Панфилов ауданындағы №273 дауыс беру учаскесінде бүгін таңертеңнен бастап тұрғындардың белсенділігі байқалады. Учаске алдында дауыс беруге келген азаматтардың ұзын-сонар кезегі қалыптасып, көпшілік өз азаматтық борышын орындауға асығуда.
Дауыс берушілердің қатарында Панфилов ауданының логистика саласының қызметкерлері де бар. Олар ұжым болып келіп, республикалық референдумға белсенді қатысып жатыр.
Атап айтқанда, жылына 20 мыңға жуық жүк автокөлігіне тиеу жұмыстарын жүргізетін “Евротранзит” компаниясының 139 қызметкері бір кісідей дауыс берді. Компания ұжымы бұл маңызды саяси науқанға «Атазаңымыз – біздің болашағымыз» деген ұранмен қатысып, елдің болашағына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.

Компания қызметкерлерінің айтуынша, Конституция – мемлекет дамуының негізгі бағытын айқындайтын басты құжат. Сондықтан әр азамат елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге белсенді қатысуы тиіс.
№273 дауыс беру учаскесінде дауыс беру процесі заң талаптарына сай ұйымдастырылып, тұрғындардың еркін таңдау жасауына барлық жағдай жасалған. Учаскеге келіп жатқан азаматтардың белсенділігі аудан тұрғындарының қоғамдық-саяси өмірге деген жауапкершілігін айқын көрсетуде.










