Жұма, 5 Маусым, 2026
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Ақпарат ағыны

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

20 Мамыр, 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
0
БӨЛІСУ
2
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

Мемлекет басшысы Кения Президентінің елімізге жасаған алғашқы тарихи сапары қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенім білдірді.

– Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл – Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар бірқатар маңызды мәселе бойынша мазмұнды келіссөз жүргізген.

– Әсіресе, сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге назар аудардық. Көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, өнеркәсіп және басқа да салада бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаластық. Елдеріміздің арасында тұрақты түрде тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі туралы да пікір алмастық. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, бидайды және өзге де тауарларды Африка нарығына жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шай және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық. Сауда-экономикалық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру қажет екенін айттық. Қазақстан-Кения Іскерлік кеңесін құру туралы бастама көтердік. Бұл кеңес нақты жобаларды ілгерілетуге, өзара алыс-берісті арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытып отырғанын айтты.

– Сапар аясында Президент Руто мырза AlemАI халықаралық жасанды интеллект орталығының және Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады. Келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы байланыстарға да көңіл бөлдік. Кения табиғатты қорғау және биоалуандықты сақтау мәселесіне айрықша мән береді. Бұл ұстаным біздің еліміздегі «Таза Қазақстан» идеологиясымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ бүгін елордамызда Қазақстан-Кения бизнес-форумы өтіп жатыр. Осы маңызды жиынға екі елдің іскер азаматтары қатысуда. Бұл іс-шара қос тараптың алыс-берісін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Біз үкіметтерімізге жан-жақты серіктестікті жандандыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер келіссөз барысында халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Африка құрлығындағы және Таяу Шығыстағы ахуалды талқыладық. Найроби аймақтық қақтығыстарды реттеуді көздейтін бітімгерлік бастамаларға белсенді қолдау көрсетуде. Сондай-ақ Кения Африкадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты Қазақстан мен Кенияның ұстанымдары – ұқсас. Екі ел де халықаралық мәселелерді тек бейбіт, дипломатиялық жолмен, яғни, келіссөздер арқылы шешу керек деп есептейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды күшейтуге келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер нәтижелі әрі мазмұнды болды деуге толық негіз бар. Біз Қазақстан мен Кения арасындағы байланысты нығайтуға, өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге және түрлі саладағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кения Президенті Мемлекет басшысымен көптеген саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сындарлы және нәтижелі келіссөз жүргізгеніне назар аударды.

– Біз екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жай-күйін қарастырып, сауда, инвестиция, инновация және өңірлік өзара ықпалдастық бағыттарындағы нақты шараларды іске асыру жайында уағдаластық. Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық, – деді Уильям Руто.

Алдыңғы мақала

Мемлекет басшысы Кения Президенті Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Алтын Орданың тарихи рөлін жаңаша пайымдау: ғалымдар Астанада Қарар қабылдады

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

Ас беру мәдениеті жайлы не білеміз?

6 Наурыз, 2023
3.9k
Халық өз таңдауын жасауға қол жеткізді

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

10 Наурыз, 2023
1.5k
Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
949
Бала деген бір бақыт

Бала деген бір бақыт

22 Қазан, 2022
806
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
803
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
785
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
662
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
640
Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

Халықаралық GDA компаниясы 100 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті

23 Сәуір, 2024
552

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2026 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.