Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің Түркістан облысындағы сайлауалды сапары жалғасуда. Бүгін ол Түркістан қаласының жұртшылығымен жүздесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесу барысында қоғамдағы өзекті сұрақтар мен туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Қ.Әбден атап өткендей, тарихи-мәдени ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары көп шоғырланған Түркістан шаһарының туризмді дамытуда әлеуеті зор.
«Түркістан – барша түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті жер. Ежелден-ақ«екінші Мекке» деп атанып кеткен қазақтың рухани астанасы көптеген саяхаттаушылардың қызығушылығына ие болып отыр. Түркістанның тарихи маңызын және осы өңірде шоғырланған киелі жерлердің көп екендігін ескере келе, алкогольді ішімдіктерді сатудан бас тартқан алғашқы қалалардың бірі атануына барлық мүмкіндіктер бар», — деді Қ.Әбден.
Кездесуге сондай-ақ өңірлік туризм саласының өкілдері қатысып, бұл бағыттың өзекті сұрақтарын ортаға салды.
«Бізге шетелден көп туристер келеді, бірақ ішкі туризм нарығын да дамыту керек. Бұл салада біз тарихи және ұлттық құндылықтарға көп көңіл бөліп жүрген кандидаттың бағытын қолдаймыз. Бұдан бөлек, аймақтың инфрақұрылымын да назардан тыс қалдырмаған жөн», — деп бөлістітуристік компанияның өкілі Мөлдір Мәлібекова.
Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Кандидат Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 9 облыста 30-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Жамбыл облысы сайлаушыларымен жүздеседі.