Ауылдың жағдайы – елдің жағдайы. Өйткені ауыл тек ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін мекен емес, ол – ұлттық дәстүрдің, еңбек мәдениетінің, елдік құндылықтардың қайнар көзі. Сондықтан ауылды дамыту мәселесі қай кезеңде де мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін технологиялық тұрғыдан жаңғыртып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, су үнемдеу технологияларын енгізуді және заманауи техниканың отандық өндірісін дамытуды маңызды міндет ретінде белгіледі. Бұл – ауыл экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған қадамдар.
Әсіресе су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінің маңызы зор. Қазақстан үшін су тапшылығы ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер ететін факторға айналып отыр. Сондықтан суару жүйелерін жетілдіру, суды үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану – бүгінгі күннің талабы.
Жолдауда ауыл өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу жүйесін дамытуға да басымдық берілген. Шаруаның өсірген өнімін делдалсыз өткізіп, лайықты табыс табуына мүмкіндік жасау қажет. Өйткені ауылдағы еңбек экономикалық тұрғыдан тиімді болғанда ғана жастардың туған жерінде қалуға деген ынтасы артады.
Дегенмен ауылдың дамуын тек егін мен мал шаруашылығының көрсеткіштерімен өлшеуге болмайды. Ауыл тұрғынына ең алдымен сапалы жол, таза ауызсу, тұрақты электр қуаты, газ, қолжетімді медициналық қызмет пен жақсы мектеп қажет. Сонымен қатар ауылда жұмыс орындары ашылып, шағын кәсіпкерлікке жол ашылуы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда айтылған «Халықтық құрылыс» бастамасының да маңызы ерекше. 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынысы өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартуға жаңа мүмкіндік береді. Мұндай жобалар шалғай елді мекендердің де әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуі керек.
Ауылдың болашағы – ондағы адамға жасалған жағдайға байланысты. Жас маман ауылға барып жұмыс істесе, баспанамен қамтамасыз етіліп, еңбегіне лайықты жалақы алса, баласы сапалы білім алып, отбасы медициналық қызметке қол жеткізсе, ауылдың да еңсесі көтеріледі.
Сондықтан ауылды дамыту – бір ғана саланың міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жолдауда белгіленген міндеттер нақты іске асып, бөлінген қаражат халықтың игілігіне жұмсалса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түсетіні сөзсіз.
Ауыл өркендесе, елдің де еңсесі биіктейді. Өйткені ауыл – өткеннің аманаты ғана емес, болашақтың да берік тірегі.
Батырбек ҚАДЫРБАЕВ,
Көктал ауылдық округінің әкімі.
Панфилов ауданы.










