.Техниканың қыр-сырын білмейтін адамның көліктің моторы тартқанша зымырауы да өзінің және өзгенің денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіретінін бір сәтке болса да ойламауында десек қателеспейміз.Айналасындағыларға қауіптілік көзі саналатын автокөлік заулаған сайын бірнеше көлік қатар сиятын қасиетті қара жол қара жіпке айналары, алдыңнан қарама қарсы басқа автокөлік, бұрылыс немесе аспанға «сальдо» жасататын қазан шұңқыр кездесуі де мүмкін екенін ескеру керек.Елімізде жол-көлік оқиғасының, оның ішінде балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында қауіп-қатердің алдын алу үшін жолдың сапасын жақсарту, жолда жүру ережелерін сақтау, ішімдіктен бас тарту, жарақат алған адамды уақытында ауруханаға жеткізу мен алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің маңызы зор.
Шапшаң жүріспен қысқартам деген шақырымың өміріңнің соңғы шақырымына, темір тұлпарың «темір табытқа» айналып, қаның судай шашылмасын десең жолда жүргенде абай болған абзал. Алланың «Сақтансаң сақтармын» дегені мен «Сақтықта қорлық жоқ» деген ата-бабамыздың асыл сөзін де әрдайым естен шығармағын, ажалыңа асықпағын, ағайын дегіміз келеді!
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер
Одағының мүшесі.