Соңғы жылдары әлемдік экономика күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқаны белгілі. Геосаяси тұрақсыздық, санкциялық текетірестер, логистикалық қиындықтар мен инфляциялық қысым көптеген мемлекеттердің дамуына әсер етті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан экономикасының тұрақты өсім көрсетуі – ел үшін маңызды жетістік. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жолдауларда көтерілген бастамалардың нақты нәтижесі байқала бастағанын жоққа шығаруға болмайды.
Президент биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндірісті күшейту, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту мәселелеріне айрықша назар аударды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстардың алғашқы нәтижелері де көрініс бере бастады.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары өсімдердің бірі саналады. Экономикалық серпінге әсіресе көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары үлкен үлес қосқан.
Мәселен, құрылыс саласындағы өсім 15,9 пайызға жетті. Бұл – ел көлемінде тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, жол мен инфрақұрылымдардың қарқынды салынып жатқанын көрсетеді. Ал көлік және логистика саласы 20 пайыздан астам өсім көрсетіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің күшейіп келе жатқанын аңғартты.
Өнеркәсіп өндірісі де айтарлықтай жоғарылаған. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі өсім маңызды көрсеткішке айналды. Бұл – Президенттің шикізатқа тәуелділіктен арылып, нақты өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларының нәтижесі деуге толық негіз бар. Машина жасау, химия өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі мен мұнай өңдеу салаларындағы өсім ел экономикасының жаңа бағытқа бет алғанын байқатады.
Сауда саласындағы көрсеткіштердің де жоғары болуы халықтың экономикалық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Ішкі нарықтағы тауар айналымының көбеюі кәсіпкерлік саласының жанданып келе жатқанын аңғартады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атап өткен болатын. Өйткені дамыған елдердің экономикасында негізгі күш дәл осы кәсіпкерлік секторына тиесілі. Қазіргі таңда Қазақстанда да бизнеске түсетін әкімшілік қысымды азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында нақты реформалар жүзеге асырылып келеді.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – инфрақұрылымды жаңғырту. Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе аймақтардың дамуына оң әсерін тигізуде. Жаңа жолдар, инженерлік желілер, өндірістік жобалар өңір экономикасының дамуына серпін беріп отыр. Мұндай өзгерістер Жетісу өңірі мен Панфилов ауданы секілді шекаралық, транзиттік әлеуеті жоғары аймақтар үшін де маңызды.
Экономикалық өсімнің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Қазіргі таңда мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Экономикадағы тұрақтылық әлеуметтік тұрақтылықтың да негізі саналады.
Әрине, кез келген экономикалық реформаның табысты болуы ең алдымен тәртіп пен заң үстемдігіне байланысты. Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын алға шығаруы да сондықтан. Өйткені әділдік пен ашықтық орнамайынша, экономикалық жетістіктің ұзақмерзімді болуы қиын.
Бүгінде Қазақстан экономикасы жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. Соңғы көрсеткіштер елдегі реформалардың нәтижесіз емес екенін дәлелдейді. Әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан, ЖІӨ-нің тұрақты өсуі, өндірістің артуы, құрылыс пен кәсіпкерліктің дамуы – көңілге сенім ұялататын жағымды жаңалық.
Ең бастысы – бұл өсім қарапайым халықтың тұрмыс сапасына нақты әсер етуі тиіс. Сонда ғана Жолдауда көтерілген бастамалардың шынайы нәтижесі халық игілігіне айналмақ.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










