«Заңды сыйламаған, заңға бағынбаған елде болашақ жоқ». Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды әрі салмақты тұжырым. Өйткені мемлекет дамуының басты кепілі – заң үстемдігі. Заң әлсіреген жерде тәртіп бұзылады, әділет жоғалады, ал әділет жоғалған қоғамда әлімжеттік, жемқорлық, қызметті асыра пайдалану секілді келеңсіз құбылыстар тамыр жаяды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында «Заң және тәртіп» қағидатын бірнеше мәрте басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы әділетті қоғам құру үшін әр азамат заң алдында бірдей болуы керектігін ерекше айтты. Бұл – өркениетті елдердің негізгі ұстанымы.
Шын мәнінде, заң үстемдік құрмаған мемлекеттердің тағдыры тарихта аз болған жоқ. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, жемқорлық жайлаған, мемлекеттік тәртіп әлсіреген елдерде экономикалық тоқырау, әлеуметтік теңсіздік, халықтың билікке сенімсіздігі күшейген. Мәселен, халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттерде инвестиция азаяды, жұмыссыздық көбейеді, халықтың тұрмыс сапасы төмендейді.
Қазақстанда да соңғы жылдары заңсыздықпен күрес күшейтіліп келеді. Әсіресе, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұрын қол сұғылмайтын көрінген кейбір жоғары лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылуы – заңның бәріне ортақ екенін көрсететін маңызды қадамдардың бірі. Бұл қоғамдағы әділдікке деген сенімді арттыра түсті.
Дегенмен, заң бұзушылықтың тамыры тек үлкен қызметтерде ғана емес, күнделікті өмірде де байқалады. Кейде қарапайым ережені елемеу, қоғамдық тәртіпті сақтамау, пара беру мен пара алуға көз жұма қарау қоғамның өзіне зиян келтіреді. Өкінішке қарай, кей азаматтар заңды айналып өтуді «айлакерлік» деп қабылдайды. Ал шын мәнінде бұл – мемлекетке де, ұрпақ тәрбиесіне де қауіпті түсінік.
Мысалы, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу салдарынан елімізде жыл сайын мыңдаған жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Оның кесірінен қаншама адам қаза тауып, қаншама отбасы қайғыға душар болуда. Бұл да – заңға салғырт қараудың ащы салдары.
Сондай-ақ, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері де қоғамға үлкен зиян келтіреді. Өз қызметін жеке басының пайдасына жарататындар халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Ал сенім жоғалған жерде тұрақтылық та әлсірейді.
Заңға құрмет – өркениеттіліктің белгісі. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, тәртіпке бағынған қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізеді. Мәселен, Сингапур елінің қысқа мерзім ішінде дамыған мемлекетке айналуының басты себептерінің бірі – қатаң тәртіп пен заң үстемдігі. Онда жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидасы қалыптасқан.
Қоғамның өзгеруі әр азаматтың өзінен басталады. Заңды сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ол – бүкіл халықтың ортақ жауапкершілігі. Әркім адал еңбек етіп, тәртіпке бағынып, заңды құрметтегенде ғана мемлекет қуатты болады.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді дана халқымыз. Сондықтан заңды құрметтеу – еркін әрі өркениетті қоғамның басты шарты. Заңы үстем елдің ғана болашағы баянды, келешегі кемел болмақ.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі










