Ауылдың «Айдарлы» аталуының себебі, көнекөз қариялардың айтуы бойынша осы ауыл тұрған жер айдар — айдар құм болған деседі. Сол жер жағдайының ерекшелігіне, құмға байланысты «Айдарлы» деп аталған болуы керек. Айдарлы ауылы — аудан орталығы Жаркент қаласымен аралығы 56 км және өңірдегі ең ірі Іле өзенінің оң жағалауынан 8 км қашықтықта орналасқан. Округ қарамағына — Дарбазақұм, Сарпылдақ елді мекендері де кіреді. Ауыл аумағы Іле өзені арқылы көршілес Ұйғыр ауданымен шектесіп жатыр. Аймақтың өсімдіктері әлеміне: бетеге, жусан, ермен, шай шөп, адыраспан, қылша көптеп кездеседі. Шөл дала өсімдіктерінен: сексеуіл, жыңғыл, жантақ, тораңғы, сонымен қатар, Іле өзенінің жағалауында үйеңкі, көктерек, жыңғылдан тұратын шағын тоғайлар таралған, шалғынды сортаң топырақта қамыс-құрақ және ши өседі. Өзен торларына тоқталар болсақ, Жетісу Алатауынаң оңтүстігіндегі тау мұздықтарынан бастау алып Іле өзеніне келіп құяды.
Айдарлы ауылы кеңестік коллективтендіру кезінде, яғни, 1932 жылдары бұл жерде санаулы ғана отбасы қоныс тепкен, Октябрь совхозының (қазіргі Қоңырөлең) бір бөлімшесі еді. Ұлы Отан соғысы кезінде ауылға соғыс жүріп жатқан аудандардан ата-анасы жоқ балалар, эвакуацияланған аудандардан орыстар, шешендер, түріктер, немістер, украиндар, татарлар, ұйғырлар көшіп келді. Айдарлы ауылы көп ұлттар мекендеген ауылға айналып, тұрғындарының саны артты.
1944 жылы өз алдына «Октябрь» совхозынан бөлініп шығып «Гвардия» совхозы болып ашылды. Жер жағдайының қолайсыздығына қарамай мал шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысты. 1955-1958 жылдары жер үйлер орнына, алғашқы болып шифермен қапталған шатырлы 10 үй салынды, 1 асхана, 10 адамдық аурухана, 25 адамдық балабақша ашылды. Жеке жұмысшылар кооперативі құрылып, азық-түлік және тұрмыстық тауарлар дүкені де орталықтан бой көтерді.
Саралап айтар болсақ, шаруашылықтың әлеуметтік – экономикалық жағдайы Байғұттиев Әзімбай басқарған 1978-86 жылдардан бастап оңшала бастады. Бас экономист Ж.Бижановтың ұсынысымен республикалық «Казгипровод» институты мақұлдаған ең үздік және қуаттылығы 1м3/сек су соратын ірі жоба «Сигманы» (ұзындығы 13 км болатын Іле өзенінен тартылған су құбыры) іске қосу қолға алынды. Нәтижесінде, көп жылдық шөп қоры молайып, мал өнімінің көлемінің артуына ықпал етті.
Айдарлы мектебі 1944 жылы алғаш бастауыш мектеп болып ашылды, 1950 жылы бастауыш мектептен 7 жылдық орыс-қазақ мектебіне айналдырылды. 1952 жылы аталмыш 7 жылдық мектеп, 10 жылдық болып қайта ұйымдастырылды. Оқу ордасының директоры болып Ұлы Отан соғының ардагері Бижанов Сұлтан тағайындалды.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары жеке шаруа қожалықтары құрыла басталған жылдары олардың алғашқылары қатарында Ә.Оспанов, Ж.Бижанов, Т.Ашубасаров, Т.Үмбеталиев тағы басқалары болып, олардың арасында өз жұмыстарын дөңгелетіп алып кеткендері де баршылық. Оспанов Әбілхан Балабекұлы асыл тұқымды мал шаруашылығын жетілдіру мақсатында іс-тәжірибе алмасу үшін Америка құрама штаттарына барып қайтты.
2012 жылдан «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылда әр үйге су жүйесі тартылып, ауыз су еркін пайдаланылуда. Ауыл маңында 2015 жылдан бері ЖШС «Жаркент фрукт» алма бақ өсіруді қолға алды. Оған 12,7 млрд. теңге қаржы салынып, көлемі 998 га жерді қамтып жатыр. Бақта 1910 мың түп алма көшеттері, 318 мың түп алша, 83 мың түп шабдалы, 29 мың түп қара өрік көшеттері күтіліп бапталуда. Ал енді жылыжай шаруашылығын дамыту — бұл дегеніңіз көкөніс молшылығының бірден-бір кепілі. Оның айғағы осы округке қарасты Дарбазақұм ауылының маңындағы «Агро» жылыжай құрылысының іске қосылуын атап айтуға болады. Онда қияр, қызанақ көшеттері отырғызылып, мол өнім жиналуда. Жылыжайдың ұзындығы 205 метр, ені 192 метр. Және де соның арқасында біршама ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, жанұясын асыраумен қатар, әлеуметтік жағдайларын да көтеруге септігін тигізуде.
Қ. ИБРАЙЫМЖАНОВ