6 қазан әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңызды күн болды. Өйткені, бүгін еліміздің болашағы үшін зор маңызға ие референдум өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
АЭС салу жөніндегі республикалық референдум ашық түрде шешім қабылдауға және қоғамдағы көзқарастарды ескеруге мүмкіндік береді. Бұл процеске азаматтармен қатар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де қатысты. Азаматтық борышын жеке бастың мүддесінен биік қойған олар референдумда белсенділік танытты.
Таңертеңгі сағат 6:00-де елордалық 5573 әскери бөлімінде орналасқан №283 референдум учаскесіне ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков алғашқылардың бірі болып барды. Ол ел болашағы үшін өзінің азаматтық ұстанымын байқату жауапты міндет екенін көрсетті.
Бүгін – маңызды және тарихи күн. Республикалық референдум-Қазақстанның демократиялық дамуына жасалған маңызды қадам. Бұл референдум мемлекеттің халық үніне құлақ асатынын тағы да дәлелдейді,-деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтың айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған дауыс беру учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары болды. Референдумға тек офицерлердің өздері, келісім шарт бойынша әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері ғана емес, сонымен қатар ардагерлер мен мерзімді қызметтегі сарбаздар да белсенді қатысты.
Біз дауыс беруді қорытындыладық. Ұлттық ұланның барлық референдум учаскелерінде барлық жеке құрам дауыс берді. Байқаушылардың бағалауы бойынша ешқандай бұзушылықтар анықталған жоқ,-деді генерал-майор Қайрат Үмбетов қорытынды сөзде.
Мерзімді әскери қызметшілер мен Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары әскери қалашықтар аумағындағы 37 референдум учаскесінде дауыс берді. Бірінші дауыс бергендерге естелік сыйлықтар табысталды. Олардың арасында референдумға алғаш рет қатысқандар да жетерлік. Мәселен, Астана қаласында өзінің әскери борышын атқарып жүрген түркістандық қатардағы жауынгер Жансерік Махмұт өмірінде бірінші рет дауыс беруге қатысты.
Мен Қазақстан азаматы ретінде референдумда дауыс беріп, азаматтық борышымды орындағым келеді және бұл мемлекетіміздегі оң өзгерістерге әсер ететініне сенемін, — деді қатардағы Жансерік Махмұт.
Барлық референдум учаскелерінде дауыс беру Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бақылаушыларының қадағалауымен өтті.
Айта кетейік, күннің бірінші жартысында жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ге дейін Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы әскери бөлімдерінің жеке құрамы өздерінің дауыс беру құқығын 100% іске асырды. Әскери бөлімдерде орналасқан дауыс беру учаскелерінде Ұлттық ұланның 45 мыңнан астам әскери қызметшісі мен олардың отбасы мүшелері дауыс берді. Осылайша, ұландықтар жауапкершілік пен тәртіптің үлгісін көрсете отырып, дауыс беруді ерте аяқтады.