Тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан ұландарын тәрбиелеу жолында халқымыздың ғасырлық тәжірбиесінен қорланып, қордаланып жинақталған ұлттық ойындарының алар орны ерекше. Баланы шапшаңдық пен төзімділікке баулитын ұлттық ойындарымыздың кез-келгенінің өзіндік ерекшелігі мен терең мәні бар. Солардың бірегейі асық ойындары.
Кежегесі кері кеткен кеңестік кезеңнен қалған «асық ойнаған азар», деген жұғымсыздау сөз – біздің ұлттық ойынымыздың тамырына шабылған балта тәріздес. Соның кесірінен шығар асық ойындарының спорт түріне жатпайтындығы. Бірақ асық ойындары біздің бабаларымыздан қалған ұлттық құндылық.
Ертеде Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан даланы басқыншы жаудан сақтаған бабаларымыз кезекті жорыққа аттанар алдында соғыс тактикасын, стратегиясын тақта тастың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндіретін болған екен. Баршамыздың балалық шағымыз асықсыз өтпеді. Естеріңізде болар, сонда кейбір балалар жерде тізіліп тұрған асықты көздемей-ақ атып түсіріп алатын еді. Міне, ертедегі қазақ халқы балаларын асық ойынына осы бойындағы «қол мергендігі» қалыптассын деп ойнатқан. Себебі, дала заңы бойынша атқа отырған қазақ аламаны шауып келе жатып жауына оғын дәл тигізе білуі тиіс болған. Ал мұндай машығы жоқ жауынгер ат үстінде қозғалып отырып көздеу мүмкін емес. Мүлт кетеді. Халық аузында айтылатын «құралайды көзге атқан» мергендер де осы асық ойыны арқылы өзінің бойындағы қасиетін бала кезінен шыңдағандар.
Соңғы кездері «ауыл ойыны» аталып кеткен асық ату ауылды жерлердің өзінде ойналмайтын болып жүр. Себебін әркім өзінше түсіндіреді. Мүмкін сананы тұрмыс билеген нарықтық заманда баланы ойыннан ажыратып алған болармыз. Түске дейін сабақта болған баланы түстен кейін үй шаруасына жегіп, өмірге ерте араластырып алдық-ау деген де ой келеді. Өйткені ойын жасындағы бала ойнауға тиісті. Өйткені ойын – бала психологиясына тікелей әсер етуші фактор. Баланың көпшіл, кез-келген нәрсеге икемді, қабілетті болып өсуі – осы мағынасы мол ұлттық ойындардың өзегінде жатыр. Асық ойыны да баланың бойына тек жақсы қасиеттер сіңіріп, оны қарсыласынан үнемі басым тұруға икемдейді. Бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады.
Асық – ұлттық өнеріміз. Ұлттық өнеріміздің өрісінің тарылып бара жатқан себептерінің бірден бір салдары – асық ойындары балалар арасында кеңінен насихатталмайды, оларға асық ойнаудың әдіс-тәсілдері, амалдары үйретілмейді. Бізге де ешкім үйретпеген. Өзіміздің қарабайыр ережелерімізбен ойнағанбыз. Және де екі-үш түрін ғана. Мысалы, асық ату, ханталапай және біріге ойнау. Ал қалған он, он бес түрі ұмыт қалған.
Қолда бар құндылығымызды сақтап қалу үшін бала тәрбиесіндегі маңызы зор асық ойындарын мектептердегі сабақ кестесіне кіргізуіміз керек. Дене шынықтыру сабақтарында мұғалім оқушыларға (әрине төменгі сыныптың) асық ойынының мәні мен мағынасын ашып түсіндіріп, олардың бойындағы осы ойынға деген қызығушылығын оята білуі тиіс. Осы саланың басы-қасында жүрген ғалымдарымыз мектептегі ұстаздарға арнап ғылыми-әдістемелік кітаптар жазып, жұмылған жұдырықтай ұрпақ танымы жолында еңбек етуге мүдделіміз. Себебі, қазақ асықтан айырылса – қасиетінен айырылады. Тіпті ауданымызда «асық чемпионатын» ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттасақ бұл ойынға деген көзқарас түбегейлі өзгерер еді.
Біраз жылдар бұрын «Қазақстан» ұлттық телеарнасында жарнама көрсетілімі кезінде асықтарды байқап қалушы едік. Қатарынан тұрған қызылды-жасылды асықтарды, түйіліп келіп тізілген асықтарды жан-жаққа ұшырып жіберетін құлжаның сақасын көргенде бойымыздағы бұйығы жатқан қазақы қан бүлкілдеп кететін. Бұдан байқайтынымыз БАҚ-та, әсіресе телеарналарда асық ойындарын жарнамалау – бұл осы ойындарымыздың ауылды жерлердегі «дамытушы» күшіне жаңаша серпін береді. Құмарлығын арттырады. Сөйтіп кеуіп бара жатқан тамырымызға қайта қан жүргітуге болады.
Расыменен-ақ осы ойынның көз алдымызда құрбандыққа айналуына көнбесек, онда асық иісін сезбейтін қала баласына арнап компьютерлік ойындар ойлап табуымыз шарт. Балаларды атуға, өлтіруге бағыттайтын батыстық үлгіге қарсы антибатыстық келбеттегі адамды ізгілікті іс істеуге ұмтылдыратын ұлттық ойын ретінде.
Тамшы қаны тамырында тулаған көкбөрінің ұрпақтары атадан қалған мирастарын ұлықтамайынша өзге істерінің асықтары алшысынан түспесі және анық.
Құттыбай НАЗАР