Айғайсыз-ақ атағы андағайлап алысқа тараған, білегіне біткен қара күшімен Суан елінің намысын қорғаған алыптары жеткілікті. Сондай белдескеннің белін алған, талай тартысты топта күреске түсіп ел намысын бермеген, жұртының жалауын жықпаған палуандардың бірі – Арқабай.
Арқабай палуан жайлы бірнеше адаммен сөйлесіп мәлімет алуға тырыстым. Сонау 19 ғасырдың орта кезіндегі өткен айтулы оқиғалар ел есінде үзік-үзік қалып, көмескілене бастаған. Дегенменде бір деректер шығама деп көп жылдар бойы ел басқарған, қоғам қайраткері Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейітпен хабарластым. Шежіреге сүйенсек Бөргелтайдың жалғыз баласы Киікбай ертеректе қайтыс болып кетеді. Қазақтың әмеңгерлік салтты мықты ұстайтын кезі. Жақсысын жатқа қаңғытпайтын қазақ емес пе, бір ұлымен қалған оның әйелі Айбикені жұрт жиылып Тұрдымбеттің екінші ұлы Қошқарға қосады. Айбике Қошқардан бір ұл – Бөлекті дүниеге әкеледі. Бір елді аузына қаратып отырған Бөрібай би Бөлекті Үмбетейге тән қылып, екеуін туыс-бауыр еншілес етіп қояды.
Бөлек пен Үмбетейдің Шегірек, Қошқар аталары төскейде малы қосылып, жыл өткен сайын мал басы Долаңқараның айналасына симай, жан саны өсіп көбейеді. Тығыз отырған елдің арасында ептеген жайылымға, суатқа таласып, кикілжің туа бастайды. Сөзі еліне өтімді, жұртына жеткізе билік айтатын Бөрібай бидің өзі туыстарының арасындағы жиілеген дау-дамайды кей кездері шешіп беруге қиналып, қысыла бастайды. Ары-бері ойланып, бұны ақылдасып шешпекке күндердің күнінде Суанның бас биі Қожбамбетке келеді. Қанша дегенмен де Тезектің төренің он екі биінің бас биі болса да өз білермендігіне салмай, екеуі жайылым жер сұрауға Тезек төренің ауылына тартады. Дәуірі жүріп тұрған төре жердің сұлтаны Матайдың асуының арғы астындағы қалың қатпарлы, малға жайлы, суы мол, көкорай, шөбі шүйгінді, одан қалса аң-құсы жыртылып айырылатын Қызылауыз деген жерді жайлап отырады екен. Төренің ауылына келіп қонақ асы жеп болғасын қоналқада әдейі келген бұйымтайларын айтады. Сонда Тезек төре жылдамтатып: «Қожам шешеді, Қожам шешеді. Бұл соның қолындағы дүние екен ғой» деп шешімін Қожбанбет биге сілтей беріпті. Сонымен әңгіме айналып келіп Қаңлылар мекендеп отырған жерден Бөлектерге жер алып берудің салмағы Қожбанбет биге түседі. Тезек төренің ауылынан екеуінің жұмысы шешілмей қайтады. Қатарласып ауылға жақындап қалғанда аға би үндемей, қандай шешімге келерін білмей келе жатқанын сезген Бөрібай би жылдамдатып атын тебініп арқан бойы озып барып атынан түсіп, көлденеңдеп жүрелеп басын иіп төмен қарап отыра қалады. Сол кездерде Қожбанбет Бөрібай бидің үлкен рудың бас биі болғандығын қатты сыйлайды екен. Еренсіз келе жатқан Қожбамбет Бөрібай бидің қылығын көріп аяқ астынан сасып қалып: «Ойбай-ау, Бөке, сізге не болды?», – депті. Атын көлденең тартып, өзі жүрелеп отырған би: «Маған осы Қарамоланың үстінен бір өгіздің терісіндей жер бер» дейді. Ол кезде Ынталыны Қаңлылар жайлап отырған кез екен. Қысылған Қожбанбет би: «Ойпырым-ай, қалың Қаңлыға жеріңді бер деп қайтіп айтам, тары жеп отыр едік», – депті. Қаңлылар ол кездері таудан аққан лықыған суды байлап, жер жыртып суармалы егін салады екен.
Біраз уақыт ойлана келе Қожбанбет қонақтар түсетін үй дайындатып, арнайы мал сойып Суан мен Қаңлылардың игі-жақсыларының басын қосып күтеді. Қазақ қазақ болғалы тыншымай келе жатқан, кейде аяғы үлкен дау-жанжалға, ұрыс-таласқа дейін апаратын дау «жер дауы мен жесір дауы» емес пе? Билер мен ақсақалдар ортаға осы жер дауын салып, екі жақтың шешендері кезек пе кезек сөз алып ырғасыпты. Бірақ, не керек екі жақ ортақ келісімге келе алмапты. Көп жылдардан бері осы араны қоныстанып, жер жады болып қалған Қаңлылар Матай биігінің бауырына, Алтынемелдің ар жақ, бер жағына жылжығысы келмепті. Суандар да көніңкіремей, осы араны қалап, көптеген себептер тауып айтып, әжептеуір кикілжің болса керек. Жер дауы ұласа келе жанжалға айнала жаздапты. Ауылдарының жігіттеріне басалқы айтқан ақсақалдар екі жағының бейбіт сайысын өткізуге келісіпті. Сайысқа шыққанда кімнің палуаны қарсыласын аттан аударып тастаса жер соларға көшпек. Мақұлдасып сайыс жүргізіпті.
Мұндай оқиға болғандығын әңгіме арасында Бөрібай би ауылының тұрғыны, көп жылдар бойы мектеп директоры болып қызмет істеген зейнеткер Еркінбеков Жақсылықбай да айтып қалды. Екі төбенің ортасындағы алаңқайды қоршап алып Қаңлы мен Суандар ұрандап тұрыпты. Алғашқы кезекте Берлібай деген үлкен кісінің кісінің есік пен төрдей бура санды кер атымен Арқабай палуан сайыс түспек болады. Қаңлылардан өзі талай жау түсірген қастасқанын қамырша илейтін батыр әрі басшысы Сабаз деген кісі шығыпты. Жекпе-жекке белгі берісімен сайыстың алаңына құйындатып еңген Арқабай барған бетте Сабаз батырды ат үстінен жұлып алып, өңгерген күйінде өз жағына әкеліп беделін кетірмейін деп дік еткізіп атынан тік түсіріп кетеді. Ал жетекке алған Сабаздың астындағы атын сиыр бағып жүрген кедейлеу туысына байлапты. Бұдан кейін сайысқа білек сыбана түскен палуандары ат үсті сайыста тең түсіп отырыпты. Бірін-бірі ала алмапты. Осындай бірнеше реткі кездесуден кейін қоныстас отырған қазақтың екі ру елі ортақ сайысты тоқтатып, тағы бір шешімге келісіпті. Меңіңше Арқабай палуанның жұлдызының жанған тұсы осы шығар. Сөзбен, сайыспен келісімге келе алмағасын ақырында ел бірлігін, тыныштықты бәрінен жоғары қойған екі жақтың билері ұрыс-жанжалға барыспай, ел арасын араздастырмайтын уәжге тоқтапты. Сондағысы қазақтың бұрынғы дау шешер әдісі «бейбіт жекпе-жек» шығаруға тоқтапты. Ол үшін екі тайпа ел, араларынан мен-мен деген палуандарын сайлап әкеліп, қалың жұрттың ортасына шығарып күрестіріп, жеңілген жағы сөзге көнетін болып келісіпті. Тағы да қойылатын басты талаптың бірі – палуандар дауласушы екі атаның ғана баласынан шығу шарт екен. Соған орай Қаңлыдан жер сұраған Бөлек атаның балалары мен сол жерді жайлап отырған Қаңлы руының адамдарының арасынан шыққан палуандар ғана белдесуі тиіс болыпты. Әрі осындайда елдің намысы үшін екі жақтан белдескен палуандардың бірі күрес үстінде жазатайым мерт болса, құн дауламайтын болуға серттесіпті. Әр ауыл осыған тоқтап дайындықтарын бастапты. Суандар жағы бас қосып ақылдаса бастапты. Күреске түсуге жаңадан ғана жасы 17-ге толған Кәкібай сұранған екен. Бірақ бұл бәсекенің жауапкешілігі мен қауіптілігін білетін Суанның үлкендер жағы мен ағасы Арқабай құлшынып жүрген Кәкебайды күреске түсуге тым жассың деп тоқтатыпты.
Екі жағы күрес өтетін күнді, әрі орнын белгілепті. Уағда бойынша арғы-бергі жағынан қалың жұрт жиналып, аруақ шақырып, ұрандап, даланы даң қылып, палуандарын сайлап кілемге түсіруге әкеліпті. Қаңлылар елдің сұсын қашырмаққа және қарсыласының құтын алмақ болып палуандарының қол-аяғын шыншырлап, оны екі-үш жігіт арқандап алып келіп ортаға кіргізіп босатыпты. Арқабай палуанның да барған жерінде белдескеннің белін үзетін, шалғанын шалқасынан түсіретін, шеңгелдеп ұстаса тас уататын уысынан оңайлықпен адам құтыла алмайтын дер шағы болса керек. Арқаларына елдің намысын байлаған қос палуан бозға төсеген қара киіздің түте-түтесін шығарып жан беріп, жан алысады. Екеуі де тас шайнап, құм түкіретін жаста болыпты. Қол-аяқтары сартылдап, бұлшық еттері бұлтылдаған екеуі бірін-бірі ала алмай, шай қайнатымдай уақыт алысыпты. Ақыры күші асқан Арқабай палуан қарсыласын жығып, Суандардың мерейін үстем етіпті. «Уәде – құдай сөзі» демекші берген уәделеріне тоқтаған Қаңлылар ұнжырғылары түсіп қоныстарына қайтыпты. Араға аздаған уақыт салып уәде бұзбай қоныстарын тастап, Қарамоланың төңірегін босатып беріп Алтынемелге қарай ығысыпты. Осындай бейбіт келісіммен жер алған Бөлектерге Қожбамбет сол араны меншіктеп беріпті. Қаңлылар ығысып Алтынемелдің арғы жағына қоныс аударыпты. Қаңлы тайпасының отырғандығының белгісі ретінде Ынталы ауылының ортасында Қаңлылардың белгілі адамы жатқан үлкен күмбезді бейіт тұр. Сол 19-шы ғасырдың алғашқы ширегінен бастап Бөлектер жылжып келіп суы мол әрі малға жайлы, шөбі шүйгін Қарамоланың үстінен Аламантаудың биігіне дейінгі алқапқа ие болып қоныстана бастаса керек.
Халық емес пе. Бұрынғы қарттардың қасында жүріп естігендерін есінен шығармай жүретін көкірегі даңғыл жандар әлі де арамызда ара-кідік кездесіп жатады. Біздің де әдетіміз құлағымыз шалғанды қалт жібермей, суыртпақтап суырып, ана жер, мына жерін қайталап сұрап отырсаң талайдың көңіл түкпірінде тұнып жатқан қызықты әңгімелеріне қол жеткізесің. Бірде жиын кезінде жоғарыдағы ұзақ жыл Бөрібай би ауылындағы орта мектептің директоры болған Еркінбеков Жақсылықбаймен қатар отырып қалдық. Сөз арасында Жәкеңнен сол өңірде бұрын өткен Арқабай палуан туралы не білетінін сұрадым. Жәкең: «Қожбамбет би баяғыда Арқабай палуанды қырғызға апарыпты. Бәйге болады дегенді естіп жүйрігін баптап жүрген бапкерді де ілестіріп ерте кетіпті. Арқабай күреске түсіп атақты қырғыздың палуанын жеңіп, Албан, Суанның абыройын асқақтатыпты. Бәйгеге қосатын атты Қожекеңнің қасындағылар қомсынып тұрғанда жақындап келіп аттың сауырынан бір сыдырып сипап, жігітке «қоса бер» депті. Ұлан-асыр бәленбай ат қосылған аламан бәйгеде әлгі ат Қожекеңнің алақанынан қуаттанып топ жүлденің біріне ие болыпты» дегенді жас кезінде қариялардан естігенін айтты. Ол да бекер емес шығар деген ойға келдім. Санамалап келсеңіз қисыны келіп тұр. 1840 жылдары жастайынан көзге түсіп, атқа мінген Сарыбағыш руынан шыққан Орман Ниязұлы солтүстікті жайлайтын қырғыздардың құрылтайында хан атанады. 1847 жылы бай шонжар, манаб Орман хан қырғыз-қазаққа сауын айтып шешесіне ас берген. Асқа бүкіл Қазақ пен Қырғыздың бар жақсылары, айтыскер ақындары, палуандары, күміс көмей әншілері сол сияқты бәйгеге деп жүйріктерін апарады. Жетісуды билеген Тезек төре де Албан, Суанның бар жақсысын ертіп сән-салтанатымен асқа барады. Ас болғасын ұлттық ойын түрлері өтетінін білетін жақсылар ақын-әнші, күйшілерін, палуандарын, бәйгеге қосатын жүйрік аттарын апаратыны белгілі. Тезек төренің бас биі Қожбамбет қырғыз жерінде өткен сол Орманбеттің шешесінің асына атағы шыққан Арқабай палуанды алып барыпты. Бәйгеге қосатын жүйрікті де алып жүріпті. Ол Сүйінбай мен Қатағанның айтысы өткен кез…
Онан ары Суаным,
Азда болса жуаным.
Бүкіл дүние жүзінде,
Шөгіп жатқан мұнарым!, – деп адуындап барып арғы-бергіні түгел қамтып, оралымды сөздерімен қара тілдің қасқасы Қатағанның аузын буса керек. Сол шақта айтысты тоқтатқан Орманның кеңесшісі Жантай батыр: «Қатағанның қара басып қазақтан көппін дегені жеңілгендігі, болмаса аттың түгіндей қазақтан көп пе едік. Сүйінбай сен жеңдің», – деп тоқтатыпты. Сол аста Арқабай палуанның белдескеннің бәрін, оның ішінде қырғыздың атақты палуанын жеңгенін көрген Сүйінбай ақын Суанның аруағын шақырып, айтыста дем беруі мүмкін. Халықтың намыс атты жүгін арқалап барған апайтөс,алапат күш иесі Арқабай палуанның қырғыз елінің үкілеп әкеліп салған палуаның күресте, күші асып жеңген екен.
Арқабай палуанның елі үшін сан бәсекеде күреске түсіп өз жұртының намысын ешкімге бермегені аян. Суандар Қарамола маңын қоныстанып жерлері кеңіп жағалары жайлау өмір сүре бастаса керек. Осы төңіректегі мен мұндалап тұратын орындардың бірі бірі «Арқабайдың тасы» аталып кеткен биіктегі үлкен шомбал тас тұрған жер. Бұл оқиғаға да ой жіберіп қарасаңыз Арқабай палуанның ауызға аларлық ерлігі былай болған секілді. Жұртының жаңа жерді иелену ісін түпкілікті шешпек болған Арқабай палуан басқа жан баласы жасай алмайтын, алып күш иесі ғана бара алатын, толағай іске тәуекел жасайды. Бұрындары мал бағып жүрген кезімізде мал қоралардан алыстау, екі қыстаудың арасындағы жалдың үстінде көрнекі етіп үюлі тұратын обаланған тасты көретінбіз. Алғашында не екенін білмейтінбіз. Үйдегі үлкендер «малды анау қырдан ары асырып жайма, ұят болады, ол біздің жер емес», дегесін барып түсіндік. Бұл қыстау кезіндегі екі қойшының мал жайылымдық шекарасы екенін білдіретін белгі екендігін кейін ұқтық. Міне, Арқабай палуан осыдай белгі қою ісін түпкілікті жүзеге асырады. Ол үшін белгіні әрлі-берлі жүрген жұрттың көзіне алыстан түсетін Бүгілдің батыс жағындағы көрнекілеу тұрған жартастың үстіне қоюды ұйғарады. Көзіне биік көрінген жартастың желке жағында 20-30 метрдей жерде ұшы шығып жатқан шомбал жақпар тасқа көзі түседі. Сыртқа шығып жатқан ұшынан қозғап, ырғап-ырғап қопарып алады. Әлгі тасқа екі жерден арқасына батпайтындай етіп құрым киізді қосып жуан қыл арқанмен байлап, арқалап көтеріп, жартастың желкесіне әкеледі. Бір дем алып, зіл батпан тасты екі-үш рет ырғап тік көтеріп жартастың үстіне шығарып орнықтырады. Ел аузында қалған аңызға бергісіз Арқабай палуанның үлкен жартастың үстіне жалғыз өзі көтеріп қойыпты деген салмағы 800-900 келі болатын зіл тасты көргенде еріксіз қазекеңнің қайсарлығымен, күш-қуатының нарлығына таң қаласыз. Содан кейін ғана Арқабай палуанның көңілі орнына түседі. Арқабайдың көтерген тасы атанып, жер иесі мен дегендей қойылған ескерткіш болып әлі тұр. Арқабайдың туған інілері Кәкібай, Нысанбайлар сол заманның өзінде көптеген күреске түсіп талайларға жүлде бұйыртпаған атақты палуан атанған азаматтар. Қайтыс болғаннан кейін ағайынды екеуінің Арқабаймен Кәкібайдың сүйектері Бөрібай би ауылының солтүстік батысындағы көне қорымға жерленген екен. Арқабайдан бір ұл Жақсыбай одан бір ұл Жекен. Одан туған ұрпақтары Шікіме жақта бар. Кәкібайдың балалары Қызылжар жақта екен. Нысанбай інісі 20-25 жас шамасында қыстаққа барымташылар шабуыл жасаған кезде қата тиген соққыдан қайтыс болып кетеді. Ермек Әбілмәжінұлының естелігі бойынша Арқабай батырдың қызы болған екен. «Жасырақ кезімізде Сарыаю апа келе жатыр, Сарыаю апа келе жатыр, дейтін. Сонда келе жатқан жағына көз салғанымызда еңгезердей дәу апамызға көзіміз түсетін. Екі иығына екі кісі міңгендей, сандары бураның санындай тырсиып, білектерінің бұлшық еттері білеу-білеу болып жеңінен сыртқа теуіп тұратын. Қасымыздан өте шыққанда ұйытқыған жел соққандай күйде қалатынбыз. Арқабай атаңның қызы, дейтін үлкендер», деп Ерекең еске алады.
Молот СОЛТАНАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы.