Ұлтымыз осынау алмағайып тіршілікте өзіндік өмір сүру қағидасын, елдік һәм ерлік болмысын, адамдық айнасын өлеңмен өрнектеп, бүгінге мұра еткендей.
«Ат жақсысы – тарланбоз, азамат жақсысы – дарабоз» десек, бүгінгі ғұмыр керуеніндегі түрлі-түрлі салалардағы саусақпен санарлық саңлақтарды жіпке тізгендей тізімдей аламыз. Өйткені, олар көп ішінен көзге бірден түсетін, ісі мен сөзі үйлесіп көңілден бірден оймақтай орын алатын жандар. Біздің бүгінгі кейіпкер – қазақтың сөз өнеріндегі, өлең өрісіндегі үзік-үзік таланттардың бірегейі, әдебиет әлеміне ғұмырын арнаған аяулы ақынымыз – Оразақын Асқар.
Әке өсиеті
Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шыңжаң өлкесінің Іле аймағы, Мүкей-Қаратас деген жерде дүние есігін ашқан. Жұрт қатарлы бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінен алып, Сүйдін қаласындағы Орталық қазақ-қырғыз мектебінде толық орта білімге ие болды. Мектепте шығатын қабырға газетінің барлық суреттерін салатын. Көркемдеуші редактор болып жүрген бала ара-тұра газетке берер материалдар аздық етсе, азды-көпті тақырыптарға қалам тербейтін болды, кей суреттердің астына бір шумақ етіп өлең шығара бастады. Оны көрген ұстаздар болашағынан бірдеңе шығады екен деп сөз етісті.
1950 жылы Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы «Білім жұрты» гимназиясында оқиды. Осында оқып жүргенде облыстық «Жаңа жол» газетіне алғашқы өлеңдері жариялана бастайды. Гимназияны бітіргеннен кейін, Үрімжі қаласындағы «Ұлттар институты» тіл-әдебиет факультетінің екінші курсында оқып жүргенде «Шыңжаң газетіне» қызметке шақырылады. Осы газетте, «Алға», «Шұғыла» журналдарында Оразақын ағаның өлеңдері, мақалалары шығып тұрды. Шыңжаңдағы қазақ ақындарының екі томдық өлеңдер жинағының екінші томына О. Асқардың да бір топ өлеңдері енді. Шыңжаңда жарияланған алғашқы әдеби бәйгеде «Ақ көгершін» атты өлеңі жүлделі орынға ие болады.
Ол уақытта ел-жерге жетудің, атамекенге өтудің қиын екені анық еді. Бұл жағдай әлі күнге дейін алмакезек қайталанып та тұратыны жасырын емес. Ақынның бұл оқиға жайындағы көңіл толқытарлық естелігі бар-ды…
Сағым жылдар елесіндегі сағындырар сәт еді бұл. Жасы жетіге жетіп, ашамайлы тайдан құтылып, ертоқымды жеке ат жалын тартып мініп, мектепке баратын болғанында, әкесі Асқар арнайы әзірлеп ерекше бір сәтті сапарға оңаша ертіп шығады. Желдіртіп, шоқытып, аракідік жарысып отырып ұзағырақ жүріп, бір өзеннің бойындағы қыраттау жерге жетіп ат тізгінін тартады. Аздан соң сөз бастаған әкесі:
– Көңіл қойып жақсылап тыңда! Сонау көрінген ұласпалы таудан бөлінген, қарауытқан жеке тауды көрдің бе? Ол Долаңқара деп аталады. Төріндегі тау Арқас тауы. Сол таудың сай-саласынан құралып Өсек өзені ағып түседі. Өсектің бойында Жаркент деген қала бар. Арғы жағы Көктал, Қойбын, Қоңырөлең, Басши, Алтынемел. Бергі жағы Ақкент, Алтыүй, Қорғас. Жоғарғы жағы Шежін, Сарыбел, Қызылеспе, Қайшы, Күйтің, Баркөрнеу, Белжайлау, Орбұлақ деп шұбыртып айта береді. Бала Ораздың тыңдап тұр ма, жоқ па онымен ісі де жоқ. Көптен кейін барып «Осының бәрі бір сөзбен айтқанда біздің атамекеніміз. Біз сол жақтан келгенбіз. Сен осы жақта туғансың», – деп бір тоқтады. «Адамдарда Отан деген болады. Ол өзінің ғана туған жері емес, әкесінің, ата-бабасының жеті ата — жетпіс пұштысының туған, өскен, ел болып өмір сүрген ежелгі мекені. Менің отаным да, сенің отаның да бағанадан бері мен көрсетіп әңгімелеген жерлер. Сені бүгін осы шекараға арнайы оңаша ертіп келіп, осы әңгімелерді айтып отырған себебім: Сен енді оқисың үлкен жігіт бола бастайсың. Жаңағы мен алыстан болса да көрсеткен, айтқан жерлерді есіңнен шығарма! Бір қолайлы уақыт болса атамекеніңе қайтуды ойла», – деп өсиет етеді.
Артынша танысы болуы керек, туған жердің суретін көрсетемін деп мектеп директорының үйіне келеді. Әлгі кісі әкесінің қолқасын тыңдап болған соң, бір шиыршықталған қағазды әкеліп баланың маңдайына тигізіп тәу еттіріп:
– Мұны балаңыз көрсе, екеумізге ұқсап сол қағаздан көргеніне қанағат етіп, жүріп қалады. Нағыз азамат болса, бізге ұқсамай сол атамекенін өзі барып, өз көзімен көріп, өз аяғымен басатын болсын. Тәңір соған жазсын, аллау әкпар, – деп бетін сипайды. Кейін білсе ол «Туған жердің суреті» дегендері Қазақстанның картасы екен…
«1954 жылы Қытайда жүрген Кеңес өкіметі азаматтарының тың көтеруге байланысты ерікті түрде өз тарихи отандарына қайтуға болатындығы жөніндегі екі ел өкіметінің өзара келісімі жарияланды. Осы хабарды ести салысымен 1949 жылы қайтыс болған әкемнің өсиетін және өз жүрегімнің қалауын орындау үшін «Кеңес өкіметіне бағынбай шекара бұзып қашып кеткендердің ұрпағына кеңес өкіметі қалай қарар екен» деген күмән тудырушылардың пікіріне құлақ аспай, алғашқы өтініш білдіруші болып, жұмыстан өз еркіммен босап, бірге оқыған, өлеңді бірге жазған, кейін бірге қызмет атқарған Нұрсапа, Серік, Мақатан, Мәди, Әлімжан сияқты дос-жолдастарыммен:
Достарым, біз кетсек те достық кетпес,
Ол мәңгі ортамызда болар ізгі.
Сипатын сұлу сөзбен айтып жетпес,
Келешек кезіктірер тағы бізді, – деп басталатын өлең арнап қоштастым. Олар сәт сапар тілеп шығарып салды. Қазақстанға қайтуға Іле аймағындағы өз ауылыма оралдым. Туыстарымды, нағашыларымды үгіттеп, өз ойыма көндіріп, 1955 жылы 27 сәуірде 20 жасымда 6 жүк машинасына тиелген отбасыларын бастап Қорғас шекарасынан атамекенім Қазақстанға өте шықтым», – деп сол күндерді еске алады.
Көп ұзамай Жазушылар одағына барады. Көбі сыртай суреттерінен таныс белгілі ақын-жазушыларды көріп, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев сынды аға буын ақындармен жолығады. Өлеңдеріне ыстық ықылас білдіріп туындыларын бірден ұнатып, Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жас ақындардың шыққалы жатқан «Қос жүрек» атты ұжымдық жинағына қосады.
Әрмен қарай Хамит Ерғалиев мұндағы тіршіліктің жай-жапсарын сұрайды. Үрімжі қаласындағы институттан оқуды толық аяқтамай елге қайтатын болғандықтан, ешбір құжатын ала алмай қойған жігіт оған бола тағдырын байламай отанға оралған болатын. Оқуға құжатсыз қабылдамайды. Ал оқуға деген құлшыныс оған кереғар. Бәрі тағы өзара ақылдасып, университетке Жазушылар одағы атынан жолдама жазып берді.
Ғафекең, Ғафу Қайырбековтің «Оразақын Асқар» дейтін фамилияны біржолата еншілеп берген тұсы да осы кезең.
Одақтың жазып берген жолдама хатымен ҚазГУ-ге қарай тартады. Ректор Темір Дарханбаевтың кабинетіне кіріп, хатты ұсынады. Мән жаймен танысқан академик бірнеше ұстаздарды шақыртып, оларға Қытайдан жаңа келгенін, онда институтта оқығанын, бірақ ешқандай құжаты жоқ екенін, Жазушылар одағының секретарьларының бірі белгілі ақын Хамит Ерғалиев қол қойған ұсыныс хаты бар екенін, онда жаңадан шыққалы жатқан кітапқа өлеңдері енгенін, болашағынан зор үміт күттіретін ақын екенін айтып, қабылдау емтиханына жіберуге өтінгенін түсіндіріп, қорытындысында «емтиханға жіберейік пәндерді үшке тапсыра алса, конкурстан тыс алайық» дейді. Олар мақұлдағандай болды. Серік деген мұғалім тұрып, «Ақын болса бір өлеңін айтып берсін, көрейік» деп қалады. Сонда:
«Атамекеніме келгенде алғаш рет пойызды көріп соған мінгенде алған әсерім жайында жазған өлеңімді айтып берейін:
Даланы байтақ қарашы,
Жолына темір төсеген.
Жайқалған жас тал жағасы,
Жүргендей болдық көшемен.
Уақыттан алға озады
Білінбей пойыз зымырап.
Ұшпайды жердің тозаңы,
Кіршіксіз ауа тұнық-ақ.
Терезе ашық, қараймыз,
Сергітіп самал өбеді.
Талай мың қалды, талай жүз,
Маңда мал неткен көп еді?!
Аралап өттік қаланы,
Аралап өттік егісті.
Қуана халық қарады,
Айнала берді жер үсті», – деп жырын жатқа оқығанында отырғандар қол соғады. Ректор:
– Көрдіңдер ғой. Орыс тілінен экзаменге қатынастырмай-ақ үш қойып беріңдер. Дереу жатақханаға орналастырыңдар, – деді.
«Үшпен тапсыра алса» дегені намысына тиіп, жатақханада жатпай-тұрмай емтиханға дайындалып, орыс тілінен басқасынан үш түгіл төртті де алмай, кілең беске тапсырып оқуға түседі.
ҚазМУ-дің филология факультетінде Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Ісмет Кеңесбаевтардан дәріс алады. Оны 1961 жылы бітіреді. Жолдамамен Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих-этнография және археология институтына барып, 1964 жылға дейін ғылыми қызметкер, одан 1970 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, поэзия секциясында орынбасар болады. Одан 1984 жылға дейін Кітап палатасында бөлім меңгеруші, одан 1995 жылға дейін «Жалын» баспасында аға редактор болып қызметтер атқарды. 1968 жылы Ажар Баратқызына үйленеді.
Үлкен қыздары Ләйла филология ғылымының кандидаты, жары Ажар апамыз бен екінші қызы Лаула Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ұлы Арай ағылшын тілінің маманы, аудармашы. Әрқайсысының оқта-текте өлең жазатын өнерлері бар. Ләйланың балаларға арнаған жырлары кітаптарда жарияланып жүрсе, Лаула көбінше ән мәтіндерін жазады. Бүгінде қуаныш пен сүйініштен туған талай жырларын арнап үлгерген Аядай немере сүйіп отырған асқар тау ата.
Қазір зейнеткер болса да, «Балауса» баспасында Бас редактор ретінде «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі 50 томдығын шығару жұмысына атсалысуда. Алғашқы жеке жинағы 1964 жылы Қазмемкөркем әдебиет баспасынан «Тұңғыш» деген атпен жарық көрді. Одан бері 40-тан аса үлкенді-кішілі кітаптары баспадан шықты. Оның тең жартысы балаларға арналған. Ақынның 10 томдық шығармалар жинағының 2004-2008 жылдары алдыңғы төрт томы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 1971 жылдан Жазушылар одағының мүшесі. 1996 жылдан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі болады.
Оразақын Асқар – Халықаралық «Алаш», Мұқағали атындағы және Түркі әлемі «Ақбозат» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Тәуелсіздіктің 10, 20 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Панфилов ауданының құрметті азаматы. Елге, жерге жетіп, атамекен төсінде том-том кітаптар жазып, туған халқымен етене қауышып, үйлі болып, ұрпақ өрбіткені кешегі әке өсиетінің орындалғаны еді.
Ізгілікті жырлаушы
Осы бір өлең дейтін құдіретке толық бойұсынып, сол әлемнің тұрғынына айналғанынан болар, Оразақын Асқар жыр дегенде өзге дүниенің барлығын ұмытады. Ұмытпауға тиіс нәрсе қалыс қалуға еш бұйрықсыз міндеттелетіндей.
Сексенге иек артқан тұста өзінің поэзияға келуі жайлы бірауық өткенге көз тастап, ой жүгіртеді.
«Кішкентай кезімде үйде екі шағын ғана кітап бар болатын. Біреуі Алматыда баспадан шыққан «Абай» деген кітап, екіншісі Жамбылдың «Бесік жыры» дейтін кітабы. Соны оқып жүретінмін. Мектептен келе салып, сөмкемді тастап Абайды оқуға кірісетінмін. Бір күні әдеттегідей өлең оқуға бас қоймақ ем, «Абай» жоқ. Сөйтсем, ауылда жұрт Дошабай жынды деп атайтын шабарман үйге келіп көзі түсіп, оқып отырып, кетерінде алып кеткен екен. Бәйіттерді оқып, жаттап жүретін. Нағашым «Құдай біледі, сол өлеңдерді жатқа білесің, есің түсірші» деді маған. Содан кітаптағы өлеңдерді жаймен еске түсірсем, әрқайсысын жатқа біледі екенмін.
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар, соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңіл бөл.
Қалқамның нұсқасын,
Көр, көзім, бір кенел… – деп жөней бердім.
Бірінен кейін бірін оқимын. Расында, біледі екенмін деп кітапты іздеуді қойып, Абайды жатқа соға бастадым», – деп Оразақын аға хакімнің өлеңдерінің бір-екеуін үзбей оқып берді. Осынау жырларды әлі күнге дейін ұмытпаған.
Үлкенді-кішілі отырыстарда әңгіме-дүкен құрылып, ән салынып, күй тартылады, өлең айтылады. Қыза-қыза соңы келелі айтыстарға ұласып кететіні де бар. Әкесі Асқар атамыз да домбыра шертіп қисса, дастандар айтыпты уағында. Ойын-тойда үлкендер ол кісі мен қиссашы нағашысы Асанды шақыртып алып, ана дастанды, мына қиссаны айтшы деп арнайы тапсырыс береді екені. Сонда ылғи қасынан қалмай әкесін де, басқа әнші, күйші, қиссашы, дастаншыларды да қызыға тыңдай, олардың көбі әр жиын, тойда ылғи айтыла беретіндіктен жадында жатталып қалатын еді.
Жайшылықта ойын кезінде қаумалаған өзі құралпас балалардың ортасында таяқты домбыра етіп, көлденең ұстап кез келген дастан, қиссаларды балалардың құлағының құрышын қандырып, жатқа соғатын. Көзін ашып, кең дүниеде көрген таулы, орманды, сулы-нулы тамылжыған дала табиғаты, әрнеге құлақ түре бастағаннан естіген қазақтың мол ауыз әдебиеті Оразақын ағаны мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ өлең өлкесіне қанат қақтырды.
Міне, осындай халық ауыз әдебиетінің қалың ортасында қаздай қалқып, үйректей жүзумен бірге, бала кезінен ақын, әнші, күйші, сазгерлерді де көріп өседі. Аталас туысқан аға болып келетін атақты әнші Дәнеш Рақышевтың үйлері сәби кезінде көрші болған. Аңсап, сағынып, сарылып атамекеніне оралған елді жақыным деп бауырына тартатын әйгілі «Жан жақтағы бауырлар» атты ән сөзінің де өмірге келуіне осы кішкентай күннен басталған рухани үндестік болар.
«Әсет пен Рысжанның айтысын», сонымен бірге Көдек ақынның өлең, толғауларын нағашы ағасы Асан Сәрсенбекұлы домбырамен жатқа айтатын. Бала кезінде ол жүрген өңірде, әсіресе, Таңжарық ақынның атағы жер жарды. Оның өлең, дастандарын бүкіл ел жатқа біледі десек, артық айтқандық болмас. Көз көрген тұстастарынан кейін білгендей, өзі көрмеген атасы Төпе деген кісі айтыс ақыны болған екен. Нәпендей алтын анасы да жиын-тойларда айтысқа ебі бар, шаруақор, ісмер кісі болыпты.
Міне, осы себептердің баршасы ақынды өмірге өзгеше көзқараспен қарауға бағыттағандай. Жүрек бұлқынысын, жан тыныштығын өлеңнен тапқандай.
Өзге ақындардың жырларын жатқа оқығаны бір бөлек, өз өлеңдерін қолжазба, кітапты ақтармастан іркілмей-ақ мәнерлеп оқиды. Жырға деген ғашықтық өмірге деген түзу таным көкжиегін қалыптастыратыны жалған емес.
Тәуелсіздік тақырыбына өнімді қалам тербеп келе жатқан ақын. Бұл тақырыпқа «Тәуелсіздік тартулары», «Дербестік дес бергенде» деген сияқты жеке кітаптарын да арнаған.
Жасы сексенге аяқ басса да қолынан қаламы әлі түскен жоқ. «Берекелі бейбіт күндер» атты өлеңдер жинағын, «Гүлдер әлемі» атты 300-ге тарта гүлдің қазақша атын тауып, әрқайсысына өлеңмен сипаттама берген танымдық-тәрбиелік эстетикалық кітабын дайындады. «Мұқағали мұраты» атты қолжазбалар жинағын басып шығарды.
Өзі баспаға мұқият әзірлеп қойған 10 томдық шығармалар жинағының 4 томы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Қалғандары да өз кезегімен оқырман қолына тиер деген сенімде.
Оразақын Асқар эпикалық жанрда да өндірте еңбек етті. Оның қаламынан шыққан «Замана дүлділдері» атты 6 бөлімнен тұратын көлемді дастаны жылқы түлігіне, арғы–бергі сәйгүліктерге арналған. Тарпаңнан бастап, Тайбурыл, Байшұбар, Құлақасқа, Тарландар, Құлагерлер, кешегі дүниені дүр сілкінткен Абсенттер жан-жақты суреттеледі. Түрксіб туралы «Ұлы тоғыс», «Туған жердің суреті», «Жас шопан», «Әміренің әні» сияқты поэмалары атамекенге, елге, жерге арналса, «Оныншы қыз», «Сары көйлек», «Ана шешімі», «Майра» секілді дастандары халықаралық тақырыпты қозғайды.
Жастық, достық, махаббат тақырыбы да Оразақын Асқар туындыларында елеулі орынға ие. Оразақын тау, дала, орман табиғатын жырлауда жайлау өмірін бейнелеуде өз өрнегі, шеберлік ерекшелігі ерекше ақын. Оған әрқайсысы жеке-жеке кітап боларлық «Баркөрнеу баурайында», «Шалкөде шашулары», «Алатау атырабы» сияқты топтама жырлары куә.
Ақын балалар әдебиетіне де өнімді үлес қосты. Оның балаларға арналған туындылары «Балдырған», «Ақ желкен» журналдарында, «Ұлан» газетінде жиі жарияланады. Оқулықтарда да өлеңдері баршылық, антологиялық жинақтарда өз орны бар. Оның балаларға арналған «Таудай бол», «Расти большим» (орысшаға аударылған), «Жеткіншек», «Қос қоңырау», «Ұяда не көрсең», «Мерекелер», «Балаларым – бақытым», «Ақша туралы ақиқат», «Логопедтік әліпби» кітаптары балалардың сүйіктісі.
Салыстырмалы түрде адам ғұмыры белгілі бір өлшемдегі іс атқаруға жетеді екен. Кімнің арман-мұрат жолында мол еңбек қалдырғаны, қандай іс атқарғаны сынаптай сырғыған уақытын бағалай білгендігінен де айғақталады емес пе? Менің ойымша, Оразақын Асқар поэзиясы уақыттың тамырын баса білген, қоғам мен заман тынысымен санаса алған жырлар.
Ақынның өзі өлеңге өзін арнаған жан екенін, өмірлік миссиясын:
Бір әңгіме жазбақ боп көлемді етіп,
Кейбір күн кәдімгідей көрем бекіп.
Қағазға қалам алып төнгенімде,
Байқамай бастай берем өлеңдетіп, – деп айқындап тұр.
Оразақын Асқар поэзиясы көркемдік ерекшелік тұрғысынан олқылық көрсетпейді. Әдебиеттегі айшықты теңеу, мызғымас метафораларды жиі кездестіруге болады. Кей шумақтар тіпті езуге жылы жымиыстар сыйлайды.
Жары Ажар анамызға арнаған ертеде жазған бір өлеңі былай басталады:
Орай алмай үлде менен бүлдеге,
Сүйтемін деп сөз еткенім болмаса.
Саяхатқа апармадым бірге не,
Өлең оқып мезі еткенім болмаса.
Болашаққа бет бұрған жас отаудың алғашқы тіршілік тынысы боямасыз суреттелген жыр. Бүгінгі тұрмыс шатқаяқтап тұрғанмен, ертеңгі тірлікке деген сенім бар.
Оның газет бетіндегі өлеңдерінен танып, әйгілі Мұқағалиды ауылына іздеп барған жан екенін біреу білсе, біреу білмес. Алғаш таныстықтан кейін өмір бойы сыйлас дос, сырлас аға болып, бір-бірін ерекше құрмет тұтады. Қазақстан көлемінде Мұқағали жайлы керемет естеліктерді, әсіресе, Оразақын ақындай тамылжыта айтатын, ол кісідей мұзбалақ Мақатаев мұрасын зерделеген адам кемде-кем.
Тіпті тағы бір жырында:
Ажалды босағаңа бөгеп қойып,
Боратып өлең жаздың өмірге арнап, – дейді.
Өмірдің қай тарауын алсаңыз да, қай арнаға соқпақты салсаңыз да біз үшін биіктікке, биіктік болғанның өзінде адамдықтың, адалдықтың шыңына бағыттаушы жырлар шоғыры бар. Әлбетте, ол – Оразақын Асқар поэзиясы екені даусыз.
«Қара өлеңнің» жоқтаушысы
Біз бұл орайды пайдаланып, Оразақын Асқардың ең бір елеулі еңбегін айтпай кете алмаймыз. Әдебиет тарихындағы қазақтың «Қара өлеңін» жинап, жүйелеп, құрастырып екі томын баспадан шығарған бірден-бір тұлға деп тануға әбден лайық. Дүниежүзі халықтарының ауыз әдебиетіндегі қара өлең тектес шағын өлең-жырларын қазақ тіліне аударып, «Інжу маржан» атты оның бірінші томын «Балауса» баспасынан шығарғаны өз алдына.
Қазақтың қара өлеңі жайлы сөз қозғағанымызда оның «Тәлім өлең», «Наурыз өлең», «Көші-қон өлең», «Той бастар», «Балық өлең», «Базар өлең», «Жер-су өлең» сияқты 50 топтан тұратынын айтып қалды. Қара өлеңдер алғаш жинала бастаған кезде соның «Ғашықтық – сүйіспеншілік өлеңі» деген бөлімі Ғылым академиясы мен Мәдениет минстрлігі жариялаған ауыз әдебиетін жинаушылардың байқауында бірінші орынды жеңіп алады.
Халық арасынан, ел аузынан, шаң басқан мұрағаттардан 4000 шумақ, яғни, 16000 тармаққа жуық қара өлеңді жинақтау оңай еңбек емес. Бұл егемендікке қол жеткен тұстағы кірістім, бітірдім нәрсе емес, ұзақ жылдар бойындағы үздіксіз ізденістің жемісі.
Бұл туралы: «Қазақстан Жазушылар одағында әдебиетті насихаттау бюросында қызмет атқарғанымда ақын-жазушылармен бірге еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Сонда ауыл-ауылды аралап кездесулер өткіземіз. Мейманқос ел қонақ етеді. Мен шылым шекпеймін, ішімдіктен аулақпын. Мұндай сәттерді құр жібермей, ауыл ақсақалдарымен әңгімелесемін. Қара өлеңнен бір шумақ келтірсем, әрмен қарай жалғап кетуші еді жарықтықтар. Бірден қағазға түсіріп алып отырдым. Академияда жұмыста болғанымда мұрағаттарды ақтаруға мүмкіндік туды. Ізденіспен қатар қызығушылық артты. Мысалы, «дүние» деген сөзден басталатын өлеңдерді бір топтадым. 15-20 шумаққа дейін табылды. «Базар барып», «Қолымда бір қамшым бар» деп басталатын өлеңдер тобы жиналды. Оларды «Базар өлең», «Қамшы өлең» деп жүйелей бердім. Қара өлеңнің түрі көп. Ара-арасында газеттерге шығатын. Оқырмандар хат жазып, өздері білетін үлгілерді жіберіп, оны газеттер маған беретін. Кейде қара өлеңдердің үшінші немесе төртінші тармақтары болмай қалады. Әзірлеу кезінде ондай олқылықтар орнын ақын болғандықтан өзім толтырамын. Әлі де жинақталуда.
Осылай жинақтауға алғаш ұсыныс берген белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісов еді. Ал жарық көруіне біртуар жазушы Мұхтар Мағауиннің септігі тиді. Ол жыраулар поэзиясын зерттеді. Менің жинақтап жүрген өлеңдерімді естіп, шығаруға ұсыныс берді. Менің жинағандарымды көріп, өзіммен көрші тұрған Ақселеу Сейдімбек таңғалды. Ол да айналысыпты. Диссертация да қорғады», – дейді ақсақал.
Ақындық болмыс пен кісілік келбет
«Құрдасым Оразақын сөз өнері деп аталатын ерекше өнердің айырықша өкілдерінің бірі. Ол он сөздің кейде тіпті жүз сөздің ішінен өзіне керек бір ғана сөзді, ең қажетті сөзді қапысыз таба біледі.
…Ол әсіресе адам жанының сондай мамық, сондай нәзік қылдарын сәтімен шерте біледі. Қазып айтады, бірақ жалықтырмайды. Қайта керісінше лирикалық кейіпкердің өзімен қосылып, әр іс, әр қимылға бола, қыл үстінде қылпылдап отырасың…», – деп Қадыр Мырза Әли әділ бағасын берген-ді.
Ал өмірде де, өлеңде де ағалық көрсеткен Ғафу Қайырбеков: «Оразақынның ақындық ерекшелігі тілінде табиғи ажар, еркіндік, нақтылық пен жинақылық, ашық сурет бар. Онық қазақ поэзиясында өз жолы бар, ол жолды көмескімелемейтін, аспайтын, саспайтын, өзін-өзі жұрт көзіне баспайтын, үгіттемейтін, баяу болғанымен терең ағысты ойлы творчествосы бар талантты ақын», – деген екен.
Ең алғаш өлеңдеріне белгілі әдебиетші ғалым Есмағамбет Ысмайылов, әйгілі ақын Хамит Ерғалиевтер баға бергеннен бастап-ақ, поэзиядағы парасатты пайымынан танбай келе жатқан Оразақын ақын жайлы айтылған пікірлер мен естеліктер шоғыры оның жырларындағы ой үйлесімі, авторлық көзқарасы ерек екенін аңғартады. Осы сипаттағы ойларды Тұмағаң бастаған бірқатар әдебиет ауылындағы асқақ тұлғалар жеткізген екен.
Әдебиет жайлы ойлар
Сөз арасында Оразақын Асқардың әдебиет төңірегінде орын алып жататын дау-дамайлар мен шиеленістерге орынсыз пікір айта бермейтінін, көп дүниеге салиқалылықпен сауатты жауап беретінін айтып қалғанбыз. Тұщымды әңгімемізді санада жүрген, сарабдал ойларды сұраумен жалғастырдым. Сонымен ақын әдеиет жайлы ойларын былайша жұптады:
– Модернизм дегенді онша қабылдай алмаймын. Қазақ өлеңі ұлттық негізге жазылуы керек. Абай, Махамбеттерге сүйену керек. Абай қанша жаңалық ашты. Шет елге еліктейтіндер ұлттық формаларды дамытса да жетіп жатыр.
– Менің қазір көзім онша көрмейді. Бұрын өлеңді қоймай оқитынмын. Газет-журнал көрсем, ішінде өлең бар ма деп отыратынмын. Өлеңге берілгендігімнен болар.
Бұл туралы бір өлеңім:
Жасты оқимын жалынды, бапты ма деп,
Қартты оқимын қап түбін қақты ма деп?!
Оқимын мен сыналған ақынды да,
Әділ сын қолайына жақты ма деп, – деп келетін.
– «Жалын» баспасында істеп жүргенімде «Қарлығаш» атты жас ақындар жинағының редакторы болдым. Кейін Кеңес үкіметі құлағаннан кейін тоқтап қалды. Бір-екі жылдан кейін «Жас толқын» деген атпен шығарайық дедік. Енді өлең жазатын жастар бола ма, болмай ма деп алаңдадық. Жер-жерлерге хабарласқанымызда өлеңдер ағылып келді. Қуандық. Өлең жазылады береді екен деп қуандық.
– Ұлттық әдебиетті оқу керек. Соның оқырманы болып, пікір айту қажет. Бізде пікір айту мүлде жоқ. Сыйлық, атақ алған ақындар оқылады да, қалғандары мүлдем оқылмай қалады. Ал мына мәдениетті елдерде әркімнің ұнататын өз ақыны болады. Ол атақты ма, басқа ма маңызды емес. Біздің Қуандық Шаңғытбаев орыстың Леонид Первомайский дейтін ақынын жақсы көретін, оқитын. Әр адамның сүйікті ақыны болады. Ел Қадыр, Мұқағали, Тұманбайды оқиды. Одан басқа қандай ақындар бар, ізденіп оқу керек.
– Ақындар әртүрлі жазады. Мұхтар Шаханов оқиғалы туындылар тудырды. Баллада жазды. Біреу тарихи тақырыпты қаузайды. Мұқағалидікі басқаша. Қадырдікі ой, философия. Ақынның бәрі Қадыр болмауы керек. Ал ақындар елдің бәрі менікі сияқты жазу керек деп ойламауы керек. Өлең әртүрлілігімен қызықты. Әркім өз өлеңімен ерекшеленіп, сөз саптауынан танылуы тиіс.
– Халыққа мүлде танылмай қалған, бірақ өте талантты ақындар болады. Бізде қарағандылық Еркеш Ыбырайым деген ақын болған. Ол туралы мүлде айтылмай қалды. Насихатталу керек.
– Жастардың жағдайы қиын қазір. Баяғыда қаламақы болған. Біздің кезімізде әдеби хабарларға қатысып, өлең оқысақ, кездесулерге қатынассақ, соның бәріне артынан үйге ақша келетін. Қазір ештеңе төлемейді. «Қара өлеңді» жинақтап, алғаш кішкентай кітап болып шыққанның өзіне бір көліктің ақшасын берген.
– Әдебиетте бізде сыншы жоқ қой, сыншы. Біреуден қалай қарайды екен деп қорқу керек қой. Қазір мақтау. Жалпы әдебиет туралы осы қалай екен деп жазатын сыншы жоқ. Сыншы болғанда ақ-қараны айыру керек. Үмітіміз жастарда. Бүгінде Серік Қирабаевтар қартайды.
– Халыққа өлең деген нәрсені жиі беру керек. Жылағанды жұбату керек. Ал жылағанмен бірге жылап кететіндер ұнатпаймын. Өмірдің көлеңке жағын жайып кететіндер бар. Ақын жақсылықты айту керек. Қайғы-мұңға беріліп кететін ақындар көбеймеуі керек.
– Өмір деген бізге сыйға берілген нәрсе ғой. Өмірдің мәні дегенде ойлаймын, өмірдің мәні – өмірді сүю. Біз соны сүруші таңдаулылармыз. Жарық дүниені көргеннің өзі рахат қой. Оны бағалау керек. Жазы жаз сияқты, қысы қыс сияқты қызық болуы қажет. Мұның бәрі жырлауға тұрарлық.
– Бекер ақын болыппын деп ренжитіндер бар. Неге түстім осы жолға деп қиналады. Біреу ақын боламын десе, ақын болмай-ақ қой дейтіндер бар. Ол дұрыс емес.
– Абайлардан үйрендік. Абайдан аспай-ақ, жетіп алсақ соның өзі жетеді. Кездесуге барып, халық қол соғып, шыққан соң: «Осы біз Абайдан озып кеткен жоқпыз ба» дейтін ақындар болды. Сонда: «Жоқ, олай айтпа, Абайға жеткеніміз жоқ», – деп айттым. Кейін кездескенімде сол ақын Абайды қайта оқып жүргенін айтты.
Көңіл тұщынар ыждаһатты мәселелерді тізіп алдық. Ақын жайлы көл-көсір очерк жазуға бек болады. Ақынға әлі де бақуатты ғұмыр тілеп, ақ батасын алып редакциямызға қарай тартып отырдық. Санамызда сөз аяғында оқып берген өлеңі қайта-қайта тілге келе береді. Жазбамызды пәлсапашылап, әдебиет жайлы кесім сөз айтпай-ақ, Оразақын Асқардың сол бір өлеңімен түйіндеуді түзу көрдім. Ақынның жыры жасай берсін!
Ақындықтың тартқан жоқпын азабын,
Таңнан тұрып қуана жыр жазамын.
Өмірге үйлес жырларымды ұнатқан,
Қаумалайтын қалың елім, қазағым.
Жабыққанға жігер бердім жырыммен,
Үміт отын жақтым жанның түңілген.
Қайғылының қасіретін ортайтып,
Қуанышын арттырмаған күнім кем.
Күндіз-түні жүремін жыр қамында,
Жырдан ұқты жүрек сырын жарым да,
Аға-інім жоқ демеймін өмірде,
Үлкен-кіші жақсы ақындар барында.
Ақындықтың еш жамандық көрмедім,
Құрметпенен ұсынады төрлерін.
Ақын болам десе балам не бір жас,
Талантыңды сезіп тұрсаң, бол дедім.
Азғырғанның ілеспей бос сөзіне,
Ризамын, ақын болған өзіме.
Дүниенің еш рахатын тең көрмен,
Жаңа өлең жазып біткен кезіме.
Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ