Қызылорда облысында бүгін республикалық референдумда 492 мыңнан астам адам дауыс беру мүмкіндігі бар. Таңғы сағат 7.00-де Қызылорда өңіріндегі барлық референдум учаскелері ашылып, өз жұмысын бастады. Учаскеге алғаш болып келген 103 жастағы майдангер Яхия Тасыров өз таңдауын жасады.
Сырдария ауданында тұратын Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Яхия Тасыров референдум күні алғашқылардың бірі ретінде өз учаскесінде бюллетень алып, дауыс берді. Қария бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, комиссия мүшелеріне ақ батасын берді.
— Бірлік әрқашанда маңызды. Ел үшін өзекті істерге үлес қосуымыз керек. Сондықтан әрбір саяси науқан кезінде өз таңдауымды жасаймын. Мемлекеттің дамуы келешегіміз үшін қажет. Ұрпақтарымыз аман болсын, — деді майдангер.
Өңірде 380 референдум учаскесінде 492 380 азамат дауыс беруге құқылы. Оның 126-ы Қызылорда қаласында, 254-і аудандарда орналасқан.
«Учаскелердің 27-і азаматтардың уақытша болу орындары яғни жабық учаскелер қатарында. Онда тізімге енген азаматтар толық дауыс беріп болса, дауыс беру уақыты ерте аяқталуы мүмкін. Олар әскери бөлімдер, емдеу-профилактикалық мекемелері, тергеу изоляторлары және тағы да басқа орындар. Сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелердегі 6 учаскеде дауыс беру таңғы 6.00-де басталды», — деп мәлім етті облыстық сайлау комиссиясынан.
Барлық учаскелер мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы яғни 1-қабатта орналасқан. Ал Брайл қарпін қолдана алатын 72 учаскеде 100 көз мүгедегіне қажетті арнайы трафарет дайындалған. Қалған 308 учаскеде трафареттер таратылған.
«Қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін инватаксилер мен онлайн сурдоаудармашылар ымдау тілі қызметтерін көрсетеді. Референдумды өткізуге жауапты комиссия мүшелері біліктілік семинарынан өткізілген. Көшпелі оқытуға қала және аудандағы аумақтық сайлау комиссиясының және учаскелердегі референдум учаскелеріндегі 1692 мүшесі қамтылды», — деп атап өтті облыстық сайлау комиссиясынан.